Сәрсенбі, 30 Қараша, 2022

Қостанай облысында 20 адам карантинге жатқызылды

Қостанай облысында 1А санатына кіретін елдерден келген 20 адам провизорлық госпитальға жатқызылды, – деп жазды ҚазАқпарат.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Сәуле Нүрпейісованың айтуынша, COVID-19 коронавирус инфекциясы өршіп тұрған елдерден келген азаматтар қатаң бақылауда.

«1А санатына жататын Испания мен Германиядан келген 20 Қазақстан азаматы тіркелді. Бірақ бұдан үрейленудің қажеті жоқ, өйткені аймақта коронавирус жұқпасы жоқ. Қазіргі уақытта олар Тобыл қаласындағы провизорлық госпитальда жатыр. Жағдайлары қанағаттанарлық. Сондай-ақ, Швейцариядан келген (1В санаты) 1 адам үй карантинінде. Ал, екінші санат бойынша тұрғылықты жерінде орналасқан жеті адамды медицина қызметкерлері 14 күн бойы қоңырау шалу арқылы бақылап отырады», – деді Сәуле Нүрпейісова.

Жалпы Қостанай облысында 695 төсек-орынмды қамититын провизорлық госпитальдар ашылды. Инфекциялық стационарлар Қостанай облыстық ауруханасы мен Рудный қалалық ауруханасының базасында орналасқан. Ал, сырттан келгендерді оқшаулауға арналған провизорлық стационар Тобыл қаласында орналасқан.

Сондай-ақ, «Дружба» санаторийінде және Қарабаев оңалту орталығында карантиндік резервтер дайындалды.

«Ресей Федерациясымен шекарада 8 санитарлық-карантиндік пункт құрылды. Онда тәулік бойы медицина қызметкерлері, эпидемиологтар және шекара қызметтері жұмыс істейді. Жалпы, өңірдегі жағдай тұрақты. Коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар жоқ», – деді баспасөз хатшысы.

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button