Айман Мұсақожаева: Елдің рухани дамуына Елбасының сіңірген еңбегі өлшеусіз
Айман Мұсақожаева: Елдің рухани дамуына Елбасының сіңірген еңбегі өлшеусіз
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің дамуына, ұлттық мемлекеттілікті құруға қосқан үлесі орасан зор. Ол өз халқымен бірге халықаралық қауымдастықта Қазақстанның беделін мойындатудың қиын жолынан өтті. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттің заманауи моделін құруға мүмкіндік беретін негізгі бағыттарды алдын ала тани білді.
Тұңғыш Президенттің сындарлы саясатының тиімді, теңгерімді және дәйекті болғанын уақыт көрсетті. Қысқа ғана тарихи кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық және саяси сипаттағы бірқатар мәселелерді сәтті шешіп, алға қойған мақсаттарына қол жеткізді. Ол тарихқа қазақстандық мемлекеттіліктің негізін қалаушы ретінде кірді. Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым рухани құндылықтар жүйесіне сүйенетін. Сондықтан да болар, ұлттық мәдениеттің дамуы оның реформаларында маңызды орынға ие болды.
Олардың қатарында – «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» және басқа да бағдарламалар бар. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында қазақстандықтар өнердің әртүрлі салаларында - театр, кино, музыка, балет, бейнелеу өнері және т.б. дамуында айтарлықтай жетістіктерге жетті.
Елбасы өнерге қашанда ерекше көңіл бөліп келеді, ал шығармашылық адамдар үшін бұл үлкен қолдау. Нұрсұлтан Әбішұлы біздің қоғамда мәдени даму мен жоғары руханиятты қалыптастыру – экономикалық өсу мен халықтың әл-ауқатын жақсарту істерінің қатарында тұрған маңызды бағыттардың бірі деп санайды. «Қазақстан мәдениеті әлемдік мәдени мұраның ажырамас бөлігі болуы керек. Мұны әлемнің әртүрлі халықтарының мәдени құндылықтарын қабылдау жүйесінде нақты мойындау қажет», – деді Елбасы. Тұңғыш Президент отандық өнерді дамыту мен таратудың тетіктерін тамаша ойластырды.
Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауымен Қазақстанның жаңа астанасында Қазақ ұлттық музыка академиясын ұйымдастыруға мүмкіндік туды. Осы оқу орнының негізінде жоғары білімді мамандар даярлайтын Қазақ ұлттық өнер университеті құрылды.
Өнер университетінің шығармашылық жұмысы белгілі бір дәрежеде ерекше, өйткені фестиваль, конкурс, концерт, көрме, қойылым, шеберлік сыныптары және т.б. сияқты әртүрлі жұмыс түрлерін қамтиды. ҚазҰӨУ-де ұйымдастыру залы және Е.Рахмадиев атындағы үлкен зал жұмыс істейді. Ж.Жабаев атындағы үлкен зал және Ф.Шопен атындағы кіші зал да маңызды жұмыстарды атқаруда. Бұл алаңдарда әр түрлі жастағы студенттер, колледждер мен университеттер ұжымдарының оқытушылары мен профессорларының, шақырылған белгілі солистердің, дирижерлер мен топтардың шығармашылық кештері үнемі өткізіліп тұрады.
Ал қазір университет түлектері отандық өнерді дәріптеуден жалықпайды. Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым дарынды жастарды қолдайтынын атап өткім келеді. Университеттен бүгінде танымал түлектер шықты: Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткерлері Димаш Құдайберген, Сүндет Байғожин, Салтанат Ахметова және басқалар. Нұрсұлтан Әбішұлы шығармашылық зиялы қауыммен бірге стратегиялық міндеттерді іске асыруда маңызды рөл атқарды. Ол мәдени қайраткерлердің қазақстандық қоғам интеграторына айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Біз өз жұмысымыз арқылы әлемде мойындалған ұлттық мәдениеті бар тұрақты Қазақстанды құруға үлес қосуға жұдырықтай жұмылдық.
Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа елдегі маңызды мәдени жобаларға көрсеткен қолдауы үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Тұңғыш Президенттің бастамасымен Қазақстанда жаңа мәдени мекемелер, соның ішінде Қазақ ұлттық өнер университеті, «Астана Опера» театры және астанадағы «Қазақ концерті» мемлекеттік концерттік ұйымы, Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театры сияқты мәдени ошақтар ашылды. Н.Назарбаевтың мәдениет саласындағы көптеген бастамаларымен бұл мекемелердің барлығы да Қазақстан руханиятының тиімді дамуына ықпал етеді.