Жаңалықтар

Мұсылманның міндеті – сынақты сауапқа айналдыратын амал жасау

ашық дереккөзі

Мұсылманның міндеті – сынақты сауапқа айналдыратын амал жасау

Иман шартын жүрегіне бекіткен мү­мін жақсылық пен жамандық Алладан деп қабылдайды. Нығметке кенелсе – шүкір етеді, қиындыққа тап болса – төзімділік та­нытады. Біз – тарихымыздың сан қилы сындар­лы сәттерінде үмітсіздікке берілмей, бір Алладан медет тілеген халықпыз. Ендеше, мұсылман қауымын құлшы­лық кезінде еліміз бен жеріміздің, күллі адам­заттың амандығы үшін дұға жасауға ша­қырамын. Ардақты пайғамбарымыз алдын ала ке­летін түрлі дерттен сақтану үшін ұй­қыға жатар кезде Ықылас, Фалақ, Нас сүре­лерін оқып, алақанына үрлеп, денесін сүрт­кен. Дұға – мұсылманның қорғаны. «Дұға – ғибадаттың мәні» (хадис). Алла Та­ғала «Мүмин» сүресінің 60-аятында: «Ме­нен сұраңдар. Тілектеріңді қабылдай­мын», – деп уәде еткен. Жаратқанға жалбарынып, дұға жасап, има­нымызды күшейтіп, қате-кемшіліктен арылуға тырысайық. Біз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөздің қадірін біліп, жақсылыққа ұм­тылған ұлтпыз. Сындарлы сәтте бір-бірімізге жақсы сөз айтып, көмекке мұқтаж отбасыларға қайы­рымдылық жасап, мол сауап алуға асы­ғайық! Тазалық пен имандылық – егіз ұғым. Ең бастысы жұқпалы індеттің алдын алу үшін тазалық шараларына аса мән беруіміз керек. «Жеті рухани қазық» құжатымызда бауыр­малдық, адалдық, адамгершілік, бір­лік, ізгілік сынды қоғамға қажет құн­ды­лық­тарды айрықша атап өттік. Осынау игі бастаманы амалға асырып, ізгі істерде бір-бірімізге көмекші болуға үндеймін. Біз талай зұлматты заманды бастан ке­шіп, өсіп-өнген елміз. Қиындықты са­быр­ға жеңдірген адам Алланың разылығы мен рақымына ие болады. «Расында, Алла сабыр етушілермен бірге». Раббымыз «Бақара» сүресінің 153-аятында құлдарын осы­лай сүйіншілейді. Уақытша сынақты әуелі Алланың жәр­демімен, иманымыз бен бірлігіміздің ар­қа­сында жеңіп шығатынымызға көбірек үміт артайық. Алла Тағала Отанымызды, күллі адамзат баласын жұқпалы індеттен аман етіп, өз панасында сақтағай. Баршаңызға Ал­ла­ның амандығы мен берекетін тілеймін.

Наурызбай қажы Тағанұлы,

Қазақстан мұсылмандары

 діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти