Аягөздегі төрт баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Аягөздегі төрт баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Аягөздегі төрт баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласындағы арнайы әлеуметтік көмек орталығында 4 баланың көз жұмуына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, – деп жазды ҚазАқпарат. Онлай-брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен құрылған ведомствоаралық комиссия мүшелері іс материалдарымен танысу үшін балалар орталығына барғанын айтты. «Комиссия мүшелері медициналық құжаттаманы және бейнебақылау камераларына түсірілген жазбаларды түгел қарап шықты. Анықталғандай, балалар бір уақытта қайтыс болмаған. Өлімге әртүрлі туа біткен аурулардың бір ай ішінде асқынып кетуі себеп болып отыр», – дейді Әлішер Мархабат. Оның айтуынша, алғашқы өлім оқиғасы 2 сәуірде болған. Ол кезде 12 жастағы бала көз жұмған. Одан кейінгі жағдайлар 12 сәуірде (12 жасар бала), 20 сәуірде (14 жастағы бала) және аталған айдың соңында (8 жасар қыз) тіркелді. «Дәрігерлердің тұжырымына сәйкес, балалар өлімінің қызылшаға еш қатысы жоқ. Бұны дәлелдейтін медициналық анықтамалар мен актілер бар. Комиссия жұмысының негізінде ішкі істер органдары оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ жұмыс барысында медициналық құжаттарды жүргізу кезіндегі заңбұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қосымша тексеріс жүргізуде», – дейді облыс әкімінің орынбасары. Әлішер Мархабат заңбұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар тиісті органдардың тексеру нәтижелеріне байланысты жауапкершілікке тартылатынын айтты. Сонымен қатар ол орталықтың директоры, оның орынбасары мен бөлім басшыларының жазаға тартылғанын мәлім етті. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Аягөздегі әлеуметтік көмек орталығында 4 баланың қайтыс болғандығы хабарланды. ҚР Ішкі істер министрлігі істің тергелуін өз бақылауына алды. Осы оқиғадан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің әр өңірінде орналасқан медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 113 мекемеге тексеру жүргізілетінін мәлім етті. Оның ішінде Аягөздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік көмек орталығы бар.