Адыраспан жайлы не білеміз?

Адыраспан жайлы не білеміз?

Адыраспан жайлы не білеміз?
ашық дереккөзі

АДЫРАСПАН – УЛЫ ӨСІМДІК

Біздің қазақ адыраспанды «киелі өсімдік» деп біледі. Адыраспанның киесі, қа­сиеті – шипалығында. Адыраспан – улы өсімдік. Адыраспанның сабағы, жапырағы, тіпті оның түтінінде де шипа  бар. Эт­ног­раф-ғалым Серікбол Қондыбай: «Өсім­дік­тер көне заманнан бері адам баласына қызмет етіп келеді. Оны әртүрлі мақсатта, ең алдымен бояу жасауға, тері илеуге, сабын қайнатуға және емдеуге пайдаланады. Мәселен, адыраспанның өзіндік иісі бар жә­не мал жеуге жарай бермегенімен кә­сіптік маңызы бар. Адыраспаннан көп­теген жұқпалы аурулардың кейбіріне қар­сы препараттар алынса, ревматизм, тері және қышыма ауруларын емдеуге ха­лық ертеден пайдаланып келеді» деп жаз­ған болатын. Адыраспанды қайнатып, сол сумен аяқ-қолы сырқыраған адамдар денесін буласа, сап тыйылады екен. Бұрындары суық тигенде, денеге бөрткен шыққанда, ұмытшақтық меңдегенде, тіс қақсағанда осы адыраспанның суымен, буымен емдеген. Қазіргі уақытта да адыраспаннан жа­салған дәрілерді фармакологияда қол­данып жүр. Мұндай дәрілер қабынуды жазу, зәр айдауды жақсарту, ішек құрт­та­рын өлтіру, қызыл иектің қанауын тежеу, іш ауруын жазуға көмектеседі. Адам ғана емес, адыраспан жан-жануарларға да ем екен. Малдың қотырын бұрын адыраспан қай­натпасымен жуып, жазатын. Дала жануарлары да дерт меңдегенде ады­рас­панға аунап жазылатынын үлкендер айтып отыратын.

ШАРИҒАТ НЕ ДЕЙДІ?

Адыраспанды көпшілік аластау мақ­сатында қолданады. Бұрынғылар сә­би­дің бесігін, сырқат адамды, тіл-көз тигендерді, жаңа немесе ескі үйді адыраспанмен аластайтын. Адыраспанмен аластау қайдан шықты? Бұл рәсімді көптеген ғалымдар ис­ламға дейінгі дәстүрлермен түсіндіреді. Әсі­ресе,  көне түркі халықтары аластау арқылы тазалауға мән берген. Бұл жайлы Гази университетінің профес­соры (Түркия) Ибрахим Дилек: «Көне тү­рік тайпалары мен Сібір ха­лық­тары және барлық түркі тектес халықтар оттың тазалаушылық және аластаушылық қасиетіне сенеді. Тазалануы қажет заттың, малдың, тіпті адамның жағылған екі оттың арасынан өткізілгендігі және аластау арқылы тазаланғаны белгілі. Бұл рә­сімдер көне түрік халықтарының сені­мі­мен байланысты болса да, ислам дінін және оның әртүрлі мәзхабтарын қабыл­даған түрік халықтарында әлі күнге дейін жалғасуда» деп түсіндіреді. Рас, адыраспанмен аластау ел арасында әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ады­рас­панның түтіні – улы. Сондықтан оны мик­робтар мен вирустарға қарсы дизен­фек­ция ретінде қолданады. Адыраспанмен аластауға қатысты шариғат не дейді? ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгеру­шісінің орынбасары Хасан Аманқұл ады­рас­панды дезинфекция ретінде қол­дану ша­риғатымызға еш қайшы келмейді дей­ді. «Асыл дініміз адам баласына пайда кел­тіретін нәрселерге жүгінуге рұқсат етеді әрі қолдайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын) бір сөзінде: «Алла Тағала бірде-бір ауруды шипасыз бермеген, өлімнен басқасының емін тек зерттеуші біледі, оны надан адам білмейді» дейді (Ибн Мәжа). Осы хадистегі «емін тек зерттеуші біледі» дегендердің қатарына, аталған шөпті тәжірибеден өткізіп, көнеден бері қолданып келген ата-бабаларымыз да кіретіні сөзсіз. Алайда адыраспанды ерекше бір тылсым күшке ие екеніне сенуге қатаң түрде тыйым салынады. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұған қатысты: «Алла Тағала бірде-бір ауруды шипасыз бермейді», «Әр сырқаттың емі бар және де егер дәрі сырқаттың шипасын берсе, ол Алланың қалауымен болғаны» (Муслим) деген хадистері бар. Сондықтан да, өзін мұсылман санайтын кісі, шипа тек бір Алладан келетінін естен шығармауы тиіс» дейді Хасан Аманқұл.

НЕ ҮШІН КИЕЛІ?

Адыраспанды біздің қазақ «киелі өсім­дік» деп түсінетінін жоғарыда атап өттік. Ол не үшін киелі? Жалпы, қазақ дүниета­ны­мындағы «кие» ұғымы нені білдіреді? Бұған жауапты Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы шығарған (А.Әбдірәсілқызы, М.Исахан, М.Муслимов т.б авторлар құрастырған) «Дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша 20 сұрақ-жауап» кітабынан табуға болады. «Қазақ халқы кейбір өсімдіктерді де кие­лі деп біледі. Соның бірі – адыраспан. Халық оның емдік қасиетімен қоса киелілігін мойындап, түтінімен аластап, үйге іліп қояды. Адыраспанды киелі деп санағандықтан, жинайтын кісі дәретпен, таза күйде Құдайға құлшылық жасап, «Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим! Мен келдім әр нәрсеге, адыраспан, Атыңды қойған екен Омар, Оспан. Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!» деп айтып барып, адыраспанның сабағына қол тигізген» деп жазады. Осы тақырыптың соңына қарай кітап авторлары «Қазақ халқы өз тарихында қаншама қиын тағдырды бастан кешкеніне қарамастан «кие» туралы түсінікті ұрпақтан-ұрпаққа жоғалтпастан жеткізіп келеді. Бұл – қазақ дүниетанымын ерекшелейтін ұғым. Халық «кие» ұғымы арқылы болашақ ұрпаққа қасиетті жерлерді, тіршілік иелерін құрметтеуді үй­ретеді. Сол арқылы киелі заттарды қор­лауды тыйып отырады. Сондықтан бүгінгі буын­ның міндеті осындай түсініктерді ке­лер ұрпаққа өзгеріссіз жеткізу болмақ» деген түйін жасаған. Рас, кие деген – ең алдымен құрмет. Баба­ларымыз «киелі» деп атау беру арқылы жан-жануарларды, өсімдік әлемін сақ­тауды бізге аманаттап кеткен болатын.  

Әбу Назар