Амангелді Құсайынов: Жеңіл тулақ желге ұшар

Амангелді Құсайынов: Жеңіл тулақ желге ұшар

Амангелді Құсайынов: Жеңіл тулақ желге ұшар
ашық дереккөзі

Еуразия гуманитарлық институтының ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Құсайыновпен сұхбатымыз бүгінгі қоғам өмірінің өзекті тақырыптарына арналды. Белгілі ғалым отандық ғылымның түйткілді мәселелерін ортаға салып, білім саласының дамуын кері кетіретін құбылыстарға тоқталды. 

– Әбеке, міне бір жылдан асты, «билік трансформациясы» деп жатырмыз. Бұл – саяси құбылыс. Ал тек білім саласында ескі мен жаңаның арасында трансформация болды ма? – Ақыл айтқыш, шен таққыш заман мен қо­ғам­да өмір сүріп жатырмыз. Қалайда жақсылыққа қарай өзгерістің болғаны, дүниенің жаңарғаны дұ­рыс. Рас, қарапайым адамның ойы мен сөзі бас­шылардың айтқанымен сәйкеспей жатса, бұ­ған да халық даналығымен, тарих тәжірибесімен қарауға болады. Әлем мен елді жайлаған дерт һәм төтенше жағ­дай барымызды бардай, жоғымызды жоқтай етіп, қолымыздан ештеңе келмейтініне көзімізді жеткізді. Мойныңда қосақ, артыңда тіреу тұрған кезде, оқалақ тиген танадай тыраштанудан аулақ болған жөн шығар. Аты  бал, ісі сал дүниелер көп. Тума­ған балаға кіндік ата болу маған орынсыз болар. Өз басым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ха­лықаралық беделді тұлға, кә­сіби мәмілегер санай­мын. Сондықтан билік трансформациясы бір бас­шының ғана қолында тұр­ған жоқ, оған қоғам да, қо­ғам институттары да жауапты. Білімдегі ескі мен жаңаның үйлесімі, жал­ғастығы, сабақтастығы жұрттың бәрін ой­ландырады. Сірә, бұрынғының көп жақ­сысын, сыннан өткен тәжірибені құрдымға жіберіп алдық. Жаңаны сіңіріп болмадық. Осы сұраққа орай есіме I Петрдің 1708 жы­лы 9 желтоқсандағы бір жарлығы түсіп отыр. Онда: «Подчиненные перед лицом на­чальствующим должен иметь вид лихой и придурковатый, дабы разумением своим не смущать начальства» деп көрсетіліпті. Осы жарлық бүгінгі өміріміздің мазмұнына ұштасып, «құлан – қырда, құндыз суда­ғы­ның» керіндей жатқан сияқты. – Ең әуелі ұстазсыз. Шулап жүріп «Педагог мәртебесі» туралы заңды қа­был­дадық. Осыған көңіліңіз тола ма? XXI ғасырда қазақ ұстазына не нәрсе пай­далы, не нәрсе зиянды? – Бір ақынның «Білім берген мұғалім – өмірдегі зор ғалым» деген өлең жолдары жадымда жаңғырып отыр. Оқусыз білімнің, бі­лімсіз күніңнің жоғы – аксиома. Хан да, қа­ра да бас иіп тағзым еткен мамандық – ұстаз­дық. Біз – мұғалімді көргенде бас киі­мімізді алып, иіліп сәлем беретін ұрпақтың өкі­ліміз. Ұстаз – ұлы тұлға, ұстазды атаңдай сыйлау – қалыптасқан дағдымыз. Сол сүйегі де, рухы да асыл мұғалімдеріміз «екпей егін шықпас, үйренбей білім жұқпас» дегенді жастайымыздан санамызға сіңірді. Қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң жаман емес. Тек оны аяғына дейін орын­дауға құлқымыз жетсе. Әйтеуір дәме көпте дәрменсіз болып қалмасақ. Бүгінгі мұғалімдер қуды мініп, құланды құрықтаған әкімдердің ашса алақанында, жұмса жұдырығында, таптаса табанының астында екені барша жұртқа мәлім. Ертең сол әкім-қаралар осы заңның әр тармағын өз бетінше талқылап, «жергілікті өзгерістер мен толықтырулар» енгізбесе деңіз. Шеткері ауыл-аймақта сол әкім өзгерісі заңнан да басым болып кетпесіне кім кепіл?.. Бұған осы заңға дейін жарық көрген талай заң­дар­дың тағдыры куә. Гәптің бәрі осында. «Суыған күл от болмас» деуші еді бұрын­ғылар. Қазіргі мұғалімдердің қабағы мен пейілі біраз нәрсені аңғартқандай. Жаңа ғасыр ұстазына пайдалы нәрсе – бі­лімділік пен ізденіс. Бүгінгі ізденіс тех­но­логияға байланысты екені түсінікті. Екінші керекті қасиет – етінің тірі болуы дер едім. Ол­пы-солпы, ұйқылы-ояу мұғалім – бала­ның «Ералашы» ғана. Зиянды қасиет те осы­дан туындайды. Қазір өтірікші, суайт, білімсіз, парақор жандардың мектепке кіріп алғаны қайран қалдырады. Әсіресе, мектеп директорлары корпусында білім саласына мүлдем жолатуға болмайтын адамдар жүр. Осыны халық пен билік бақыламағанда кім бақылайды? – Кәсіби тарихшысыз. Қазіргі тарих ғы­­лымы қалай даму керек? Кешегі совет ке­зіндегі Т.Рысқұлов, С.Сейфуллин, С.Мең­де­шев т.б. қоғам қайраткерлерін қаралау­шылар көбейді. 90-жылдар бол­са жарайды, арада 30 жыл өтті, ашар­шылықты, басқа да қыр­ғынды кімнен көрерін білмей жүрген­дер әлі бар. Пі­кіріңіз. – Қазір тарих саласына қалам тартпайтын адам жоқтың қасы. Бүгінде тарих береке­сі қашқан ғылым саласына айналды десем қателеспеспін. Өтірік пен қолдан жа­­­салған аңыздарды езіп, тарихты сылдыр су­ға айналдырдық. Аттының атын, жаяудың таяғын еш шімірікпестен тартып алып, «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» деп тарихты аяқасты еткеніміз, ластағанымыз рас қой. Қызды-қыздымен бір білгіштер қы­тайдың Ли Бай деген ақынын қазақтың Елу­байы етіп, атасы Найман Ақтамберді жы­рауды Ошақты сойына теліп жібергені – азаттық жылдардың ақиқаты ғой. Айта берсек, ондай фактілер көп. Қазір Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерін шын дерекпен дәлелдеп, нақтылап қоя алатын кәсіби тарихшы аз. Шынайы тарихты жазу мен зерделеу келесі ұрпақтың еншісінде. «Біз арда тұлғаларымызды дұрыс қа­дір­леп, бағалай алдық па?» деген сұрақ кімді болса да толғандырса керек. Кезінде бәрін ақ­тап, басымызға көтердік. Өз қоты­ры­мызды өзіміз қасуға мүмкіндік алған кезде біра­зын қаралауға қайта білек сыбана кіріс­тік. Иә, өтірік емес, ол үрдіс күннен-күнге кең қанат жайып келеді. – Сол сыншылар Т.Рысқұловтың да, С.Сей­фуллиннің де, басқа да тұлғалардың ел үшін, ұлт үшін, азаттық үшін атқарған іс­тері­нің жүзден де бірін істеген жоқ. Алла Та­ғала ол қайраткерлерді сол шақта бір-бірі­не тетелес етіп дүниеге әкелді. Бір ке­зеңде өмір сүріп, қазақ елі үшін, Алаш жұр­ты үшін бет жыртысқандары шындық. Олар­дың бар арманы қазақ елінің азат­тығын, әлеуметтік баяндылығын қа­лып­тастыру еді. Сол ұмытылыс кезінде оған жету­дің түрлі жолын өз білік-парасатына сай ұсынды. Енді оларды осы үшін айып­тауға бола ма? – Өкінішке қарай, арыстарымызды бір-бі­ріне қарсы қойып, кінәлау қанымызға сіңген әдетке айналып барады. Тасқа тары, мұзға бидай еккендердің саны күннен-күнге өскені ойлантады. Қылдан қиқым іздеп, Меккеден тас көтеріп келгендей, түй­медей сөзден түйедей мін тауып жанталасып жатқаны да көз алдымызда. Қазақ «Айт­саң тілің күйеді, айтпасаң дінің күйеді» деп бекер толғанбаған-ау. Күрделі уақыттың қай­­раткерлерін сынау үшін өзіңді солардың орнына қойып, тайталасқан ортаның мүд­десін еңсеріп, тар кезеңнің пендесі болуың керек. Арыс азаматтарды сынау үшін ең кем де­генде сенің ойың мен бойың соларға же­теқабыл тұру керек дер едім. Олардан бір қа­рыс төмен тұрып, қазанға қақпақ, есікке іргенек болуға тырмысу – ұятсыздық әрі жетесіздік. Зиялы қайраткерлерімізді бір-біріне қар­сы қойып, қаралағаннан онсыз да қы­рық пышақ болып, қырық руға бөлуге даяр тұрған бейдауа көңілдің абыройы артпайды. Шетінен тағалы ат тайғандай, бір жерде білгір, бір жерде міңгір тарихшысымақтарға «асыра айтсаңдар да, асыға айтпаңдар» дер едім. Сыншысымақтардың бетіне тура қарап: «Көлге барып к... жуып, көбігімен бет жууды до­ғарыңдар!» деу елдіктің ұстанымы деп бі­лемін. Ел үшін, жер үшін, әділет үшін құр­бан болған қайраткерлер рухы алдында бас иіп, тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың әрі борышы, әрі парызы. – Ғалымдардың ішінде спортқа ең жақын адамдардың бірісіз. Бұл жағы­нан жоғары дәрежеңіз де бар. Ұлт өнері мен бұқаралық спортты дамыту шаралары көңіліңізден шыға ма? – Бұқаралық спорт пен кәсіби спорттың айырмашылығы айтпай-ақ түсінікті. Бүгінгі таңда бұқаралық спорт жоққа тән. Бұрын кез келген спорт секциясына жазылып, жаттығуға мүмкіндік болатын. Қазір ондай жағдай көзден бұлбұл ұшқан, бәріне ақша төлеуге тиіссің. Ал оны қарапайым жұрттың қалтасы көтермейтіні баршаға аян. Ұлттық құрама командаға енгізілген спортшылардың барлығы қазір біз айтып отырған әуесқойлар емес, кәсіби спортшылар. Бүркемелеудің қажеті жоқ, құрама командаға енгендердің әжептәуір жалақысы бар, жеңіске жетсе тиісті сыйлық та алады. Дерексіз сөз – нанымсыз. Бүгінгі таңда Қа­зақстанда бокстан басқа мақтан тұтар­лық спорт түрі жоқтың қасы. Басқа құра­маларға шет елдің қалған-құтқандарын жи­нап, апыл-ғұпыл 3-4 айдың ішінде Қа­зақстан азаматтығын беріп, үлкен жа­рыстарға қатыстырып жүргеніміз өтірік пе? «Арлану – ақылдының ісі» дегендей, жа­ға­мыз жайлауда, төсіміз қыстауда жүр­генде ко­мандалық спорт түрлерінен басқа елдерден көш кейін қалып қойдық. Мұны мойын­дамауымызға амалымыз жоқ. Командалық спорт түрлеріндегі құрамаларда қара көз­дердің саны саусақпен санарлық. Түсінген адамға ұлттық құрама атына заты сай болу­ға тиісті деп ойлаймын. Командалық спорт түрлеріне жетекші болып қардан кебіс киіп, мұздан құрсау салған қаракөз жетекшілер келмей, алға жылжи алмаймыз. – Жоғары мектеп – сіздің тағды­ры­ңыз бен тарихыңыз. «КазГУ, КазПИ, По­­литех, СХИ, Зоовет, ЖенПИ, АСИ, Кар­­ГУ т.б.» десе, елең етуші едік. Бүгінгі жағ­­дайға бір сәт ха­лық көзімен қа­райық­­шы. «Мен мықтымын деп» кеуде қақ­қан, тіпті жарнамасымен елді алда­ған қаптаған «университеттер». Маман­дық, маман сапасын кім ойлауы керек? – Қазақта «қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» деген қанатты сөз бар. Барды көздеуге, жоқты іздеуге әдеттенген біз қолдағы барымызды таңның атысы, күннің батысына дейін ауыз жаппай жамандаудан жалыққан жоқпыз. «Бізде білім саласында бәрі жаман, жоғары оқу орнын бітірген түлектер түкке тұрғысыз, тек жұмыссыздар санын көбейтіп жатыр» деуден шаршағамыз жоқ. Қазір – бәйтеректің өз көлеңкесін өзі күндеген заман. Қолдан жасалған көрсет­кіштерге сүйеніп, оқу орындарының дәре­жесін анықтау басты қағидаға айналды. Грантпен бітіріп жұмыс таба алмай жүрген­дер қаншама. Елде өндіріс орындары болмаса, олар қайда барады? Ал өз қаражатына оқып білім алғандардың жұмысқа орналасуын «өлшемге енгізу» қаншалықты орынды? Үкіметтен қаржы-көмек алмай, ата-анасының ақшасымен оқу бітіргендер қай­да, қашан, қандай жұмысқа орналасамын десе, өз еркі болуы тиіс. «Қысыр сөзде қырсық көп», олардың жұмысқа орналасу процентін грантқа оқығандармен қатар қойып есептеу миға қонымсыз. Осы жүйе­мен жоғары оқу орындары дәрежесін анық­тау қазір басты рөлде. Екінші, жуырда интернет бетінде «Қа­зақстанның 10 университеті дүниежү­зін­дегі ілгері оқу орындар қатарына кірді» деп жар сал­дық. Сол үздік он университеттің түлектері жа­ман маман қатарына кіруге тиісті ме? Ен­деше үздік университеттердің қай бітіру­ші­сі бірден басқа елге барып, елеулі қыз­мет­ке орналасыпты?.. «Әділ сөздің тілі жоқ» дегендей, бәрі – бос сөз. Өз жұртын танымаған жан кісі елі­­не би бола алмайды. Жат жердің қаршы­ғасынан өз жеріңнің қарғасы артық. Екі сөйлеп, ер атану – кімге де болса сын. Біреу білер, біреу білмес, біздің білім рей­­тингімізді реттейтін шетелдік орындар, өзге жұрттың жекеменшік журналдары, жекеменшік компаниялар. Елді және ертеңді ойласақ, «құп тақсыр» деп қаншама қара­жатты босқа шашып жүргенімізге күйі­нер едік. Қайсыбір университеттер мол қара­жат шығарып, рейтингке қалай ілініп жүргенін біз өте жақсы білеміз. Әлемдік құр дабыраға ерген мұндай ұстанымды тыятын мем­­лекеттік қатаң құрылымдар жұмыс іс­теуі керек. Білім саласы – консервативті сала. Бұл сала күнде реформа жасауды көтере алмайды. Өкінішке қарай, біз бір елдің балағына, екін­ші елдің етегіне жармасуымызды тоқ­тат­пай, ұлттық білім реформасын жасау мүм­кін емес екенін түсіне алмай жатырмыз. Маман мен мамандық сапасын ел, қоғам болып ойласуымыз керек. Жасандылық пен көзбояушылыққа бірлесіп қарсы тұруымыз қажет. «Елегізген адамға елес үйір» дегендей, енді өз ақылымызға жүгінсек, қор болмасымыз анық. – Сіз ВАК басқардыңыз. Ғылым са­ла­сына жауапты бірінші тұлға бол­дыңыз. Қазір «плагиат» дегенді шыбын шаққан құрлы көрмейтіндер көбейді. Себебі не? PhD-ді қалай сапаландырамыз? «Шетелдік рейтингтік журналдарда мақала жариялау» деген талаптың гу­манитария үшін қисынсызын айт­паған адам кемде-кем. Жалпы, «Қа­зақ­стан ғылымының өлшемі» дегенді өзі­міз жасай алмаймыз ба? Міндетті түрде ба­тысқа (оның өзінде жарым-жартылай) еліктеуіміз керек пе? –Плагиат – бүгін ғана туындап отырған мәселе емес, ғылым саласының өзекті де ауыр проблемасы. Қазақта «ханның сырын көп білгеннің қаны төгіледі» деген бір ескертпе қағида бар. Сондықтан «сақтықты сұңқардан үйрен» дегендей, мен ойнап сөйлесем де ойлап айтуға тырысайын. Мен ВАК-ты тура бес жыл басқардым. Пла­гиаттың неше түрін көрдім де, кездестірдім де. Сізге плагиаттың түр-тұрпатын баяндайын. Бір түрі мынандай. Ол кезде Ресейде қор­ғалған диссертацияны Қазақстанға әке­ліп, иі жұмсақ ғылыми-зерттеу инс­ти­туты­ның «цехынан өткізіп», әуелі оны бір топ қа­зақшаға аударып, екінші топ орысшаға қай­та тәржімелеп, қорғауға қолтықтап шы­ғару қанат жайған еді. Мазмұны бір, бірақ сөзі басқа. Дариядағы балықтай ұстатпауға тырысатын. Екінші түрі – сол көрші елден қомақты диссертация алдыртып, еш шімірікпестен бір­неше адамға бөліп-бөліп беріп, қорғат­қызу. Осындайға жол берген атынан ат үркетін академик ағаларымыздың атын атап, түстемей-ақ қояйын. Айтқаным өтірік бол­масын, республикалық «Заң» газетіне «Кешегі мен ертеңгіні салыстырып жүр­ген­де, бүгінгімізден айырылып қал­майық» атты мақала жарияладым. Мұнда сондай «аса қадірлі» бір академиктің түсін түстеп, ол қорғатқан «даралардың» атын атап тұрып жаздым. Нәтижесі – нөл. Соңында өзім қу­ғынға түстім... Үшінші түрі – «Қазақстанның Халық эко­логиялық академиясы» жанындағы «Жо­ғары аттестациялық комиссия» атты жекеменшік мекеменің былықтары. Бұл «ВАК» өз бетімен диссертация қорғатып, көзді жұ­мып бекітіп отырған. 200-ден астам адам осы мекемеден ғылым кандидаты, ғылым док­торы атағын алған. Ең өкініштісі, осы дис­сертациялық кеңес құрамында әлгі ака­демиктердің жүргені. Олар беті шімірікпес­тен қол көтеріп, заңсыз қорғауға мүмкіндік туғызған. Бұл «ВАК-тың» жұмысын Жоғарғы Соттың шешімімен әрең дегенде тоқтаттық. Төртінші түрі – Қазақстанда қорғаған кан­дидаттық диссертациясының кіріспе мен қорытындысына біраз өзгеріс енгізіп, Ресейге барып сол жұмысымен докторлық диссертация қорғап, бізге нострификацияға әкелгендер. Хан тағында, би шағында отырғанда тілімен шілдеде мұз қатырған ірі бір шенеу­ніктің ұрлығы ашылып, әшкереленген кезде өзінің қарамағындағы мамандарына «бас­қаның еңбегін көшіру тек қана 29 беттен асса ғана плагиаттық саналады» деп қоры­тын­ды жасатып, күні бүгінге дейін ғылым док­торы болып жүргені баршаға мәлім. «Ішіп тоймаған – жалап тоймайтынның куәсі» екенін мойындауға тиістіміз. Бүгінгі таңда асқан-тасқандарға аспан да аласа бо­лып тұр. Жемқорлық тоқтамай, пла­гиат­тық тоқтамайды. Оған бас ауыртуды, ұяты­мыз­ға қарай, кейінгі ұрпақтың мойнына ар­тып отырмыз. PhD-ға келсек, бұрынғы одақ ішінде біз ғана осы жүйеге асығыс өтіп кеттік. Оның ғылыми өлшемін ғалымдардың өзімен ақылдасқан министрлік, комитет болды ма? Ғылыми дәреже-деңгей ғылымға емес, тек белгілі бір орынға ғана керек секілді. Аса өзекті, таласты мәселе – шетелдік рейтингтік журналдарда мақала жариялау. Гуманитарлық ғылымдар, атап айтқанда, қа­зақ тіл білімі мен әдебиеттануы, Қазақ­стан тарихы, философиясы қазақтан басқа ешкімге де керегі жоқ. Әрине, әлемге керек кезең туады деп сенеміз. Осы саладағы бүгінгі құр сандалыс, бос­қа тер төгу – «төреге ерген ер тоқымын ар­қалардың» кері. Мысалы, докторант мемлекет қаржысына 3 жыл оқиды, бірақ шет­ел­дік бір мақала жарияламағаны үшін қор­ғауға шыға алмайды. Сол шетте шығара ал­маған мақаласын өзімізде жарияласа, ғы­лыми жұмысының бәсі кеміп қала ма? Сон­дай-ақ отандық монографияның сал­ма­ғы неге шетелдік мақаладан төмен? Ға­лым адамды осылай ынталандыруға бола ма? Иә, кейде қазанда тек қана шеміршек қал­ғандай әсер қалдырады. «Көрмегенге кө­сеу таң» деген, ғылымды осылай дамытамыз деу жай әурешілік қой. Ресейде, Беларусьте, көрші Қырғыз Рес­пуб­ликасында мұндай сұраныс жоқ. «Жеңіл тулақ желге ұшар», біз нені болсын, байыппен қабылдауға тиіспіз. Құдайдың шындығы керек, Ресей ғылымы бізден көш ілгері екені баршаға аян. Ойлаңызшы, солар ұлттық мазмұны бар ғылымын біздей төмендетіп отыр ма? Қаңбақтан қашып, дөңбекке ұрын­ған қазақ гуманитарлық ғылымын сор маң­дайлы етіп отырған өзіміз. Күлін шашып, күмәнін ашып жатқан да тек қана біз­­біз. Қазақстан ғылымының өлшемін мәр­те­бесі әлі талқыда жүрген Ұлттық ғылым ака­­де­миясы, еліміздің ғылыми қауым­дас­тығы шешуі қажет. Ойлаңызшы, ұлттық ғылым парқын ғалым шешуі керек пе, ше­неу­нік шешуі керек пе?.. Көп жағдайда өзі­мізге обал жоқ! – Далада, айналада – XXI ғасыр. Ал біз­дің жауапты орындарымыз «мұғалім жет­пейді» деп дабыл қағады. Мұны шешу соншалықты қиын ба? – Білім күннен де жарық, өйткені ол – ырыстың тізгіні. Мектептерде ұстаздың же­тіс­пейтіні шындық. Өмір «ұстазы жақ­сы­ның ұстамы жақсы екенін» сәт сайын үйре­те­ді. «Тас жауса – тандайдан, мұз жауса – маң­дайдан» деп елеуреп жүріп ұстазды жер­мен-жексен етіп, жиіркенішті маман­дыққа айналдырдық. «Ертең-ақ бәрі түзеледі» деу ертерек шы­ғар, сондықтан наурызда шапқан бурадай болмай-ақ қояйық. Елімізді ұстазбен то­­­лыққанды қамтамасыз ету үшін әлі кем де­генде 10-15 жыл уақыт керек деп ойлаймын. Біз педагогикалық колледждер мен жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтардың қадірін арттыруға билік пен қоғам болып қатар жұмылуымыз қажет. Соңғы «Педагог мәртебесі туралы» заң осы­ған бағытталған. Заң дұрыс қой, ең бастысы шынайы ниет керек. – Сіз Кереку жерінде, Ертіс бойында дүниеге келдіңіз. Ауылыңыз орнында тұр ма, жоқ па, білмедік. Мысалы, жазушы Сафуан Шаймерден туған Сол­түс­тік Қазақстан ауылында қазір қалса, екі-үш үй қалған шығар. Бұл не жағдай? Аштық пен соғыс жылдарының өзінде тұр­ған ауыл жаңа заманда неге құры­ды? – Әркімнің туған жері, ауылы өзіне ыс­тық. Бір кезде 200 тұрғын үйі бар колхоз-мил­лионер «Үлгілі» ауылы қазір аты бар, за­ты жоқ мекенге айналғанына мен де қам жей­мін. Көсем де, шешен де елден шығады. Біз­дің ауыл – әйгілі біртуар ақын Иса Бай­зақовтың кіндік қаны тамған жер. Бүгінде бар-жоғы 15-20 үй ғана бар шағын ауыл кейпіне түскен. «Жеріне лайық ері туады» демекші, кезінде біздің мектептен 5 ғылым док­торы, 10-нан аса ғылым кандидаты, бір­неше спорт шеберлері өсіп шықты. Ауыл­дың айналасындағы жерлер жекеменшікті, кімдікі екенін адам біліп болмайды. Алда не болатыны бір Аллаға ғана аян. Кімге не айтасың? Жыл сайын ауылға барып, бала кезімде ойнаған, жүрген жерлерді бір айналып өтіп, зират басына барып, бұрынғы көз көрген туған-туыстарға, үзеңгілес дос­тарым­ның рухына тағзым етіп, қайта ораламын. Ауыл да, Қарасу да, бұрынғы жидекті терең сайлар да өзгерген. Уақыт тас екеш тасты да тоздыратыны рас екен. Бабаларымыз: «Қонған жердің қадірін көшкенде біле­сің» деп бекер айтпаған ғой. Ауылдың ыс­тық лебін еске алғанда, көңілің босап, құндылықтардың құдыретін сезесің. Көп жерде ауылдың тарқап, құлдырауы – терең әлеуметтік-экономикалық мәселе. Бірақ аграрлық ел ретінде ауылдан да, жергі­лікті елді мекендерден де безіп кете алмасы­мыз анық. Сондықтан түптің-түбі байыпты, баянды мемлекет боламыз десек, ауылға бет бұрмай көсегеміз көгермейді. Бүгінгі ұрпақ қала мен даланы тең да­мы­тудың мәнін түсініп, қамын жеу керек деп есептеймін.  

Сұхбаттасқан

 Д.МЫҚТЫБЕК