"Сақадай сай болған жөн": Президент елордадағы блок-бекеттің жұмысымен танысты

"Сақадай сай болған жөн": Президент елордадағы блок-бекеттің жұмысымен танысты

"Сақадай сай болған жөн": Президент елордадағы блок-бекеттің жұмысымен танысты
ашық дереккөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының кіреберісіне қойылған бақылау-өткізу бекетіне барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясының таралуына байланысты елімізде Төтенше жағдай жарияланып, елордада карантин енгізілгеннен кейін Жібек жолы ауылы маңына қойылған №6 бақылау-өткізу бекетіне барып, жұмысымен танысты.

Фото: Ақорда

Президент карантин режимін қамтамасыз ететін қала әкімдігінің, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвардияның әскери қызметшілерінің дайындығына оң баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әкімінің, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Қорғаныс министрлерінің коронавирус індетіне қарсы күресу үшін қабылдаған шаралары жайындағы есептерін тыңдады.

Фото: Ақорда

Еліміздегі медицина қызметкерлерінің пандемияға қарсы күрестегі ауыр еңбегін атап өткен мемлекет басшысы, оларға ризашылығын білдіріп, еңбекақылары мен сыйақыларын уақытылы әрі толық көлемде берудің маңызды екенін атап өтті.

Фото: Ақорда

Президент премьер-министр Асқар Маминге аса қолайсыз әлемдік конъюктура жағдайында экономиканы басқарудың жаңа әдістерін әзірлеу қажеттігін айтты.

"Кез келген қолайсыз жағдайға, тіпті аса күрделі ахуалға, сондай-ақ, экономиканы мобилизациялайтын қадамға да әзір болуымыз керек. Қысқасы, сақадай сай болған жөн", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілеріне, Ішкі істер министрлігі мен басқа да ведомство қызметкерлеріне табыс тілеп, карантин енгізудің себептерін түсіндірді.

"Қазіргі жағдайда карантин енгізбесе болмайды. Әлемде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Мұндай кезде нақты әрекет жасап, ұйымшылдық таныту керек. Сондықтан карантин енгізу сияқты тәсілдерді қолдануға тура келеді. Азаматтарымыз қабылданған шараларға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Мұның бәрі халқымыздың денсаулығын сақтау үшін істеліп отыр", – деді Мемлекет басшысы.