19 Наурыз, 11:45 819 0 Тұлға Túrkistan Gazeti

Ел-жұрты «Елбасы» деп ұлықтайды...

Арғы-бергі тарихымызда халқымыз қилы заман, небір аласапыран кезеңдерді бастан өткергені белгілі. Ел басына күн туған алмағайып шақтарда жұртқа пана, елге қорған болған тұлғалар аз болған жоқ. Олардың есімдері тарихымызда айрықша таңбаланып, ұлт жадында мәңгі сақталатыны анық.

«Үш жүздің басын қоссам, көшіп-қон­­ған халқымды орнықтырып, біртұтас ел етсем, қала салсам» деген кешегі Абы­лай­дай хандардың, ер жү­рек, батыр бабала­ры­мыз­дың ас­қақ арманы мен ұлы мұраттарын жал­­­ғаған, азаттықтың ақ таңын аты­­рып, ел еңсесін тіктеген елдің Тұң­­ғыш Пре­зи­дентіне деген елдің  құр­меті бө­лек. Қазақтың ба­ғына туған кемел тұлға, көреген сая­саткер Нұрсұлтан Назарбаевты қан­ға сіңген қазақы қалыппен ел-жұ­рты «Ел­ба­сы» деп ұлықтайтыны те­гін емес.

2019 жылы 19 наурызда Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқ­татып, әрі қарай Президент міндетін Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқара­ты­нын мәлімдеген болатын. 2019 жылы мау­сым айында кезектен тыс президент сай­лауы өтіп, қазақ­стан­дықтардың басым көп­шілгі Қасым-Жомарт Кемелұлына дауыс берді. Нәтижесінде Тоқаевтың ел бас­қар­ғанына да 1 жыл толды.

Ең ұлы істер қиын-қыстау сәт­терде дү­ниеге келетініне та­рих куә. Шүкір, «Боламыз ба, әлде бор­дай тозамыз ба?» дейтін үміт пен кү­дік арпалысқан кешегі ау­малы-төк­пелі кездер артта қалды. Маң­дайы­мызға жазылған талай сынақ­тан өттік. Тауымыз шағылып, тауа­нымыз қайт­са да, рухымыз өлген жоқ. Темір­қа­зы­ғы­мыз­дай болған көшбасшымыз, келер күн­ге деген үміт-сеніміміз бізді адас­тыр­мады. Ше­рағаң, Шерхан Мұртаза аға­мыз­дың «Елбасы біреу, қалғанымыз тіреу» деп жігерлендіре сөйлейтіні сон­дай қыл көпірден өткендегідей қиын кезеңдер еді-ау.

Бүгінде бір кездері ертегідей елестеген, алынбас қамалдай кө­рінген асуларды еңсердік, то­лайым табысқа қол жеткіздік. Сөзсіз, барлық игі істердің басында Елба­сы­ның есімі дара тұр.

Елбасының алысты болжаған көреген саясатының, табан­ды­лығының арқасында еліміз аз­ған­тай мезгіл ішінде ғасырға бергісіз уа­қыттың жұмысын тындырып, та­лай күрделі бағдарламалар мен жо­баларды игерді. Бұл жүріп өткен жолдың барлығы ертеңгі буын үшін айтулы тарих болуы керек. Атап айтар болсақ, мемлекет шекара­сы­ның тұтастай дерлік бекітілуі және ол жөніндегі көршілермен жүр­гі­зіл­ген жоғары деңгейдегі дипло­ма­тия­лық келісімдердің сәтті жүзеге ас­қа­нын естен шығаруға болмайды. Елі­міздің Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қыр­ғыз Республикасы, Түркіменстан мемлекеттерімен арадағы шекараны айқындаудың өзіндік ерекшеліктері мен түйінді мәселесі болғаны белгілі. Мәселен, Қытаймен арадағы 1782 ша­қырым шекара сызығы сонау Кеңес үкіметі тұсында да ең даулы, түйіні көп шекаралардың бірі еді.

Сондай-ақ бүгінгі күнмен ғана өмір сүрмей, келер күнді де ба­ғамдап, келешегімізге кемел жос­пар, байыпты бағдарлама ж­а­сауы­мыз да Елбасы ұстанған саясаттың өміршеңдігі мен жан-жақтылығын айқындайды. Мәселен, «Болашақ» Президенттік стипендиясының білім саласына жасалған ең үлкен ин­вестиция екені даусыз. Қазір осы зияткерлік бағдарламаның шапаға­тын көріп отырғандардың саны 13 мыңнан асты. Олар әлемнің 33 мем­ле­кетіндегі ең таңдаулы білім орда­ларында білімдерін жетілдіріп, тә­жіри­белерін шыңдап қайтуда. Өз елі­нің ертеңіне немқұрайлы қара­май­тын ел ғана мұндай ауқымды жо­баларды қолға алатындығы айт­паса да түсінікті.

«Елге ел қосылса – құт» деп хал­қы­мыз бекер айтпаған. Шетелдегі қа­зақтардың ат басын атажұртқа бұр­­ғызып, олардың тәуелсіз Қазақ елінің бір уығы болып қадалуына мүмкіндік беру де тарихтың жарқын беттері болып қаларына ешкімнің дауы болмас.

Сол сияқты Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында ат­қа­рыл­­­­­­­ған іргелі істердің бірі деп қа­зақ­стан халқы ассамблея­сы­ның құ­рылуын айтуға болады. Қа­зақ елі бір бірімен қабыспайтын, қиыс­пайтын сан түрлі ұғым-түсі­нік­терді, дүниета­ным­дарды жарас­тық­пен, өзіндік сә­німен, қисынын тауып қиыстырып отыр.

Адамзатқа қасірет шек­тір­ген жойқын қару­дан бас тартып, әлем жұртшылығын бей­бітшілікке, ынтымақ-бірлік­ке үндеген Қа­зақ­стан бүгінде бірлік пен қоғамдық ке­лісімнің алтын бесігіне айналды. Елі­міздегі тату­лықтың бірегей үлгі­сін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қа­зақ­стан­дық жол» және «Назар­баев моделі» деп баға береді.

Елордамыз арқа төсіне қо­ныс аударып, онда бүгін­гі­дей дәу­лет­ті де сәулетті қаланың бой кө­­теруі де тәуелсіздігіміздің жемісі, та­банды да қажырлы еңбектің нәти­жесі.

Біріккен Ұлтттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун мыр­­заның: «Назарбаев – әлемдік сая­­саттағы бітімгер саясаткер. Оның саяси шешімдері әлем басшылары үшін үлгі болуы тиіс» деуі Елбасы фе­­­номеніне берілген әділ баға екені даусыз.

Тұлғаны тарих тудырады, тұл­ғалар тарих жасайды. Ал қа­­­зақтың тарихында Елбасы айт­қан­дай, біз ұялатын ештеңе жоқ. Ке­­лер ұрпақ алдында жүзіміз жар­қын, жаһандық саясат сахнасында да мәртебеміз биік.

Мерей ҚУАТ

Тэгтер Елбасы

Соңғы жаңалықтар