Министр ҰБТ кезіндегі былықтарды жайып салды

Министр ҰБТ кезіндегі былықтарды жайып салды

Министр ҰБТ кезіндегі былықтарды жайып салды
ашық дереккөзі
ҰБТ-ға қатысу ережелерін қатаңдату арқасында биыл тыйым салынған заттарды емтиханға алып кіретіндедің саны 70 есеге азайған. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.  Жаңа ереже бойынша биыл тыйым салынған заттармен ұсталғандар ғана емес, оны алып кіруге әрекет еткендер де емтиханға қатысу мүмкіндігінен айрылды.
"Бұрын металл іздегіш құралдар арқылы тексеру кезінде телефон табылса, оны алып қалатын едік, бірақ талапкер тестілеуге қатыса беретін. Мұндай ереже кезінде тәртіп бұзушылар саны еліміз бойынша 100-150 мыңнан асатын. Талапкер емтиханда телефонмен ұсталған күннің өзінде оны қолданып үлгергенін де дәлелдеу керек болған. Бұл жағдай ҰБТ-ны өткізу рәсіміне деген сенімсіздікке әкеп соқтырды", - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ҰБТ өткізу талаптарының қатаңдатылуы нәтижесінде орташа ұпай төмендеді, пайыздық мөлшерде шекті балл жинаған талапкерлердің саны едәуір азайды. Алайда бұл қадам тестілеудің әділ өтуі үшін жасалып отыр. Сондай-ақ, биыл  ҰБТ-ны өткізу ережелерін бұзғаны немесе жұмысты нашар ұйымдастырғаны үшін 20-дан астам комиссия мүшелері мен басшылары жазаланды.
"Күн сайын тест тапсыру пунктерінде комиссиялардың құрамын өзгертіп, міндетіне немқұрайлы қараған мамандарды ауыстыруға немесе жұмыстан шеттетуге тура келді. Оған қоса, бірнеше пункте жаппай заңбұзушылықтардың ашық және өрескел түрде орын алуына байланысты тестілеуді мүлдем тоқтатуға және басқа күндерге ауыстыруға мәжбүр болдық. Мұндай жағдай Шығыс Қазақстан мен Түркістан облыстарында кездесті. Дегенмен, қажетті тәртіпті қамтамасыз ете алдық", - дейді министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Білім және ғылым министрі 2021 жылы ҰБТ базасы толық жаңартылатынын мәлімдеген еді. Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, соңғы бірнеше жылда тестілеу сұрақтарының базасын жаңарту бойынша жұмыс жүргізілгендігіне қарамастан сұрақтардың басым бөлігі әлі де қажетсіз фактілерді жаттап, есте сақтауға бағытталған. Бұдан былай функционалдық сауаттылыққа мән берілмек. Ол үшін министрлік ҰБТ базасын SAT, PISA секілді тестердің үлгісі бойынша толық жаңарту мәселесін қолға алады.