20 Тамыз, 13:15 2376 0 Оқшантай Арайлым Бимендиева

Әйелге неге әлімжеттік жасай береді?

Әлемді жайлаған індет осыған дейін елеусіз болып келген біраз мәселенің бетін ашты. Карантин жағдайының күшеюімен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылық та өрши түсті. Пандемия әлем әйелдерінің үштен бір бөлігін тұрмыстық  зорлық-зомбылық құрбанына айналдырды.

Елімізде жыл басынан бері әйе­ліне озбырлық әрекет жасаған «батыр» отағасылар туралы жаға ұстарлық жаңалықтар ел ішін қор­қынышты елестей кезіп кетті. Тамыз айының басында Батыс Қа­зақстан облысында әйелі мен екі қызын өртеп жіберген Серік Ка­фи­зовты сот өмір бойы бас бостан­ды­ғы­нан айыру туралы шешім шы­ғар­ды. Өз әйелі мен қыздарын өртеу үшін адам қаншалықты қатыгез болу керек? Қылмыскердің психи­ка­лық ауытқуы да жоқ болып шық­т­ы. Сонда мұндай өшпен­ділік­тің ас­тарында не жатыр?

2010 жылы Серікке тұрмысқа шыққан марқұм Жадыра ал­ғашқы 5 жылда күйеуіне қатысты еш­қандай шағым айтпаған (мүмкін айт­қысы келмеген). Ал соңғы бес жыл ішінде Жадыраның көрмеген аза­бы қалмаған. Жылдар бойы та­лай құқайды көрген марқұм болған жай­ды ата-анасын уайымдатпау үшін жасырып келген. Осы жылдың ақпан айында Серік Жадыраның ата-анасының үйіне ішімдік ішіп ке­ліп, үйдің есігін бұзып кіріп, ұйық­тап жатқан әйелін шашынан сүй­реп сыртқа алып шығып, ұра бас­таған. Онымен тоқтамай, көлі­гіне отырғызып алып екі сағат бойы электрошокермен азаптаған. Шыдамы мен сабыры таусылған Жа­дыра осы оқиғадан кейін күйеуі­не ажырасатынын айтады. Оны естіг­ен күйеуі анасының көзінше әйеліне «Сені өртеп жіберемін» дей­ді. Иә, күйеуі айтқан сөзін орын­да­ды...

Сәуірдің 8-і түні Серік әйелі мен қыздары тұрып жатқан үйге 5 литр жанармай алып барады. Ал 4 сағаттан кейін бір ересек адам мен екі баланың жанып кеткен де­нелері өртенген үйдің қиран­ды­лары астынан табылады. Көрші-қо­лаң үйінді арасында Серіктің де де­не­сі бар деп ойлаған. Алайда ол тірі екен. Көрші ауылға бара жатқан жерінен полицияның қолына тү­седі.

Марқұмдарды жер қойнына тапсырғанда ауылда жыла­маған адам қалмаған. Отбасын оп-оңай өлімге қиған қылмыскер өзіне де қол салмақ болған деседі, бірақ жаны тәтті-ақ екен, сүйіп қосылған жары мен өзегін жарып шыққан қыз­дарын өртеген қаскөй өзін өлім­ге қимаған...

Өз отбасының түбіне жеткен Серік өмір бойы темір тор­ға қамалды. Бірақ қаскөйдің түр­меге қамалуы Жадыра мен қос қы­зын қайтадан тірілте алмайды. Ажал айла таптырмас дейміз, бірақ осы қайғылы жағдайды болдыр­мау­дың жолы бар ма еді? Неге біз зор­лық-зомбылықтың салдарымен емес, түп-төргі себебімен күрес­пей­міз?

Тұрмыстық зорлыққа қазақ әйелдері көп ұшырайды

AERC (Қолданбалы эко­но­ми­каны зерттеу орталығы) са­­рапшыларының зерттеуінше, бас­қа ұлт өкілдерімен салыс­тыр­ған­да қазақ әйелдері арасында тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа ұшы­рағандар саны әлдеқайда жоғары. Күйеуі ұрып-соққан әрбір төртінші қазақ әйел ғана көмекке жүгінеді екен, ал әрбір бесінші қазақ әйелі осы тақырыптағы сұраққа жауап беру­ден бас тартқан.

Олай етуіне де себеп бар, өйт­кені біздің ментали­те­тімізде зорлық-зомбылыққа шыдау немесе оны жасыру – қалыпты жағдай. Әйел өзінің зардап шеккені туралы көмек сұрап ата-анасына айтқан күннің өзінде екі жақ «от­басында аяқ-табақ сылдырламай тұр­майды», «балаларды әкесіз өсірме», «біздің абыройымызды төк­пе­» деп қайтадан қосады. Ал ауыл­дық жерде учаскелік по­лицияға барып арыз жазудың соңы екі жақтың табысуымен аяқталады. Барар жері, басар тауы қалмаған әйел амалсыз күйеуімен қайта та­бысады. Осыдан соң қатыгез отаға­с­ы өз қателігін түсініп, әйеліне зор­лық көрсетуді доғарса қанекей. Де­ректерге қарасаңыз, зәбір көр­сетуші әйелі зорлыққа көнген сайын қатыгездікке бой алды­ратынын байқайсыз.

AERC сарапшыларының зерт­теу нәтижесі әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасында зорлық-зомбылық жиі болатынын және зар­дап шеккендердің көмекке си­рек жүгінетінін де көрсетіп отыр. Яғни, отбасындағы жанжалдың бір себебі халықтың әлеуметтік жағ­дайына келіп тіреледі. Аны­ғырақ айтсақ, күн көріс қиындығы – тұр­мыстық зорлықтың басты себеп­терінің бірі.

Сонымен қатар бір-бірін жек көрушілік, әйелді адам­сынбау, әйелдің ер адам алдындағы дәрменсіздігі, тұрмыс қиыншы­лық­тарын дұрыс түсініп бірігіп шешім табу жолын білмеу, ерлі-зайып­тылардың бір-бірін жек көруі, мо­раль­дық және өзімшілдік сезімнің жоғары болуы, әйелдің еріне қар­жылық тұрғыдан тәуелді болуы, әйел­дердің өз құқығын дұрыс біл­меуі отбасылық жанжалдың негізгі себептерін құрайды. Барлық жасал­ғ­ан қылмыстарды талдау нәтиже­сінде орта жастағы әйелдер алаяқ­тардың алдауына көп түсетінін, жас қыздар мен келіншектер бұзақылық пен зорлыққа жиі ұшырап, әр түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын ала­тынын көрсеткен.

Наурыз айында 12 мыңнан астам әйелден арыз түскен

БҰҰ Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылықтан жыл сайын 400 әйел көз жұматынын мә­лімдеді. Ал НеМолчиKZ қоғам­дық ұйымының жетекшісі Дина Смаи­лованың айтуынша,  Қазақ­станда күніне бір әйел тұрмыстық зорлықтан көз жұмады, төрт әйел зорланады, суицидтан екі әйел қай­тыс болады және айына 18 әйелге қо­қан-лоқы көрсетіледі. Бір таң­ғаларлығы – елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық көретін әйел­дердің 70 пайызы бұрынғы күйеу­лерінен зардап шегеді екен. Бірге тұр­маса да, тіпті ажырасып кетсе де бұрын­ғы әйелінің басқан ізін аң­дып отыратын, қоқан-лоқы жасап, сәті түссе таяқтаудан танбайтын азаматтардың қоғамымызда кө­беюі­не әлеуметтік жағдайдың тө­мендігі мен маскүнемдік қана себеп емес екенін жоғарыда айтып өттік. Бұрынғы әйеліне қол жұмсаса, әкімшілік жазамен, айыппұлмен оңай құтылу және әйелінің жазған арызы сотқа дейін жетпейтіні де қаскөй азаматтың ойына келгенін істеуге мүмкіндік беретіндей. Өйткені «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң отбасын сақтап қалуға және профилактикалық, алдын алу шараларына басымдық береді. Заңды ізгілендіру елімізде агрессор азаматтар санын азайта алмай тұр. Елімізде қаскөй күйеудің қолынан жыл сайын қаза табатын 400 әйелден бөлек, жаны көзіне көрінсе де «естіген елден ұят» деп бар қиындығын ішінде сақтап жүрген әйелдердің нақты саны қанша екенін ешкім дөп басып айта алмас. Сондықтан елімізде отба­сылық-тұрмыстық зорлық қыл­мыстық іс ретінде қаралмайынша, кінә­лілер де тиісті жазасын алмай­ды.

Әйел адам үшін үйі – өзін қауіп­сіз сезінетін жер. Алай­да отбасындағы зорлық-зомбылық осы заңдылықты бұзады. Зайырлы қоғам құруда адамның қадір-қасиетіне қол сұқпау, өзгені азаптамау, зорлық-зомбылық жа­самау, қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жә­бір көрсетпеу, жазаламау туралы әдемі сөздер көп айтылады. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша. Әйел құқы­ғының заң жүзінде қорғалмауы әйел мен ердің қарым-қатынасын, сол отбасында өсіп келе жатқан ба­­­лалардың, сайып келгенде халы­қ­тың, тіпті тұтас ұлттың болашағына зиян екенін ұғынатын кез келгендей.

Соңғы жаңалықтар