25 Ақпан 2016, 10:02 4968 0 Руханият "Түркістан" газетінің авторлары

Зуқа батыр - 150 жыл. Аласапыран замана арыстаны

 

Биыл тәуелсіздігіміздің 25 жылдық ұлы мерекесі. Азаттығымыздың рухы  асқақтар жыл. Алайда осы азаттықты  аспаннан түскендей көріп, тәуелсіз елдігіміздің құнына жетпей, бағалай алмай жататын кездеріміз аз емес. Сондықтан өткенімізге тереңдей үңіліп, тарихымызды тани білген сайын өзімізге, ел-жұртымызға, жерімізге деген құрметіміз артып, отаншылдық сезіміміз ұлғая түседі. Үш жүзге жуық жыл бодан болған халықтың шынайы тарихы әлі түгенделіп болған жоқ. Осы жылдарда отаршылардың қанқұйлы езгісіне, бодандыққа мойынсұнып, қол қусырып қарап отырған да халық емеспіз. Әр таңы азаттық үшін күреспен атып, әр күні ертеңгі еркіндігін жақындатқан үмітпен батқан «ежелден еркіндік аңсаған» күрескер ұлтпыз. Міне, осындай ұзақ жылдық күрестің нәтижесінде бүгінгі тәуелсіз күнімізге қол жеткіздік. Солай болса да бодандықтың бойға сіңіріп жіберген уын бір демде немесе ширек ғасырда жойып жіберу де оңай емес екеніне көзіміз жетіп отыр. Халқымыздың тарихын тереңдеп білген сайын тәуелсіздігіміздің құндылығы арта түспек. Сол жолда басын бәйгеге тіккен батыр жайлы баяндасақ дейміз. Өйткені ер тарихы – ел тарихы. Ондай батырымыз көп, сол батыр бабалар арқасында осындай ұлан-байтақ далаға иелік етіп отырмыз. Батырсыз ел – баянсыз ел.

«Аспан асты елі» деп бейресми айтылып жүрген Қытайдың батыс аумағын алып жатқан-өлке ежелгі Шығыс Түркістан. Осы өлкенің Алтай, Тарбағатай, Іле алқабында тұтастай қазақтар тұрады. Олардың бүгінгі саны екі миллионға жуықтайды деп есептеледі. Қос империяның жер бөлісу саясатының салдарынан атамекенінде тұрып-ақ бөгденің бодандығында қалған қандастарымыз. Қазақ тарихының бір үлкен құрамдас бөлігі. Сол халықтың қамын ойлап, тәуелсіздік, азаттық, еркіндік жолында жаным пида деп бар ғұмырын күреске арнаған қаншама батыр, бағлан тұлғалар өтті. Соның бірі һәм бірегейі, түк бітірмей тірі жүргеннен, ерлікпен бір күн өмір сүргенді мақсұт тұтқан, ел үшін жасаған ерлігі даңқын шығарған, аты тірісінде аңызға айналған әйгілі Зуқа батыр.

Зуқа батыр Сәбитұлы – Х1Х ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ел-жерімен бөтен жұрттың бодандық езгісінде қалып қойған қазақтарды аумалы-төкпелі заманның алуан түрлі апатынан қорғап, басшысыз, биліксіз, қорғансыз, қарусыз халқын жан-жағынан талап, тонап, басымшылық көрсетіп қанаған үстем өкіметтің өктемдігінен қызғыштай қорып, қажет кезінде қарсы тұрып, әлеуметтік теңсіздіктермен өмірінің соңына дейін бел шешпей, аттан түспей аяусыз күрескен қайраткер, қолбасшы тұлға, қайсар батыр.

Зуқа батыр Сәбитұлының туғанына биыл 150 жыл толады. Ол 1866 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданының Кендірлік деген жерінде дүниеге келген. Зуқаның әкесі шығыс өңіріне аса танымал – Сәбит молла. Арғы атасы Нұрмұхаммед абыз. Сәбитті жеті жасында Үпі қаласындағы Уәлдан хазіретке жетектеп апарып аманат етеді. Ол он тоғыз жыл оқып, Бұқара, Қазан, Самарқанды аралайды. Сәбит жиырма бес жасқа толғанда оның ақыл-ойына дән ыразы, пәтуа-пайымына тәнті болған хазірет Уәлдан немере қызы Бәтиманы жары етіп, ақ батасын беріп, ақ жолын тілеп, аса таяғын қолына ұстатып: «Мынау сырлы таяқ, жеті пірдің қолынан өткен, шаршағанға дем болады, ауруға ем болады, жаныңнан тастама», – деп атамекеніне аттандырыпты. Сәбит Марқакөл, Маңыраққа мол біліммен оралды. Туған топырағы Қалба тауындай қормал, жүзген көлі Жайсаң көліндей жайсаң азамат болыпты. Ол атасы Нұрмұхаммед құсап Құдайдың құдыретімен қыранша қалықтап ұшып, аспан-көкті шарлап, Абылай ханның ақ туын жебеп аңызға айналмаса да халқына қалтқысыз қызмет қылады. Ел үмітін ақтар, ертеңгі жер иесі жас ұрпақтың жадына білім нұрын төгеді. Ел-жұртына әспеттеліп, әйдік мәртебе Дамолда атанды. Ласты, Тасты, Буыршын, Тарбағатайға төрт бірдей медресе ашып, бар ғұмырын бала оқытуға сарп етеді. Осы мешіт-медреселерде бес жүзден астам бала оқып, қара танып, діни білім алса керек. Жас Зуқа да қаршадайынан мол діни білімді әкеден, сондай-ақ, осы өлкеге дін тарату үшін жіберілген Мұхаммед Мумин ишаннан сабақ алады.

Жасынан зерек, қимыл-қарымы бөлек, қабылеті ерекше, діни білімі зор, шариғатқа жүйрік, хат біліп, қара таныған, есеп-шотқа жүйрік, алғыр бала Зуқа ел көзіне ерте түседі. Енді ғана жетіліп, ат жалын тартып мініп, ел ісіне араласа бастаған шағында Майқапшағайда әкесі қайтыс болып, тағдырдың тауқыметін тартады. Төрт баламен жесір қалған ана, бұғанасы қатпаған інілерінің ендігі өмір-тағдыры өзіне тікелей тәуелді екенін түсінеді. Қалбадағы болыс болмақ және әмеңгерлікке үміткер ағайыны оларды қасына көшіріп әкеледі. Зуқа байдың жылқысын баға жүріп, жетім мен жесірге, кедей мен кепшікке бай-төрелердің батқан тырнағын ерте сезінеді. Кеше өзі табынып өскен ел ағаларының атақ-даңқ, шен-шекпенге таласын көргенде олардың ит жыртыс тірлігінен түңіліп кетеді. Әлсіздерге әлімжеттік көрсеткендерге қарсы келіп, ылғи да жоқ-жітіктердің жанынан табылады. Әлдекімнен зорлық, қорлық көріп тауаны шағылғандар жас та болса қара бұқараның қамын жеп жүрген бозжігіт Зуқаға келіп, арыз-арманын айтып, шағымданатындар саны молаяды. Ал Зуқа болса, оларға шамасы келгенше қол ұшын беріп, көмектесуге тырысып бағады. Сонымен қатар Зуқаның тез арада ес жиып, ел ісіне араласуына іргесі тиіп тұрған, төбеге шықса төбесі көрінетін Жидебай жерінен, Шыңғыс тау баурайынан қалықтай ұшып, қағып алғаны ауыздан ауызға лезде тарап, құйма құлаққа құйыла кететін, зейіндінің жадында жатталып қалатын, ұйқыдағыны оятып, ояуды сергітіп, көзі ашықты серпілткен Абай өлеңдері еді деуге әбден болады. Кейінгі көз көргендердің айтуында, Зуқа әлдебір мәселеге шешім айтарда Құран аяттары, Пайғамбар хадистерімен қатар Абай өлеңдерін қатарластыра атап өтеді екен. Осының барлығы Зуқаның халықшыл болып қалыптасуына әсер етсе керек. Ондай көкірегі ояу, көреген «бұзық» ақ патша ұлықтары мен өзара шен үшін итше ырылдасқан ел басшыларына ұнамайды. Осындай заман зардабына төзбеген Зуқа өзіне қарасты және тілеулес ағайын-жұртты ертіп, Сайқыннан орыстың бодандығынан аулақ Сауырға барып қоныстанады. Бұнда да қой үстіне бозторғай жұмыртқалап тұрмағаны белгілі. Сөйтсе де, ата-баба жолымен шәкірт тәрбиелеп, бала оқытып, айналасына ғылым-білім нәрін құя жүріп, әділдікке жетсем деп ойлайды.

Діни білімі мол, шешен тілді, шариғатқа жүйрік, атақты дамолла Сәбиттің мирасқары Зуқаны сол аймақтың ең үлкен лауазым иесі, Әбілпейіс хан баласы Көгедайдың немересі Жеңісхан гүң өзіне шақырып, медресе молласы етіп тағайындап, кейін дау-шарға да араластырып отырады. Зуқа молла алдына келген «айыптыға» үкім шарапатты шариғат сөзін сөйлеп, біреудің ақысын алып берсе, енді біреудің кеткен есесін қайтарып берді. Бай-шонжарлардың көтензорлық қылып алған алымдарын әшкере етеді. Оның бұл қылығы әлсізді жәбірлеушілерге жақпайды. Осындай қоғамдық теңсіздікке жаны қас Зуқаға мешіт бағып, медресе ұстап, тамағын асырап, бала оқытқан өмірі зая кетіп жатқандай көрінеді. Бес шәкірттің алдында сопы болып сопайып отырған жылдары ерлік жігерін жасытып, қайрат күшін қапаста қамап қалғандай болды. Жасықтығы меңдеп, жалғызсырап, заманы азаматтық арына лайықсыз өтіп жатқандай сезінді. Ол жалғыз күнде шешім қабылдап, моллалықты тастап, елі ішіне көшіп кетеді. Осы күннен бастап ұстаздық емес, жалпы ұлтқа қызмет ету жолына біржола түседі. Осы жолдан өле-өлгенше тайған жоқ.

Zuqa-batirЗуқаның қайтып оралуын ағайын-туыс, жегжаттары «ат болар құлынымыз, азамат болар ұлымыз келді» деп қуанышпен қарсы алады. Ерулік-қарулық деп қорасына қой салып, белдеуіне ат байлап, байытып тастайды. Зуқа: «Мен сендердің орталарыңа баю үшін, мал-дәулет жинау үшін келгенім жоқ. Ас-суыма жететін өзімнің де бес-алты ұсағым бар, мінерге атым сай. Бұдан былай мұндай қылық жасауды доғарыңдар», – деп оларды тыйып тастайды. Маңайына елдің кедей-кепшіктері, басқадан зорлық-қорлық көргендер, жоқ-жітіктер топтаса бастайды. Оның үстіне басы шағын, санды аз руластарының белді рулардың билеушілерінен тартып отырған сазайы да кем емес екеніне көзі жетеді. Зуқаның талай тар жерден жол тауып, тартыста жеңіп шыққан кездері ел ішіне жайылып, батыр аты шығады. Айналасындағы бай-шонжарлардың қысымынан құтылу үшін «қонысымызды кеңейтіп, өрісімді молайтамыз» деген сылтаумен Сауырдан көшіп, өр Алтайға – Бурылтоғай, Бітеу өңіріне қоныс аударады. Зуқаның бұл өңірге келуін билік басындағылар да құптаған сияқты. «Бөліп-жарылды, бүтін елдің шырқын бұзды, бұзылған елді әскер шығарып қайтарып бер» деп шағым жасап барғандарға, «Елден шығып кеткен жоқ қой, бір ауданның іші екен, қалаған жеріне мекендесін. Бүлдіріп бара жатса көреміз» деген жауап береді. Қазақ, ұйғыр, дүңген, моңғол, араб, парсы, орыс, қытай, түрік қатарлы тоғыз тілді меңгерген, толық діни білімді, арғы-бергі елдің аужайына жетік, ақылы мен батылдығын қатар ұстанған батырды билік үшін пайдалануды да көздегені осы мақалдаудың астарынан аңғарылады. Біріншіден, бұл өлкеден сонау 1888 жылдан бері Бөке батыр бастаған көштен бастап елдің шеті сөгіліп, жергілікті езгіден жан сауғалаған халық ішкі аймақтарға топ-тобымен дүркін-дүркін қоныс аударып жатқан олқылықты толтыру үшін дақпырты өсіп, атағы жер жарып бара жатқан батырды елдің шетіне тосқауыл ретінде ұстау; екіншіден, елден, жерден қоныс аударған жұрт ес-жиып, етек-жеңін қымтағанша жаңа мекенге бауыр басып, жергілікті белді рулармен тіл табысқанша біраз уақыт керек; үшіншіден, өз ара қырқысы сап тыйыла қоймаған моңғол мен қазақтың шекара аймағына ұрымтал жерге қазақтың өз ішінен шыққан «айбарлы арыстанын» ұстап отыру еларалық тыныштықты сақтау үшін де септігін тигізеді деп есептесе керек. Биліктің бұл саясаты толығымен жүзеге асты деуге болады. Зуқа батыр жасақтары Алтай тауының ақырғы сілемі Бәйтік, Қаптық пен Бұлғын өзенінің батысқа бұрылар аңғарын жайлап-қыстап, іргелес, көршілес қоныстанған қазақтармен жиі тартысып қалатын моңғолдың бір қошуын (аудан – Б.Б) елін осы өлкеден ығыстырып тастайды. Осы жерлер кейін Қытай мен Моңғолия шекара сызығын нақтылағанда қытай қарамағында қалып қояды.

Зуқа батыр өр Алтайға келгеннен кейін де оның қарасы молая түседі. Оның төңірегіне тек жапа шеккен қазақтар ғана емес, қысым көріп, қиянат тартқан, азып-тозған ұйғыр, дүңген, сібе, қалмақ, мұңғұл, сарт, ноғай, татар қатарлы ру-ұлыс өкілдері топтаса бастайды. Осының бәрін бір атаның баласындай ұстап, айналасындағы азулылардан қорғау үшін қарулы күш керек. Зуқа батыр осы мақсатта жасақ құрып, оларға әскери жаттығу жасатып, айбат көрсеткендерге қарсы қойып отырады. Және де жергілікті биліктің «сары ноқта» салығы, «мал бажысы»-нан басқа үстемелеген «қазан алманы», «қара шығын», шен-шекпенділердің еңбек ақысы дегендей қара халықтан зорлықпен тартып алынатын алымдарынан үзілді-кесілді бас тартады. Осы қатарлы әрекеттерін ұлғайтып, өсіріп, «қарақшы», «тонаушы», «ұры» қатарлы неше түрлі ат-айдар таққан шағым-арыздар кесірінен сол кездегі Алтай аймағының орталығы Сарсүмбеде түрмеге қамалады. Түрмеде бір жыл отырып, елдің ақылды атасы атанған Мәми бейсі қатарлы ел ағаларының ат салысуымен түрмеден босап шығады.

Зуқа батыр түрменің түбін көріп, азабын тартып шықса да өзінің ұстанған бағытынан бас тартпайды. Өзінен пана іздеп келгендерді ұлтына, дініне, нәсіліне қарамастан қарамағына алып, қанатының астына қорғалата береді. Сондықтан ел ішінде «зәбір көрсең Зуқаны ізде» деген тәмсіл сөз қалыптасады. Сөйтіп Зуқаның күші күннен күнге арта түседі. Оның атақ-даңқының аспандап, Алтайдан асып бара жатқаны кімге ұнасын! Ел басшылары Зуқа батырды қалайда тұсап, тырп еткізбей ұстап отыру үшін талай айла-шарғыны істеп бағады. Тұтқиылда тап берген жазалаушы топпен айқасқан бір соғыста оң жақ саусағының басы мен оң қабағын қылыш шауып түседі. Зуқаның жасақтары жазалаушы әскери отряд шеріктерін түгел қолға түсіріп, қарусыздандырып, оқтарын алып, құр құралдарын қолдарына ұстатып: «Дауиыңа айтып бар, енді қайтып менің маңыма баспайтын болсын», – деп қайтарып жібереді. Зуқа батырға шамасы жетпейтінін білген жергілікті билік енді басқадай әрекетке көшеді. Соның бірі Зуқа батырды үгіттеп, қажылыққа жіберсек, Байтолланы көріп қайтса жуасып, имандылық жолына түсіп, ел ісіне араласпайды деп ойлайды да, «Сәбит дамолланың аманаты, әке парызын» орындау үшін қажылыққа баруды көлденең тартады. Өзінің де ниеті болған Зуқа батыр бұл ұсынысты қабыл алады. Бірақ елден жинап берген 500 ұсақ, қаншама ірі қараны кедейлерге, ауқат-тұрмысы нашарларға таратып жібереді. Мол сауапқа кенеледі. Сөзінде тұрып, бір жыл қажылық сапарына дайындық жасап, 1905 жылы Меккеге аттанады.

Зуқа батырдың қажылық сапары жөнінде оның немересі, Ыстамбұл қаласының тұрғыны Құдұс Шолпан Түркияның «Башак» газетінде жуырда жарияланған мақаласында: «1900 жылында “Боксшы көтерілісі” деп аталған оқиға кезінде, Османды патшасы 2-Абдұлхамит ханның бастамасымен Қытайдағы мұсылмандар Ыстамбұл арқылы қажыға бара бастаған еді. Зуқа батыр да 1902-1903 жылдары ұстазы және нағашысы болатын Мумин ишанмен бірге қажыға аттанды. Екеуін делегация басшысы ретінде 2-Абдұлхамит “Йылдыз Сарайы” атты ордасында құзырына қабылдады. Осыны Ыстамбұлда қайтыс болған Ақыт қажының немере туыстарынан Абдұсселам Айқанат қажыдан тыңдаған едім» деген мәлімет келтіреді. Бұл аса маңызды әрі анықтауды қажет ететін өте құнды ақпар. Зуқа батырдың қазіргі баспасөзде жарияланып жүрген фотосы осы қажылық сапарында,1906 жылы Ыстамбұлда аялдаған кезіндегі бірден бір суреті. Және де осы мақалада 1943-1951 жылдардағы қытайдағы қазақ ұлт-азаттық көтерілісінің бас қолбасшысы Оспан батырдың әкесі Сләмбай Зуқа батырдың досы болғандығы, жас Оспанды батыр өз баласындай өсіргендігі айтылады. Сондай-ақ, Зуқа батыр Оспанға “Қазақтың кері жақ батыры атанарсың!” деп бата бергені ел ішіне кең тараған сөз. Ал Оспан өз кезегінде Зуқа батырды “пірім” дейді екен.

1920 жылдардың басы болса керек, қытайдағы қазақтарға «Алашорда» үкіметі атынан Райымжан Мәрсеков бастаған өкіл келеді. Сонда Алтай өлкесін басқарып отырған атақты, Мәми бейсі: «Басқа таудың ығындағы елміз. Қарап тұрған ханымыз, бағып отырған байымыз бар. Бір байдан шығып, екінші байға тиген қатын жақсы болушы ма еді. Шаңырақ көтергендеріңе қарсылығымыз жоқ. Бірақ дәл мынадай заманда көтермекші шаңырақтарыңның баянды болатынына көзіміз жетпейді», – деп қайтарған екен. (Мағаз Разданұлы, «Алтайдың ақиықтар»). Кешікпей қызылдардан жанын қоярға жер таппай қашқан ақ орыстар Шыңжаң өлкесіне басып-жаншып кіріп келеді. Ақ орыстың атаманы Бәкішке төтеп бере алмаған қытайдың осы өлкедегі Жу деген губернаторы өзін-өзі атып өлтіреді. Ашынған, азып-тозып жеткен Бәкіш иесіз елге лаңды салып береді. Елдің қолындағы ат-көлік, азық-түлікті тартып алады. Көрнекті тарихшы Асқар Татанайұлы бұл жайында: «1921 жылы қызылдардан жеңіліп қашқан ақ орыс армиясы шекарадан басып кірген кезде, Алтайдың билеушісі Жоу-дау иың (Жоу-у шуө) қорыққанынан өзін-өзі өлтірді де, әскерлері Үрімжіге қашып кетті. Тек атамекенін қимайтын жергілікті халық, қазақтар мен моңғолдар ғана табандылық көрсетті. Жергілікті халықтан шыққан Зуқа секілді рубасылары ақ армияға берілмей, айтқанын орындамай, оларға ат-көлікпен көмек көрсетпей, олар Моңғолияға өткен кезде оқ атып, аттандырып салды» – деп жазады. Бұл кезде Зуқа батыр маңына жергілікті халықтың жәбір көріп, күйзелгендерімен қоса сарт, ноғай, татар, орыс, ақ пен қызылдан қашқандар, ел-жерінен босқандар топталады. Зуқа батыр бір рудың ғана күнін жоқтаған жеке батыр емес, жәбір көрген, жапа шеккен жалпы жұртқа пана, қорған болған ұлттық ірі тұлғаға айналған-ды.

1921 жылы Қызыл армиядан қашып, Қазақстан жеріне тұрақтай алмай аласұрған ақтың атманы Бәкіш (Бакиш) армиясы да жолындағы елді жайпай отырып Сарсүмбені (қазіргі Алтай қаласы – Б.Б) басып алып, осында біраз тұрып, әл-қуатын тыңайтып, ат-көлік, күш жинау мақсаты болғанымен қазақтың дала көкжалына кезіккенін сезеді. Ол Зуқа батырды бірнеше рет келісімге келуге шақырып, әскерін ат-көлік, азық-түлікпен қамтамасыз етуді талап етеді. Олай болмаған күнде зеңбіректен атқылап, майдан ашып, күлін көкке ұшыратынын мәлімдеп елшісін жібереді. Ақтардың ауанынан Зуқа батыр әуелден-ақ хабардар еді. Жиырмасыншы жылдары ақ пен қызылдың соғысынан қашқандар да қолтығына келіп паналаған болатын. Зуқа батыр: «Өр Алтайға аттап бассаң әкеңді танытам, ажал құшасың. Қара Ертістен өтсең қаныңды ішемін! Менің елім айғырдың боғындай үйіліп жатқан қаланың халқы емес, шашудың құртындай шашылып жатқан даланың халқы! Менің батырларым мен мергендерім әр тастың тасасында, әр бұтаның түбінде жатыр! Келсең-кел, Ертіс бойында тосып аламын!», – деп жауап береді. Зуқа батыр онымен қоймай Бәкіштің елден зорлықпен тартып алған екі табын жылқысын бір түнде айдап әкетеді. Жан сауғалап Сарсүмбе қаласынан қашып шыққан қытай, дүңген, ұйғыр, сібенің жүзден астам жаяу-жалпы түтінінің алдынан қарулы жасақ аттандырып, аман-есен қара Ертістен өткізіп, бір жыл бағып, Шонжы өңіріне жеткізіп салады. Зуқа батырдың бұл әрекеттеріне зығырданы қайнап, тұлыбына сыймай тұлан тұтқан Бәкіш ел басыларын жинап алып: «Зуқаны қалай құртуға болады?» – деп сұраған екен, сонда Нақыш шешен тайсалмастан: «Ол көптің қамын жеді, мыналар боқтың қамын жеді; оның ісінің бәрі дұрыс еді, мыналар бұрыс деді; Ол көк ит, ал мыналар көп ит; Ол аю, ашынса қонжығын да жеп қояды, қорғасынмен ғана аласың» деген екен. Сарсүмбеде ұзақ тұрса артынан жетер қызыл әскер мен алдынан тосқан аюдан құтылмайтынына көзі жеткен Бәкіш жедел қамданып, Моңғолияға өтіп кетеді.

ХХ ғасырдың аяқ шенінде Алтай өңіріндегі қоғамдық жағдай күрт күрделеніп, саяси ахуал асқына түседі. Алтай елінің губернаторлығына және қорғаныс басшысы болып Ви Жыңго деген келеді. Ол келе сала халыққа қанды шеңгелін салады. Алман-салықты үсті-үстіне арттырып, халықты тұралатып, күйзелтіп жібереді. «Алтайды мекендеген ел,– деп жазады осы жайында жазушы Жақсылық Сәмитұлы «Қытайдағы қазақтар» атты кітабында,– Ви Жыңгоның бұл зұлымдығына шыдамай, қарсы келе бастады. Солардың бірі – ителі руынан шыққан Зуқа Сәбитұлы болды. Зуқа бұдан бұрын да қазақ ішіндегі би-төрелердің алман-салығына қарсы шығып, маңайына кедей-кепшік, батырлардан жасақ жинап, өзінің бір топ елімен жеке көшіп, дара қонып жүрген адам еді. Байлардан, билерден қорлық, зомбылық көргендердің көбі соның қанатының астына барып паналап жүрген... Бұрын ел басыларының қысымына қарсы жүзіп, тайсалмай төтеп беріп келген батыр Зуқа енді Ви Жыңгодан да қорқып ығыса қойған жоқ, оның алман-салығынан ашық түрде бас тартты. Зуқа батыр Ви Жыңгоның атарман-шабармандарын өр Алтай маңына аттап бастырмады... Ви Жыңго өз мақсатына жету үшін ең алдымен Зуқаны жоғалтпай болмайды деп есептеді. Бірақ Зуқаны әскери күшпен басып алуға шамасы келмейтінін түсінді».

Ви Жыңгоның зұлымдығы ақыры Зуқа батырдың түбіне жетеді. Зуқа батыр жас шамасы алпыстан асып, Пайғамбар жасына келіп, араны қанға тоймаған алпауыттың жұтпай тынбайтынына көзі жетсе де басын иіп, тізесін бүкпестен тік тұрып ажалды қарсы алады. Осы ажалдың келер күнін, келетін шағын да сезген дейді. Айқай салып, аттандап төбеге шықса, сақ отырған сарбаздары сарт етіп жиылып, бір мезетте ту түбінен табылар да еді. Алайда Зуқа батыр өзінің мына зарлы заманға келгендегі миссиясының біткендігін толық түсінді. Бұ дүниелік ғұмыры бітіп, о дүниелік өмірі басталатынына бойұсынды. Жазмыштан жалт бұрылып, жазылған сызықтан жалтара алмасын білді. Тағдырына иілді. Сондықтан да ол аздаған жыл болса да заманның рахатын көріп, өрісі кеңіп, өресі толып, өңі кіре бастаған елінің тәтті күндерінің шырқын бұзғысы келмеді. Айрандай ұйыған елінің жалғыз түнде қанжоса болып қотарылып жайрап қалуын қаламады. Бір жан болса да жалғанның жарығымен қоштаспауын тіледі. Өз үйін аулақтап, жеке дара оқшау қондырды.

1928 жылдың күзі. Ел жайлаудан күзеуге жаңа ғана түскен шақ. Зуқа батырдың қосындары бытырау-тарау, негізгі күштерінің ауылда жоқ екендігінен жансызы арқылы хабар алған Ви Жыңго жазалаушы отрядын дереу Зуқа батыр ауылына аттандырады. Түн жамылып келген жазалаушылар ауылға тұтқиылдан шабуыл жасайды. Зуқа батыр үйіне басып кірген жендеттердің жетеуін жайратып салып, артынан тиген оқтан ортадағы ошақты құша құлайды. Жазалаушы жендеттер қатын-бала, үлкен-кішіге қарамай ауыл адамдарын қоршап алып, қырып салады, елуден астам адам шейіт болады. Батырдың басын кесіп, алып кетеді. «Өліні қорлау, жансыз денені көрсетіп жұртшылықты жасқандыру қытай әкімшілігінің баяғыдан келе жатқан жауыздық саясаты... 1928 жылы Зуқа қажының басын алып, Сарысүмбенің Қаракөпірінің түстік жақ оң босағасына ілу... сол жауыздықтың бір мысалы. Бұл – қытайдың кәзіргі әкімшілігі де мойындап, «ол бұрынғы заман озбырлығы» деп сипаттап жүрген тарихи шындық» деп жазды Хасан Оралтай «Елімайлап өткен өмір» кітабында.

Зуқа батырдың ел қорғап, жерін сырт басқыншылардан азат еткен ерлігі үшін қазіргі қытай билігі де елдің шекарасын кеңейткен белді тұлға ретінде Зуқа батырға іш тарта қарайды. Оның жатқан қорығын жөндеп, басын қарайтуға, басына ескерткіш-белгілер қойып, ас беріп, атақ-даңқын әспеттеуге шек қоймай отыр.

Соның басты бір куәсы Зуқа батыр жайлы қытайда соңғы жылдарда екі тарихи роман дүниеге келді. Оның бірі – Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» романы болса, екіншісі, қырық бес жыл түрмеде отырған Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романы. Сондай-ақ, Зуқа батырдың кейінгі ұрпақтары туралы жазылған Бай-ахмет Жұмабайұлының «Сағыныш» романын да осы қатарға жатқызуға болады. Оның сыртында Зуқа батыр туралы жырланған жыр-толғаулар, айтылған арнау-жоқтау, аңыз-әңгімелер, жазылған хикаяттар да бірнеше кітапқа жүк боларлық. Зуқа батыр туралы Моңғолия, Түркия, АҚШ, сондай-ақ Еуропаның бір шама елдерінде тарихи зерттеулер мен әдеби шығармалар жарық көрген. Ал биылғы жылы Зуқа батырдың 150 жылдығы Еуропаның 11 елінде аталып өтілмек. Елімізде осы жолдардың авторының «Зуқа батыр» (1999 ж) поэмасынан басқа көлемді, арнайы көркем шығармалар жарық көрмесе де зерттеу еңбектер, шет елдерде тұратын қазақтар арасынан шыққан қазақтың ұлт-азаттық жолында күрескен көрнекті тұлғалар жайлы бұған дейін айтылмай келген құнды деректердің көзі тәуелсіз ел болуымыздың арқасында енді-енді ашылып көзайым болып жатырмыз. Әрине, бұл елім деген ер жайлы айтылар сөздің алды ғана, көшелі кесек сөздің кезегі келешек еншісінде болса керек.

Зуқа батыр туралы әдеби-көркем шығармалардың өзі арнайы зерттеуді талап етеді. Осы тұрғыдан келгенде академик С.Қирабаев айтқандай: «Қазақ халқының рухани мұрасы тек бүгінгі Қазақстан жеріндегі ұлт өкілдері еңбектерімен шектелмейді. Тағдырдың тәлкегімен шет елдерге және бұрынғы КСРО көлеміндегі мемлекеттерге ыдырап кеткен қазақтардың әдебиеті мен мәдениеті де біздің ұлттық байлығымыздың бөлінбес бөлігі».  «Қазақ халқы оқшау этнос болып тарих сахнасына шыққаннан бергі кезеңде белгілі тұлғалардың жоқтаусыз қалғаны жоқ деуге болады» (Ақселеу Сейдімбек) дегеніндей Зуқа батыр соңынан айтылған жоқтау-өлеңдер мол. Батырдың тағылымдық болмысын, қадір-қасиетін көркем сөзбен өшпестей өрнектеген осы бір өлең-сөздердің бір парасын парақтап, пайымдар болсақ батырдың өмір сүрген кезеңіндегі қоғамның сиқын, замана ахуалын, халықтың тіршілік-тынысын, арпаласты аласапыран жылдардың ұсқын-кейпін тануға көп мүмкіндік береді. Мәселен, ел басына күн туған заманда Зуқа батырдың ұлы Солтаншәріппен бірге ауа көшіп, Такламакан шөлін кесіп өтіп, Гималай асып, 1979 жыл Түркияда дүние салған, кезінде Зуқа батырдың шабарманы болған әрі ақын Рамазан Бұтақбайұлы жоқтауында:

Көрсеткен аят хадистен,

Терең сөйлеп жарысқан.

Пәту, дәлел беретін,

Ақылға жүйрік данышпан.

........................................

Кәпір десе қарысып,

Өле өлгенше алысқан.

Қайратын бабам білген соң,

Қарсы болған қу дұшпан.

Тізгін бермей жауына,

Ақырып өткен арыстан... – деп толғаса, 1912 жылы Ақ аралдан (Шығыс Қазақстан) көшіп өр Алтайға тұрақтанған ақын Арғынбек Апашбайұлы «Абақтың ардагерлері» атты көлемді толғауында:

Сөйлесе қажы Зуқа сөзі

қандай,

Толымды қарағанда

көзге маңдай.

Молдалық һәм жомарттық,

адамшылық,

Табылар бір өзінен

ойлағандай.

Пәлен деп айтатұғын

мінезі жоқ,

Бір басына мін тауып

қоймағандай.

Мүбада қолына алып

жұрт ұстаса,

Қай жерге делегат боп

сайлағандай.

Бір хикымет бар шығар

ойлағанда,

Кісі ғой адам қарап тоймағандай... – деп Зуқа батырдың кісілік келбетін, адамгершілігін аша жырлайды. А.Апашбайұлы Зуқа батырдың қайғылы қазасын естігенде

Арғынбек аға шайыр

өзім атым,

Дөртуыл сүйегіміз,

найман затым.

Абақтың қажы Зуқа

бұлбұл еді,

Алыстан тілеулес боп

жазған хатым.

Бес қонып үйіңізге

Талдысайда,

Көріп ем ауылыңыздың рахатын... – деп бастап, ұзақ жыр-жоқтау жазып хат жолдайды.

Осылай болса да қоғам қайраткері, жазушы-зертеуші Уақап Қыдырханұлының айтуынша, әлі ешкім Зуқа батыр туралы жеріне жеткізіп жаза алмаған көрінеді. Бұл тарихымыздың әлі де түгенделмей жатқан, түсіп қалған бір беті, оның ашылмай, анықталмай жатқан сырлары мен қырлары ұшан теңіз. Елі үшін, жері үшін өле-өлгенінше басын бәйгеге тіге жүріп, сол жолда алтын жаны шаһит болған ер, батыр бабаларымыздың өмір сүрлеулерін, саяси күрескерліктерін, қоғамдық қызметтерін жырақта қалған уақыттың қатпар-қатпар қойнауынан қажымай, талмай аршып, алып шығып, толықтай шынайы зерттеп, соны жас ұрпақтың санасына құю тәуелсіз еліміздің талабы, соны орындағанда ғана біз бүгінгі азат күндеріміздің бағасына жетіп, мәңгілікті мұрат еткен арманымызды орындай алмақпыз.

 

Бақытбек Бәмішұлы,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

филология ғылымдарының кандидаты

 

Соңғы жаңалықтар