Полиция департаменті блокпосттар қай жерге қойылатынын айтты

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов қала маңындағы арнайы бекеттердің жұмысын баяндады.

«Нұр-Сұлтан қаласына автокөлік құралдарының кіруіне және шығуына шектеу енгізілді. Қалаға кіретін барлық жерлер жабылып, 6 арнайы қадағалау бекеті қойылды. Оларда тәулік бойы Қорғаныс министрлігінің әскерлерімен бірге полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Бұл бекеттер елорда маңындағы Жібек жолы, Қосшы, Талапкер, Қараөткел, Қоянды ауылдарының маңында орналасқан», – деді департамент басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде. Сонымен бірге, Алматы, Көкшетау, Қостанай, Павлодар қалалары мен Ақмола облысының Қорғалжын және Қабанбай батыр ауылдары сынды барлық бағытта халықтың қозғалысы шектеледі. «Бұған дейін қала аумағынан шығып кетіп, қайта оралған Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына ғана басымдық беріледі», – деді Е. Сәденов.

Бұған дейін карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына блокпосттар қойылып, көлік пен азаматтардың қозғалысы шектелетіні хабарланған еді. Екі мегаполиске кіріп-шығуға рұқсат берілгендердің тізімін әкімдіктер анықтайды.

Back to top button