Ел-жұрты «Елбасы» деп ұлықтайды...
Ел-жұрты «Елбасы» деп ұлықтайды...
Арғы-бергі тарихымызда халқымыз қилы заман, небір аласапыран кезеңдерді бастан өткергені белгілі. Ел басына күн туған алмағайып шақтарда жұртқа пана, елге қорған болған тұлғалар аз болған жоқ. Олардың есімдері тарихымызда айрықша таңбаланып, ұлт жадында мәңгі сақталатыны анық.
«Үш жүздің басын қоссам, көшіп-қонған халқымды орнықтырып, біртұтас ел етсем, қала салсам» деген кешегі Абылайдай хандардың, ер жүрек, батыр бабаларымыздың асқақ арманы мен ұлы мұраттарын жалғаған, азаттықтың ақ таңын атырып, ел еңсесін тіктеген елдің Тұңғыш Президентіне деген елдің құрметі бөлек. Қазақтың бағына туған кемел тұлға, көреген саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевты қанға сіңген қазақы қалыппен ел-жұрты «Елбасы» деп ұлықтайтыны тегін емес.
2019 жылы 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатып, әрі қарай Президент міндетін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын мәлімдеген болатын. 2019 жылы маусым айында кезектен тыс президент сайлауы өтіп, қазақстандықтардың басым көпшілгі Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс берді. Нәтижесінде Тоқаевтың ел басқарғанына да 1 жыл толды.
Ең ұлы істер қиын-қыстау сәттерде дүниеге келетініне тарих куә. Шүкір, «Боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба?» дейтін үміт пен күдік арпалысқан кешегі аумалы-төкпелі кездер артта қалды. Маңдайымызға жазылған талай сынақтан өттік. Тауымыз шағылып, тауанымыз қайтса да, рухымыз өлген жоқ. Темірқазығымыздай болған көшбасшымыз, келер күнге деген үміт-сеніміміз бізді адастырмады. Шерағаң, Шерхан Мұртаза ағамыздың «Елбасы біреу, қалғанымыз тіреу» деп жігерлендіре сөйлейтіні сондай қыл көпірден өткендегідей қиын кезеңдер еді-ау.
Бүгінде бір кездері ертегідей елестеген, алынбас қамалдай көрінген асуларды еңсердік, толайым табысқа қол жеткіздік. Сөзсіз, барлық игі істердің басында Елбасының есімі дара тұр.
Елбасының алысты болжаған көреген саясатының, табандылығының арқасында еліміз азғантай мезгіл ішінде ғасырға бергісіз уақыттың жұмысын тындырып, талай күрделі бағдарламалар мен жобаларды игерді. Бұл жүріп өткен жолдың барлығы ертеңгі буын үшін айтулы тарих болуы керек. Атап айтар болсақ, мемлекет шекарасының тұтастай дерлік бекітілуі және ол жөніндегі көршілермен жүргізілген жоғары деңгейдегі дипломатиялық келісімдердің сәтті жүзеге асқанын естен шығаруға болмайды. Еліміздің Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан мемлекеттерімен арадағы шекараны айқындаудың өзіндік ерекшеліктері мен түйінді мәселесі болғаны белгілі. Мәселен, Қытаймен арадағы 1782 шақырым шекара сызығы сонау Кеңес үкіметі тұсында да ең даулы, түйіні көп шекаралардың бірі еді.
Сондай-ақ бүгінгі күнмен ғана өмір сүрмей, келер күнді де бағамдап, келешегімізге кемел жоспар, байыпты бағдарлама жасауымыз да Елбасы ұстанған саясаттың өміршеңдігі мен жан-жақтылығын айқындайды. Мәселен, «Болашақ» Президенттік стипендиясының білім саласына жасалған ең үлкен инвестиция екені даусыз. Қазір осы зияткерлік бағдарламаның шапағатын көріп отырғандардың саны 13 мыңнан асты. Олар әлемнің 33 мемлекетіндегі ең таңдаулы білім ордаларында білімдерін жетілдіріп, тәжірибелерін шыңдап қайтуда. Өз елінің ертеңіне немқұрайлы қарамайтын ел ғана мұндай ауқымды жобаларды қолға алатындығы айтпаса да түсінікті.
«Елге ел қосылса – құт» деп халқымыз бекер айтпаған. Шетелдегі қазақтардың ат басын атажұртқа бұрғызып, олардың тәуелсіз Қазақ елінің бір уығы болып қадалуына мүмкіндік беру де тарихтың жарқын беттері болып қаларына ешкімнің дауы болмас.
Сол сияқты Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында атқарылған іргелі істердің бірі деп қазақстан халқы ассамблеясының құрылуын айтуға болады. Қазақ елі бір бірімен қабыспайтын, қиыспайтын сан түрлі ұғым-түсініктерді, дүниетанымдарды жарастықпен, өзіндік сәнімен, қисынын тауып қиыстырып отыр.
Адамзатқа қасірет шектірген жойқын қарудан бас тартып, әлем жұртшылығын бейбітшілікке, ынтымақ-бірлікке үндеген Қазақстан бүгінде бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулықтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп баға береді.
Елордамыз арқа төсіне қоныс аударып, онда бүгінгідей дәулетті де сәулетті қаланың бой көтеруі де тәуелсіздігіміздің жемісі, табанды да қажырлы еңбектің нәтижесі.
Біріккен Ұлтттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзаның: «Назарбаев – әлемдік саясаттағы бітімгер саясаткер. Оның саяси шешімдері әлем басшылары үшін үлгі болуы тиіс» деуі Елбасы феноменіне берілген әділ баға екені даусыз.
Тұлғаны тарих тудырады, тұлғалар тарих жасайды. Ал қазақтың тарихында Елбасы айтқандай, біз ұялатын ештеңе жоқ. Келер ұрпақ алдында жүзіміз жарқын, жаһандық саясат сахнасында да мәртебеміз биік.
Мерей ҚУАТ