Ана тілдің Асылы

Ана тілдің Асылы

Ана тілдің Асылы
ашық дереккөзі
Өткенді ұмыту – опассыздыққа тән. Өйткені, өткен күнде белгі бар. Белгісіз өмір өткізген пенденің періштесі де жылайтын шығар. Ендеше аты затына сай, еңбегіне есімі егіз құп жарасқан, таңдайы тағылым сөзден таршылық көрмеген, жағында жаһұт сөздің жанар тауы бар – Асылы Осман. Маңдайы адамдық пен адалдықты, ана тілді ардақтаған, жақсы ниетпен жарқылдаған, бар тірлігін тіл бесігін тербетуге арнаған ақ шашты ару ана, батыр ана, асыл ананың өткен шағынан әңгіме бастасақ баянды болар. Дүниенің төрт бұрышынан бір мазасыздық сүркей-дүрбелең дүлдүлді үйірінен, бұлбұлды бұтағынан, құланды құлынынан, құралайды жылуынан, айырған айғайы аяқталмаған, қыршынды қиған, тыныштықты қуған, адамы тұрмақ аң құсы ауған қиыншылық қинауы қылыштың жүзі, мылтықтың дүмі, бомбының білтесінде тұрған ауыр кезеңдер өтті. Азабы батпан, өкініші өрттей басылмаған қырқыншы жылдардың еншісінде жылы күнде ұясынан ұзап, айдыннан үріккен бейкүнә бейбақтарды бағытсыз ұшырған ақ тұманды адасқақ құс тірліктің тіркесінде қос аққу ақ қанаты әлі жетілмеген балапандарын қанат қолтығына басып, ендігі ұйықтар ұясына дамылдады.  Даласы мамырлар айдыны қайдан екені жұмбақ үміттен үрей басым болып, отан мен отбасы емес өз бастары садақа сапарында келеді. Іштей айтылған дұға-тілектері қабыл болды ма, қайдам не ата-бабасынан, қаннан-геннен  жалғасқан ақ ниеттің керемет рух-күші қорғады ма, бұлыңғыр тұмандағы бұйдасыз керуеннің бір тіреуі ендігі тірлігін көне түркілердің арғы күнбилердің кезіндегі Аттиланың арғымағы аунаған дархан қазақ даласына жартылай керегелерін жаяды. Қорадағы малына дастарқандағы дәнінде, қолындағы бәрінде қонағынан аямайтын ауыл тұрғындары жандары жасып, жатырқай жаутаңдап тұрған туысқан ұлттарды шын жүректерімен жақын тартты. Табақтап ет тарта алмаса да, бір уыс тарысын, ақ дәмін адал көңілмен берді. Сырттан келдің деп сынамады, қорғады, сыйлады. Осы құдай қонақтардың ішінде Осыман әулеті ары таза, антына берік, Әли шаңырағы бар болатын. Түлкі құрсақ тұрмыс кешіріп жатса да, халықтың ашық қабағына риза болған жаңа келген көш ел пиғылын сезді. Ертеңгі болашақтарынан түңілмеді. Өмірге жаңа арман, сенім, талаппен қарады. Әлиқызы Асыл Осыманның туған өлкесі аталған Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Жаңаталап  ауылы еді. Әттең, тағдыр-ай! Ақ сәбилерді ана мейірінен, неге тым ертерек қызғанды екенсің. Әлде алты сәбиді анасынан айырып, балалардың әкесі Әлиді сыңар аққудай сұңқылдатып, жалғыз қалдырып, сынайын дедің бе? Ақ некелі жарының төсегін кірлетпеген, кіршіксіз сәбилерінің ендігі қадамына қаяу салғысы келмеген қайсар әке басына орамал байламаса да, түзде қайсар әке ал үйде опалы ана бола білді. Қара торғайларын ыстық бауырына, құдырет құшағына басты. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жетім едің дегізбей, арам ас жегізбеді. Етек-жеңдерін кірлетпей жетектеп апарып, мектеп құшағындағы ардақты ұстаздарына аманаттады. Білім арқылы бақтары ашылса деген әке үміті айлар аунап, жылжыған сайын үкілене түсті. Сол ұрпақтарының үлгісі ретінде Асыл анамыз қызғалдақ-қырмызы, балғын шағынан әке көзінен бір көркем үмітті көретін. Әуелі сол жалғыз жарылқаушы әкесін қуанту үшін оқуын құныға-беріле іздене Жаңаталап ауылының суынан ба, әлде нуынан ба, ауасынан ба? дархан даласынан ба, талаптың тайына қамшы басты. Болашақ бағын қыраттан емес, күміс қанат қыран самғаған құзбасынан, шың басынан байқады. Алматы құшағында құлпыра-қуана жүріп білім алды. Ауылдағы көрші қариялардың, дуалы ауызды ақсақалдардың батасы дарыды ма, үкілі қыз өз құрбысының алды болды. Алатауға қараған сайын марқұм анасының бұлдыр елесі бұлт үстінен бас бармағын көрсеткендей, риза болғандай әсер ететін. Күміс қары күнге шағылысқан, Алатаудың асқарынан әке үмітін, әке талабын, арманын аңғаратын. Сол себепті де жұпар иісті әтірге қарағанда ақыл кітабын алуға асығатын. Би кештеріне барудан бұрын Әуезовтың таңғажайып талантымен танысуға, Абай арқылы әлемдік ұлттың ұжданын сүюге ұмтылатын. Біліп, оқып, білімі тереңдеген сайын тұншықтырмайтын ғажайып қасиетті теңізге бойлай түсті. Білімді бойжеткен бақыт баспалдағын ұстаздықтан бастады. Асылы өз талғамына салса ғылым-техника, өндіріс күшке үлес қосқан агроном және басқа мамандыққа ат басын бұрар еді. Әке өтінішіне, «иә» деп жауап берген ибалы қыз адам жанының арлы кәсібі ағартушылық білім беруден, ұрпақ тәрбиелеуден тартынбады. Сол шақтарда да қоғамдық ойлар, заман, отан келешегі, ұлттар тағдыры сияқты ұзатылар қызың іштегі арманындай, көз-жасындай мөлтек-мөлтек ойлар зиялы арудың жүрегін сыздататын. Көп ұлтты ортада шежіреші-шертпе күй, төзімділігі төкпе күй ғажап тағдырлы, ғажап мінезді табиғатпен тамыры бірге соққан сорын бақытының астына жасыратын жауынгер қайсар, опалы қазақ халқына ғашық болған. Қаракөз қазақ тілін тірлігінде өз ана тілі ретінде қабылдаған. Әке мен ауыл тәрбиесі айтқызбай-ақ ұштасып, үндесіп ұжданына қанат бітірді. Кейін келе жомарт жылдар Асыл арудан сыйы мен кәделі сыбағасын аямады. Еңбегімен ел ісіне араласты. Май орнына мақал мен мәтел жеген қазақтай шешен, шежіре ұлттың ана тілі туралы арпалысты. Ана тілдің айдынын біреулер ылайлағысы келгенде қарабауыр қасқалдақтай, қызғыштай қорғады. Сөздік қордың қара орманына өрт қойғанда қарлығаш жүрек қанатымен су сеуіп сөндірді. Бар зейінін қазақ ұлтының тілін зерттеуге жұмсады. Қазақ ана тілімен бірге тыныстап, бірге самғады. Отбасынан отанға бақыт тіледі. Көп ұлтты елдің берекесінің, тұтастығының тірі аңызына айналды. Қарлығаш жүректі қызының қадірін білген қазақ халықы «Асылым» деп жүрегімен сүйді. Асыл қызы қазағының ана тілін жүрегінде тербетті. Мықындылар көп жиылған мінберлерде аналық тілегімен Әлия мен Мәншүк тіріліп келгендей, жетім баладай өгейлік көріп жаутаңдаған қазақ тілі, отан тілі үшін адал жүрекпен батыл пікірлер айтты. Ана тілдің қадірін білмейтін жандарды қазақ тіліне құрмет көрсетпейтін отандастарымыз болса осы құшағы құт, киелі жердің ақ пейіл елдің дәмінен қорықсын. «Қазақ жерінде өмір сүреді екенсің, қазақ тілінде сөйлеуге қақылысың, ол сенің азаматтық борышың», - деп талай мәжіліс-жиындарда ортаға салды. Бұқара халыққа ғана қатты айтып қалмастан, сегіз көзді шенділерге де және қой көзді саяси сахынадағы ұлты қазақ ал тілі сақау басшыларға да Асыл анамыз қызыл тілдің қаратамақ найзасын жанды жеріне қадады. Қазақтың ана тілі үшін қара шашын ағартқан, көптеген ғылыми еңбектердің авторы қазақ ғұмырында ғасырлар қазынасы қасиетті мұра он томдық қазақ сөздік қорын құрастыру алқасында қызмет атқарды. Білімін ортаға салып, көкірек сандығын ашты. Білгенін аямай, білегін сыбанып, адал қадаммен даңықты жұмыс атқарды. Сонымен қатар жүз жасына жарасатын жүзден астам ғылыми еңбектері есті халықпен қауышты. Қазақша, орысша, түрікше сөздіктерін кітап ретінде құрастырды. Ұлт пен ұлыстардың ұрпақтарына табылмас оқулықты өз қолымен тапсырып, тағы бір олқылықты толтырды. Қазақ тілінің синоним және омонимдік аса бай тіл екенін Әуезов шығармаларын ашып отырып, ғылыми түрде тағы бір дәлелдеп көрші түркі тілдес туыстар мен алыстағы ақ жағалы ағайындарды таңдандырып-тамсандырды. Тілдік жүйе сөздік қордың қорланбауына, ұлттық идеяның рухани жаңғырудың, Қазақстандағы ұлт пен ұлыстардың береке-ынтымағына жарқын үлгі жанашыр болған ұлы тұлға. Қазақ тілі үшін ерекше еңбек сіңірген Асыл апаның еңбегі ел іші ғана емес дүниежүзі қазақтары, алыстағы қандастарымызға есімі аңыз болып тарады. Әлемдік ақылды әйелдер қатарынан орын алған «Мемлекеттік тілге құрмет бірлестігінің  төрайымы», «Қазақстан халықтар ассамблеясының мүшесі», белгілі қоғам қайраткері, профессор, «Ғалым», мемлекеттік «Достық» және «Парасат» ордендерінің иесі, қазақ даласының сүйікті қызы отанымыздың опалы қайраткері ана тілдің асыл жанашыры, Әлиқызы Асылым Осыман анамызға ұлтын, отанын сүйген ұрпақтары атынан зор денсаулық, бақыт тілеймін!

 Ержанат БАЙҚАБАЙ, ақын