Жаңалықтар

2015 жылы Қазақстанның алтын қоры 205,7 тоннаға жетті

ашық дереккөзі

2015 жылы Қазақстанның алтын қоры 205,7 тоннаға жетті

Соғыстан кейінгі даму кезеңінде сауда-саттық көлемі күрт артты, валюталар айырбастау курсы тұрақтанды. 50-жылдардан соң көптеген елдер алтын қордың орнына валюталық қор құра бастады.   Бұл кез Еуропа елдерінде ұлттық экономикалардың әлеуеті артқанымен, халықаралық саудадағы доллардың басымдығынан олардың төл валюталары тұрақсыздыққа ұшырады. Елдер арасындағы алыс-беріс көбейіп, доллар негізгі сауда құралына айналғанда, Бреттон-Вуд келісім шарттары АҚШ-тың тынысын тарылтты. Себебі 1960 жылы бір унция алтынның ресми бағасы 35 доллар болғанымен, нарықтық бағасы 40 долларға жететін. Егер сол тұста доллармен сауда жасайтын барлық елдер өз қорларындағы долларды алтынға айырбастауды талап ететін болса, АҚШ бұл шартты орындай алмайтын еді. Бұл тығырықтан шығуды көздеген әрі неғұрлым өз еліне тиімді шешім табуды ойлаған АҚШ президенті Ричард Никсон 1971 жылдың тамыз айында «алтын стандарттың» күшін жойды. Алтынмен қамтамасыз етілмеген доллар енді АҚШ ұлттық валютасы ретінде халықаралық қаржы алаңына жеке-дара шықты. Содан бері қырық жылдан бері көк қағазды көптеп басып, барша әлемді қағаз ақшамен қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі таңда АҚШ айналымдағы барлық бакстың тек 20 пайызын қамтитын алтынға ие. 1971 жылға дейін барлық ұлттық валюталар долларға, ал доллар – алтынға айырбасталып, осылайша тепе-теңдік сақталып келсе, доллар мен алтын тізбегін үзудің салдарынан валюталарды айырбастау курсы әр түрлі жағдайларға тәуелді болып қалды. Енді ұлттық валюталар мемлекеттің ЖІӨ-мен кепілдендірілетін болды. Бірақ бұл талпыныс та сәтсіз аяқталды. Қазір халықаралық ақша нарығын реттейтін нақты тетік жоқ деуге болады. Сол 1971 жылғы 1 доллар 2011 жылы 5,5 долларға тең болған деседі. Яғни, қырық жылда АҚШ ақшасы бес жарым есе құнсызданған. Арзан ақшаның көпіршігі 2008 жылы әлемдік қаржы дағдарысын тудырғаны мәлім. Есесіне, осыдан соң алтынның бағасы күрт қымбаттады. Қазір бір унция 1230 доллар шамасында. 1971 жылдағы баға – 35 доллармен салыстырып, доллардың алтынға қатысты қаншалықты құлдырағанын өзіңіз есептеп көріңіз. АҚШ долларының ештеңемен кепілдендірілмеген күмәнді келешегіне алаңдаған басқа мемлекеттер валюталық қорларын алтын қорына ауыстыруға ойыса бастады. Әсіресе, соңғы бес жылдықта алтын қорын көбейтуде Қытай көзге түсті. Былтыр маусым айында Қытай Халық банкі елдің алтын қоры 1658 тоннаға жеткенін хабарлады. Шілде-тамыз айларындағы саудадан соң бұл қор 1693,6 тоннаға дейін артты. Кейбір деректер бойынша, бұл қор қазір 2700 тоннадан асқан. Яғни, кейінгі бес жылда қытайлық алтын қоры бірден 57 пайызға өскен. Соңғы жылдары Пекин алтын сатып алуда ерекше белсенді. Сырттан импорттаумен қатар Қытай өз еліндегі алтын өндірісін жолға қойды: 2007 жылдан бері алтын өндірісінің көлемі бойынша әлемде бірінші орынға шықты. 2013 жылдың өзінде бұл ел 430 тонна алтын шығарған. Соңғы жылдары Ресей де өз алтын қорын арттыруға кірісті. Батыстық экономикалық санкциялар, халықаралық саудада долларға деген тәуелділік Ресейді болашақ нәсіп туралы мықтап ойлануға мәжбүрлегендей. 2014 жылы Ресей алтын қоры бойынша әлемде алтыншы орында болған. 2015 жылы бұл елдің алтын қоры 1246,6 тоннаға жетті деген дерек бар. Осылайша, Қытай алтын жинаудан Ресейді басып озды. Алтын өндіру көлемі бойынша да Ресей қазір Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Соңғы жылдары Қазақстан да алтын сатып алушы үздіктер қатарына ілінді. 2015 жылдың сәуір-маусым айларында Қазақстан Ұлттық банкі 7,3 тонна алтын сатып алған. 2015 жылы елдің алтын қоры 205,7 тоннаға жеткен. Әйтсе де, әлемдегі алтын қоры бойынша алдыңғы сапта АҚШ пен Германия тұр. АҚШ-тың алтын қоры 8133,5 тонна делінсе, Германияның иелігінде 3381 тонна алтыны бар. Еуроодақтың жиынтық алтын қоры былтыр 10790 тоннадан асқан. Осылайша, қазіргі кезде еуро – халықаралық резервтік валюталар ішіндегі алтынмен неғұрлым көбірек қамтамасыз етілген ақша саналады. Себебі АҚШ доллары қанша тұрақты болғанымен, оның құны алтынмен де, басқамен де кепілдендірілмейді. Оның өзіндік құны – заманауи типографиядан шыққан қағазы мен оған жағылған сапалы бояудың бағасы ғана. Еуроодаққа мүше болғанымен, еуро аймағына кірмейтін Ұлыбританияның да алтын қоры қомақты: 310,3 тонна. Алтын қоры бойынша АҚШ-тың тізімде бірінші тұруы кездейсоқтық емес. Бұл мемлекеттің өз қорынан бөлек, мұнда әлемнің 60 елдің алтыны сақталады. Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында басқыншылықтан қорыққан көптеген мемлекеттер, әсіресе Еуропа елдері өз алтындарын қауіпсіз жерге уақытша сақтай тұруды ойлады. Жарты әлемді шарпыған соғыс өртінен шалғай жер Америка болатын. «Уақытша» делінгенмен, сол елдердің басым көпшілігі өз алтындарын АҚШ топырағына көміп қалдырғандарын сезген де жоқ. Ресми ақпараттарға жүгінсек, АҚШ алтын қорын Кентуккидегі Форт-Нокс қоймасында, Денвердегі Америка монеталық сарайда, Вест-Пойнт қоймасы мен Федералды резервтік банкінің қоймасында сақтайды делінеді. «Делінеді» деуіміздің гәбі бар. Себебі АҚШ-тағы алтын қоймаларында шын мәнінде кесек-кесек алтын қапталып жатыр ма, қатпарланып жатыр ма, әлде ондағы қоймалар жартылай бос па – ешкім нақтысын білмейді. Әйтеуір, АҚШ бұл қоймалардағы алтындарды баяғыда кепілге қойған, сатып жіберген не қарызға берген деген сыбыс кең тараған. АҚШ-қа сеніп тапсырған алтын қорын көп мемлекет сол күйі ала алмауы ғажап емес. Себебі осыдан 80 жыл бұрын жеткізілген алтын бүгінде АҚШ қоймаларында жоқ деседі. 2009 жылдың қазан айында АҚШ қаржы министрлігі Қытайға әрқайсысы 400 унция болатын 5600 құйма алтын жіберген. Қытайлықтар қатталған, мөрленген алтын кесектерін тексере келгенде, олардың бәрі алтын жалатылған вольфрам екенін анықтайды. Мұның арты үлкен дау-жанжал болғаны белгілі. Содан бері АҚШ қоймаларындағы алтынның бәрі баяғыда сатылып, алтындатқан вольфрам құймаларына ауыстырылған деген күдік күшейе түсті. Бірақ мұның қаншалықты рас-өтірік екенін білу мүмкін емес. Себебі АҚШ алтын қорына аудит жүргізілмегелі шамамен жарты ғасыр өткен. Конгресс мүшелері аудит жасап, елдегі алтын қорының есебін алу керек деп қанша сұрау салғанымен, бұл талпыныстарынан еш нәтиже шыққан жоқ. Ал Франция мен Германияның АҚШ-тағы өз алтын қорларын қайтару талпыныстары детективті хикаяға арқау болуға лайық. Әсіресе, Францияның бұрынғы президенті Шарль де Голльдің еңбегі ерекше. Шарль де Голль кезінде АҚШ-тың қаржылық саясатымен келіспейтінін ашық айтып, елдегі долларлық қорды алтынға айырбастауды талап етті. Генералдың табандылығының арқасында 1965 жылдың өзінде Франция 874 миллион долларды алтынға айырбастаған. Айырбастап қана қойған жоқ, алтындарды бірден өз жеріне тасып алды. Осыдан соң Францияның алтын қоры 4400 тоннаға жетіп, бірден еуропалық елдердің алдына шықты. Голльдің істегенін қайталау екінің бірінің қолынан келмес. Бүгінге дейін АҚШ-тағы алтын қорын қайтаруда аз-маз жетістікке қол жеткізген елдер – Германия мен Голландия. Германия соңғы жылдары алтын қорын ұлғайтуға кірісті. Нью-Йорк, Лондон мен Париж биржаларында алтынды тонналап сатып алып, сақтауға сол жерлерде қалдырып келеді. Германияның 3381 тонна алтын қорының шамамен бір мың тоннасы ғана неміс жерінде сақталуы бірнеше жыл бұрын Бундестаг депутаттарының ашу-ызасын келтірген еді. «Алтын қорының үштен екісі шетелде сақталатын мемлекетті егемен деп санауға бола ма?» деген сұрақ Ангела Меркельдің бетіне салық болғаны да сол кез. 2013 жылғы дерекке жүгінсек, 1536 тонна неміс алтыны АҚШ федералды резервті жүйесінде сақталып келген, бірақ Берлин соңғы кезде Атлант мұхитының ар жағындағы алтындарын өз жеріне қайтара бастады. Ал былтырғы деректерге сәйкес, неміс алтынының 35,2 пайызы ғана (1192 тонна) Бундесбанкте сақталады. Голландия халқы алтын қорының 90 пайызы сырт жерде екенін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп-біліп, жағасын ұстаған. Осыдан соң бұл мемлекет АҚШ-тағы алтын қорын қайтаруға барын сала кірісті. Ақыры Голландия 2014 жылы 122 тонна алтынды өз жеріне тасып алды. Бірақ бұл – елдің алтын қорының бестен бір бөлігі ғана. Бүгінде алтын қоры барлық мемлекеттер үшін сақтандыру және резервтік қор ретіне ғана пайдаланылады, ол – дағдарысты кезеңдерде ұлттық валютаны тұрақтандырудың басты құралы. Бұған қоса, сирек те болса мемлекетаралық сауда-саттық та қолданылады. Долларға қатысты қитұрқы саясаттан соң алтын қорына деген көзқарас тағы өзгерді. Енді ірілі-ұсақты мемлекеттердің барлығы алтын қорын қайта жасақтап, оны неғұрлым көбейтуге жанталасып жатыр. Себебі алтын еш заманда өз құнын жоғалтпақ емес. Алтын қорын жасақтау әрбір мемлекеттің болашақтағы әлеуетін сақтандыру амалы екені түсінікті. Ал ең басты резервтік валютаның тағдырына орай түрлі жорамал айтылады. Доллар ешқандай материалдық активпен кепілдендірілмей-ақ өз ықпалын сақтап қалуы мүмкін. Немесе, қытай юаны немесе басқа қандай да аймақтық валюта долларды халықаралық нарықтағы біріншіліктен ығыстыруы да ықтимал. Бірақ «жыланды үш кессең де, кесірткедей әлі бар» екені рас. Доллар алтыннан ажырағанмен, «қара алтынға» байланды. «Алтын стандарт» жойылған кезде АҚШ Сауд Арабиясымен өзара келісімге отырып, энергетикалық келісім шарттардың бағасын доллармен есептеуді бекітті. Осылайша, доллар бірден «мұнай доллары» болып шыға келді, себебі келісім шарт бойынша мұнай сатып алу үшін әуелі оған жұмсайтын доллар сатып алу керек болды. Доллар – мұнайға деген сұраныстың көрсеткішіне айналды. АҚШ долларының әлемдік ықпалы араб мұнайының арқасында жаңаша сипатқа ие болды. Ақ үйдің әлемнің әр түкпіріндегі әскери іс-қимыл әрекеттері «мұнайдолларына» деген сұранысты сақтап тұруы үшін жасалған саясат деген пікір көңілге қонымдырақ сияқты. Соның нәтижесінде қазір мұнай бағасы доллар курсының өзгерісіне тәуелді. Бүгінгі «қара алтынның» күрт арзандауы доллар бағамының қолдан ойнатылуының нәтижесі болса, оған таң қалудың қажеті жоқ. Доллар қымбаттаған сайын мұнай бағасы түседі. Бұған бір дәлел, мұнай бағасы алтынмен есептелген кезде көптеген жылдар бойы баға тұрақты болған еді. Сонымен, АҚШ ақшасы іс жүзінде алтынмен де, мұнаймен де кепілдендірілмейді, оның бәсі бұл мемлекеттің ғаламдық экономикалық және әскери саладағы жетекшілігінің арқасында күшті. АҚШ-тың банк, қаржы, экономикалық сауда, халықаралық қауіпсіздік мәселелері мен әскери салалардағы басымдығы осы күйі сақталып тұрғанда, доллар тұғырынан таймайды. Дәл қазір оның орнын басуға ешқандай басқа резервтік валюта толық қауқарлы емес. Оған қоса, ОПЕК елдері АҚШ-тың қарыз міндеттемелерін сатуға шығарды. Бұл дегеніңіз миллардтаған көк ақша айналымдағы доллардың көлемін одан әрі көбейтті. Қарыз міндеттемелерінің қанша екенін және оның салдары ғаламдық экономика үшін қандай боларын ешкім білмейді. Арзан ақшаның көптігі Американың өз азаматтарын қарызға белшесінен батырды. АҚШ-тың әрбір азаматы (оның ішінде жаңа туған нәрестелерге дейін) бүгінде 45 000 доллар қарыз екен. Мемлекет бұл қарыздарды қайтару үшін де долларды сақтап тұруға мүдделі. Осылайша, АҚШ-тың сыртқы ғана емес, ішкі қарызы бүгінде доллар тұрақтылығының басты кепілі. Доллардың болашағының күмәнді болуына байланысты ғаламдық есеп айырысу қайтадан «алтын стандартына» оралуы керектігі талай жерде айтылып жүр, бірақ оның жүзеге асуы екіталай. Бұдан бөлек, ХВҚ қоржынындағы валюталарды резервтік валютаға айналдыру туралы ұсыныс бар. Бірақ бұл валюталардың ішінде не алтынмен, не басқамен кепілдендіріліп, екі аяғын нық басып тұрғаны жоқ. Былтыр БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңдағы халықаралық резервтік валюталарды сынға алды. Елбасы ХХІ ғасырда жалпыға ортақ жаңа әлемдік валюта қабылдау керек деген ұсыныс айтты. Түптің түбінде тығырықтан шығатын жол табылары анық. Бірақ қазіргі ғаламдық экономиканың қаржылық жүйесін қайта құрып, жаңа валютаны айналымға енгізу әлі он-жиырма жылсыз жүзеге аспайтын нәрсе.  

Ұлыбритания