Тауасар батыр

Тауасар батыр

Тауасар батыр
ашық дереккөзі
Тарихтың қатпар тұнығына сіңіп, есімі көмескіленіп, тіп­ті, бүгінгі ұрпаққа бей­мә­лім болып кеткен батыр, би, ақын бабаларымыз баршылық. Бірақ олар­дың арасынан сәуле шашып, өзі­нің мына өмірде шын мәнінде бол­ғандығын айғақтап тұратын тарихи жандар болады. Солардың бірі – ел есінде батырлығымен сақ­тал­ған Бағаналыдан шыққан Тауасар Тілекеұлы. Тауасар батыр туралы мәліметтер Қазақстан ұлттық энциклопедиясында, Ақселеу Сейдімбек пен Аппаз Қа­ра­жі­гітовтің және Сұлтан Сүт­баев­тың, Қуа­ныш Сұлтановтың, Мәди Бола­тов­тың зерттеулерінде жазыл- ған. Бізге жеткен деректерде Тауасар ба­­тыр жайында он адамға дес бер­мес күш­тің иесі әрі Сығанақтың бегі бол­­ған­дығы, башқұрт ханы Қар­а­са­қал­дың қа­рындасы Гүлсімге үйленгені, Қа­бан­бай батырмен иық тіресе жаумен шай­қасқаны, ел ішінде батырлығымен да­ра­ланғаны, атақты Барлыбай ханның әке­сі екендігі жайлы деректер бар. Қолда бар айғақтарға сүйеніп, ал­дымен Тауасардың батыр бол­ғандығын дәлелдеп шығайық. Қазақ ұлттық энциклопедиясының ІІ томында Барлыбай ханға қатысты айтылған деректерде оның әкесі Тауасар батыр жайлы мәліметтер келтіріледі. Онда: «Бар­лыбай Тауасарұлы Орталық Қазақ­станда Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Тауасар қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр, анасы Гүлсім баш­құрт батыры Қарасақалдың қарындасы бол­ған» – деп көрсетілген. Мұндай мә­ліметтер жазушы Аппаз Қаражігітов пен Қазақстанның Құрметті геологі Сұл­тан Сүтбаевтың еңбектерінде де кез­деседі. Сондай-ақ шапырашты Қа­зы­бек бек Таусарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деп аталатын кітабында Қабанбай батырдың қалмақтарға қар­сы тойтарыс берген бір ұрысы беріледі. Осы жерде  Қабанбайдың бес мың қол­дың қолбасшысы, Тауасар, Шоңай, Қара, Барақ, Дәулетбай бесеуі мың басы бол­ғандығы туралы дәйектер айтылған. Енді осы тұста аты аталған Тауасарды біз Бағаналы Тауасар деп санап отырмыз. Өйткені Қазыбек бектің кітабында «Шапырашты Тауасар емес» деп анық көрсетілген. Аталған кітапта: «Ера­сыл Жамбынды Жетісуға, Асыға жі­бермеу үшін, қалмақтың басын бірік­тір­меу үшін ұрысты осы Қарағайлы маңында әдейі бастаған. Бес мың қолдың нарты өзі болған да Тауасар (Ша­пырашты Тауасар емес), Шоңай, Қара, Барақ, Дәулетбай бесеуі мыңбасы болған...» – деп жазылған. Енді сәл ойла­найық. Қабанбай Найманнан шыққан ба­тыр. Оны бар қазақ қолдады. Дегенмен айналасындағы сенімді серіктері Найманнан шығуы әбден мүмкін ғой. Сонан соң Тауасар батыр болмаса оған мың сарбаз сеніліп тапсырылып, оны мың­басы етпес еді. Мыңбасы болмақ түг­ілі жүзбасы болу үшін де көзге түс­кен ержүрек әрі жаудан беті қайт­пай­тын қайсар болуы қажет. Мұнысымен қоса жұртты басқара алатындай, қалың қолға бас бола алатындай қабілеттері­мен даралануы тиіс.Тауасар батырдың есімі Бұқар жыраудың: – Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай. Шапырашты Наурызбай, Ту түбінде тұр еді. Абылайхан осы күн, Айбатты дағы, сұр еді. Құрт пен малта ас болып, Қалмақпенен қас болып, Балғалы Барақ бас болып, Жиылды Қаратөбеге. Жасақ біткен жосылды, Жеңіспенен бөленіп. Һәмбесі дағы дос болып. Тауға таман жақындап, Қатарға Сасан қосылды. Қалмақтың кетіп кенеуі, Ойындары осылды. Тауасар, Қара, Шоңайым, Сеніменен шоңайдым, – деген өлеңін­де де кездеседі. Қызылорда облысының Шиелі ауда­нына қарасты Ақмая деген ауыл бар. Сол ауылда Әбілқас Дәрібайұлы деген ақсақал өмір сүрді. Өзі шежіреші, ескі де есті әңгімелерді көп білетін жан болатын. Сол кісімен бірнеше рет сұх­бат­тасқаным бар еді. Әбілқас ақсақал айтқан әңгеменің бірі Тауасар батыр жай­лы болатын. «Жоңғарлармен бол­ған бір шайқаста Қабанбай батырдың аты­на жебе тиіп, батыр тұлпарсыз қалған екен. Оны көрген жау жағы Қа­бан­бай жаққа шұбыра жөнеліпті. Сонда Тауасар батыр «Қабанбай, менің атымды ал да, шайқасты жалғастыра бер» депті. Қабанбай болса: «Жасыңыз үлкен ағасыз. Найманның сіздей батырын атсыз қалдырған маған жарамас» деп жауап қайырады. «Аға тұтсаң, артыма мінгес. Менің атым екеуімізге де жетеді» деп хан батыры атанған Қабанбайды жау қоршауынан алып шыққан екен». Бұл – Әбілқас ақсақалдың айтқаны. Өткен жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары «Арқа батырлары» деп аталатын кітап шы­ғар­ды. Осы еңбекте Тауасар батыр жайлы айтылады. Біз мысалға алған «Арқа ба­тырлары» деп аталатын еңбекте: «Са­рысу өзенінің бойы (Бұлантының Сарысуға құяр тұсы). Бас қолбасшының белгілеуі бойынша ұрыс бірден төрт жерде өтті. Өйткені бұл соғысқа қазақ-қалмақтың қолын қосқанда» шамамен тоқсан мыңға жуық адам қатысқан сияқты. Жолбарыс басқарған Ұлы жүз қолында он жеті мың. Сәмеке хан бас­қарған Орта жүзде жиырма мың. Әбіл­қайырдың өзі басқарған Кіші жүз қо­лында жеті мың адам болды. Жолбарыс ханның шатыры Бұланты дейтін Сары­судың батысындағы кішкентай өзеннің бойына тігілді. Осы соғысқа Қабанбай батыр түмен (он мың қол) басқарып қатысты. Ал мың сан қолдың алдына түскен Тауасар батыр алпамсадай көрінді. Алғашқы күні жекпе-жекке шыққан Тауасар айтарлықтай жеңіске жетті. Келесі күндерде Қабанбай, Тауасар Жаулыбай, Жәнібек, тағы басқа қазақ батырлары соғыста жеңіске жеткізген әскери тәсіл «Толғамаға» кірісті. Жаудың бір шетінен шабуыл жасап, қаша жүріп соғыс салу арқылы шоғырланған күшті бөл­шектеп, майдан алаңынан ұзатып әкетіп әлсірету екен. Жайшылықта ақ жар­қын Тауасар батыр қабағын қарс жауып ашуланғанда қарсы қарауға адам шыдамай, сескенетін. Қасына өңшең жау түсіргіш жігіттерді іріктеп алып, қалмақтарға қарсы «Сары! Сар­ғалдақ!» деп сүрен салып шаба жөнелді. Жаудың қалың қолын жарып өтіп, батысқа қарай бет алғанда соңынан қаптал қара тобыр қалмақтар соғыс алаңынан ұзап шыққанын білмей қалды. Қоршауға алынған қал­мақтар Қабанбай жасақтарының қолынан қойша қырылды. Осы әдісті қолдану жақсы нәтиже берді. Бірнеше күнге созылған Айрантөгілгендегі соғыста қалмақтар қырғынға ұшырады. Жер аты «Қалмаққырылған» деп аталды. Бұланты шайқасы қазақ елінің жеңіске жетуінің бастамасы болды» деп жазыл­ған. Бұл туындыда Тауасар батырдың жауға «Сары! Сарғалдақ!» деп шапқаны анық көрсетілген. Бұл шапырашты Қа­зыбек бек Таусарұлының «Түп-тұ­қиян­нан өзіме шейін» деп аталатын кіта­бын­дағы мыңбасы Тауасардың дәл осы Бағаналы Найман Туасар екенін айғақ­тай түседі. Өйткені Сары Тауа­сардың бабасы да Сарғалдақ Сары атаның туған інісі. Бұл туралы Ақселеу Сейдім­бек­тің «Балталы, Бағаналы ел аман бол» атты еңбегінде жазылған. Алматы қаласында орналасқан Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институ­тының қолжазба бөлімінде зерттеуші Мәди Болатовтың жазбалары сақталған. Ақселеу Сейдімбектің біз атын атаған еңбегінде де, Мәди Болатовтың жазбаларында да келтірілетін шежірелік деректерде Сары Тауасардың тікелей бабасы екені айтылады. Тәптіштеп айтар болсақ, Сарыдан Жауағашты, одан Тілеке, Тілекеден Тауасар болып өрбиді. Ал Тауасар сардардың Барлыбай ба­тырдың әкесі екені әмбеге аян. Бұл жайын­да Қазақстандағы ең мықты ға­лымдар дайындаған ұлттық энциклопедияда айтылған. Таусардың найман және оның Барлыбай батырдың әкесі екенін Ақселеу Сейдімбектің «Балталы-Ба­ғаналы ел аман бол» деген кітабында да жазылған. Осындай алып тұлғалы ғалымдардан артық білемін деушілер жоқ шығар. Бұл батырлардың найман соның ішінде Бағаналы екені дау тудырмайды деген сенімдеміз. Найманның атақты шежі­ре­ші­лері­нің бірі саналатын Тайғара Ерма­ған­бет­ұлы деген ақсақалдың жазбаларында: «Тауасар батырды Сығанақтың бегі бол­ған. Жаумен шайқасып, Сығанақтың тү­біндегі соғыста шейіт болған» – деген дәйекті деректер бар. Жоғарыда Тауа­сар­дың башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы Гүлсімге үйленгендігі жайлы, ол екеуінен Барлыбай батырдың туғандығы туралы деректер келтіріп өттік. Негізі осы Қарсақалдың ұлты баш­­­құрт емес екен. Тарихи деректерде Қарасақал деген оның лақап аты, ал шын есімі Байболат деп көрсетіледі. Ата­тегіне үңілсек Шыңғысхан әулеті­нен шыққан, Сібірдің ханы Көшімнің ұрпағы. Башқұрттарға, қарақалпақтарға және наймандарға хан болған. Қажы­лық­қа барған, арабша оқыған, қазақ, орыс, ойрат тілдерін еркін меңгерген. Қа­зақтың хандары мен сұлтандары оны­мен өте тығыз қарым-қатынаста бол­ған. Ол жайында тарихшы, шығыс­тану­шы, философия докторы, профессор Ахмет Заки Валиди былай дейдi: «Сын Давлет-Гирея «Ишим-Чувек султан» в Ургенче был каракалпакским ха­ном, его сын Хасан султан оставался у калмыцких ханов, а его сын Байбулат султан ездил в Крым и Стамбул и одновременно был султаном башкир, восставших против России. Чтобы не попасть в руки русских, ездил тайно под различными именами. Одно из этих имен – Карасакал. Его брат Ишим султан и сыновья Ишим султана Шайбак и Убейд (Убейдуллах) султаны были султанами каракалпаков. Байбулат султан был известен своей ученостью и красотой. Убейд султан был султаном племени карат (или карай). В то время, когда Байбулат (Бейбулат) воевал против русских в Башкурдистане, Шайбак хан был ханом у каракалпаков. Во всех отношениях был помощником Байбулата. Его мать Айше хатун была молочной матерью и воспитательницей Бай­­­булата», – деген айғақтарды алға тар­тады. (Ахмет заки Валиди Тоган. История башкир, Уфа, 2010, с.37-39,61,62.) Көшімханның ұрпағы Қарасақал баш­құрттардың ханы болып, Ресеймен соғысқанын білдік. Дегенмен ойсырай жеңілгеннен кейін қазақ жеріне қарай қашуға мәжбүр болады. Қазақ арасында оған қолдау көрсетіледі. Тіпті бірнеше ру­ға хан болған деген де мәліметтер бар. Осындай адамның қарындасын жай­дан-жай біреуге ұзата салмайтыны бесе­неден белгілі. Не есімі елге белгілі атақ­ты батыр, иә болмаса бектік дәре­жесі бар лауазымды адам болуы керек. Соған қарағанда Тайғара ақсақалдың Тауа­сарды Сығанақтың бегі болған деуі тегін болмай тұр. Ол заманда мұндай әулет­тің қызына сұлтандардың өзі әрең қол жеткізген. Бұдан Тауасардың әрі ба­тыр әрі бек болғанын аңғаруға болады. Даңқты батырлардың елдік һәм ерлік жолы өскелең ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге болып қала бермек.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі