Италияда коронавирустан көз жұмғандар саны Қытайдан да асып кетті

Соңғы тәулікте Италияда коронавирустан 427 адам қайтыс болған. Сөйтіп ауру өршігеннен бері елде көз жұмғандар саны 3405 адамға жетті. Бұл Қытайда қаза тапқандар санынан 150 адамға көп, – деп жазды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Жалпы алғанда, Италияда 41 мың адам вирус жұқтырған. Соңғы 24 сағат ішінде 5322 адамнан вирус табылған.

Қытай сарапшы-дәрігерлерінің сөзінше, Италия билігінің COVID-19 індетімен күреске жұмсаған күш-жігері жеткіліксіз.

«Меніңше, Миланда қатаң карантин шаралары да көмектеспей жатыр. Қоғамдық көлік әлі жұмыс істеп тұр, халық қалада емін-еркін жүр. Қонақ үйде түрлі кештер ұйымдастырылады. Сосын сіздер маска кимейсіздер», – деді Қытайдағы Қызыл жарты ай ұйымының өкілі Сунь Шуопэн.

Италия халқы екі аптадан бері оқшауланып өмір сүріп жатыр. Бастапқыда карантин 3 сәуірге дейін деп жоспарланған. Дегенмен ол әлі ұзартылады.

Оның үстіне, үкімет тағы да қосымша шаралар енгізуге ниетті. Атап айтқанда, халықтың таза ауада жүріп-тұруына шектеу қойылады. Сонымен қатар, азық-түлік дүкендерінің демалыс күндердегі жұмыс уақыты қысқармақ. Мемлекеттік органдардың көбісі қашықтан жұмыс істеуге көшіп жатыр. Жұмыс істеп тұрған банктер мен пошталарда қызметкерлер саны азаюда.

Back to top button