«Тағдырлар тайталасы»

«Тағдырлар тайталасы»

«Тағдырлар тайталасы»
ашық дереккөзі
Менің пайымдауымша, шығармашылық адамы жас ерекшелігне қарай бөлінбейді. Яғни, ол қартаймайды, қайта тәжірибесі толысып, қамтыр қарымы ұлғайып, кемелдене береді. Сондықтан қаламгердің әрбір шығармасы тың әлем. Тынымсыз еңбек оқырмандарын тағы бір таңғажайып әлемге жетелейді. Сондықтан да жазушы-журналист Тауман Алыбайұлы Төрехановтың «Тағдырлар тайталасы» кітабын осылай бағалаймын. Сонымен қатар, қарт қаламгер қазір ұмытыла бастаған очерк жанрын да өз естеліктерімен бірге қайта оралтқан. Бұл қазақ қаламгерлері ақсақалдарының бірі болып отырған жазушының журналистік ұстаханадан суарылып шыққанын көрсетсе керек. Қарт қаламгер өз қаламынан шыққан дүниенің қарапайым, қалың оқырманға ұғынықты, көпшіліктің жанына жақын болуын қадағалап отырғандай. «Тағдырлар тайталасын» оқып отырып, аға буын өкілдерінің бір-бірімен хат алмасып, күнделік жүргізіп отыратындығын тағы да жүрегің жыли есіңе түсіресің. Олардың жазуға деген құрметіне, өз көрген-білгендерін қағазға түсіруге деген ұсынықтылығына тәнті боласың. Бүгінгі қолына қалам алып жүрген жастарға бұл да бір бойларына сіңіріп, болмыстарына орнықтырар құнды қасиет екені анық. Осы ғұмырына дейін қаламгер Тауман Алыбайұлы өзінің шығармашылық сапарларында көрген-білгендерін және өз ғұмырының кейбір оқиғаларын күнделік-мемуарына қырағаттап түсіріп жүрген. Аз ба, көп пе? Бізге белгілісі екі жүз елу күнделік. Классик жазушы Сәбит Мұқановтың алыс-жақынмен жазысқан хаттарының өзі 141 том болған деген дерекке сүйенсек, Тауман Төрехановтың жазғандары да бірнеше том болары анық. Алайда қаламгер тек негізгілерін, әзірге бір бөлігін ғана кітапқа қосқан. Сол күнделік-мемуардан екшеліп алынған қолжазбалар «Тағдырлар тайталасы» деген атпен көлемді кітап болып, жарыққа шықты. Бұл ғұмырнамада қаламгер өз өміріндегі тартысты тіршілікті: тірі жетімдік, аштық, өмірден баз кешу, еңсесі түсу, күн-көріс үшін алыс-жұлыс, көзі көрген жаманшылыққа жан күйзелісі мен қынжылуларын нақпа-нақ суреттесе, енді бір қырында тамсанып-таңғалу, риза болу, жақсылыққа масаттану көркем түрде беріледі. «Тағдырлар тайталасы» кітабы кейінгі ұрпаққа қалдырған құнды естелік. Кітапты оқыған әрбір оқырман автордың тек жазушы ғана емес, зерттеуші екеніне де көз жеткізеді. Себебі аталған еңбекте қаламгер шығармашылық сапарларындағы өзі болған демалыс орындары, тау-тастары туралы молынан ақпарат береді. Ол жай ғана ақпарат емес, әрбір түсініксіз аталымның этимологиясына барып, оқырманының түсініп оқуына жол ашады. Сондай-ақ, оқырманына қазақы тәрбие, оның ішінде отбасылық, туыстық қарым-қатынас туралы тағылымдық мәні бар оқиғалар арқылы тәрбие бере отырып, жаңа идея туғызатын ой қорытындылары, әлемге танылған ұлылардан қалған ұлағатты сөздер, ұлттық ғұрпымызға қатысты түйіндемелер мен топонимикалық және ономастикалық этимологиялық талдаулар жасаған. Кітаптың тілі ұғуға жеңіл, сөз орамдары дөп, сондай-ақ оқырманын «қонақтарым», «жолаушым» деп еркелете тілдесе отырып, әрі қарай оқуға үндейді, кітаптың тұнық әлеміне жетелейді. Бұл еңбектің тағы бір құнды тұсы. Қаламгер ойы тұнып тұрған ұлылардан қалған сөздердің қорытындысы. Мәселен, Сақ дәуірінің ғұламаларының: «Арамның жолы қиқалаң, Адалдың жолы төте. Жақсылық пен жамандық әркімнің басынан өтеді. Сондықтан араздаспай, таласпай тату жүрсек не етеді? Ынтымағы бар болса, бұл дүниенің қызығы бәріңе де түгел жетеді»  деген ұлағатты сөздерімен ой қорытындылаған тұсы қазіргі эгоизм етек алған заманда әрбір адамға күнделікті ойына оралып отыруы керек дүние. Қазақ ССР-нің мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, белгілі журналист-жазушы Тауман Алыбайұлы Төреханов мағыналы ғұмырының алпыс жылын баспасөз саласына арнап, өмірдің биік бір белесіне шыққанда өмір жолынан түйгенін «Тағдырлар тайталасы» кітабы арқылы қалың жұртшылыққа жеткізуі ерен іс. Қарт қаламгер тағдыры сондықтан да тұғырлы.  

Гүлмира Өтемісова, филология ғылымдарының кандидаты