20 Мамыр 2020, 16:11 880 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Жол сапасына жауапты 60 лауазымды тұлға әкімшілік жазаға тартылды

Сурет ғаламтордан алынды
Сурет ғаламтордан алынды

Солтүстік Қазақстан облысында жолдарға тиісті деңгейде күтім көрсетпеген лауазымды тұлғалар әкімшілік жазаға тартылды, – деп жазды ҚазАқпарат.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Әкімшілік полиция басқармасы жұмысының бір бағыты – көше-жолдың жағдайын қадағалап отыру. Әсіресе көлік ағыны көп Петропавлда бұл жұмыс жақсы жолға қойылған.

«Жол инфрақұрылымының ақсауы көлік апатына әкелуі мүмкін. Облыс орталығындағы жолдарда ойылған асфальтті жиі кездестіреміз. Бұл барлық шағын аудандарға тән. Жолдарға жауапты 60 лауазымды тұлғаға міндеттеріне салғырт қарағандары үшін 73 әкімшілік хаттама толтырылды», – дейді ПД Әкімшілік полиция басқармасының аса маңызды тапсырмалар бойынша аға инспекторы Евгений Гокин.

Тәртіп сақшылары жолдың жағдайын ғана емес, жол инфрақұрылымының барлық бөлшектерін: жол белгілерін, жолақтарын, бағдаршамдарды назарға алады.

Полицейлердің айтуынша, олардың жақсы көрінуі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Олқылықтарды жою туралы ұйғарымға сәйкес тиісті мекемелер 300 астам жол белгілерін жуып, сырлап, түзетті. Сондай-ақ ластанған 35 бағдаршам жөнге келтірілді. Жолақтар жаңартылып, шұңқырлар жөнделді.

«Жергілікті атқарушы органға жол инфрақұрылымын дамытуға қатысты 73 ұсыныс берілді. Нәтижесінде Петропавлдағы Потанин, «Жас өркен» ықшамауданындағы Жамбыл және № 26 орта мектептің маңындағы Батыр Баян көшелерінде жүргінші жолдары пайда болды», – дейді Евгений Гокин.

Жалпы жыл басынан полицейлер облыстың 4 мың шақырым жолының жағдайын тексерді. Нәтижесінде 680 түрлі ақау табылды. 60 лауазымды тұлға жолды және теміржол өтпелерін тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны үшін әкімшілік жазаға тартылды.

Соңғы жаңалықтар