Қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды
Қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды
Нұр-Сұлтаннан шығатын қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты.
ҚазАқпараттың мәліметінше, қала әкімі: «Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында карантин енгізуді ұсындық. Бүгін Премьер-Министрдің төрағалығымен мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысының қорытындысына сәйкес, 2020 жылдың 19 наурызында сағат 00.00-ден бастап елорда аумағыда карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл дегеніміз – шектеу мен бақылау шаралары қауіпсіздік мақсатында күшейтіледі. Мысалы, автовокзалдарда қалааралық автобустардың қозғалысына тыйым салынды», – деді Алтай Көлгінов.
Оның айтуынша, елорда аумағына кіріп-шығатын жерлерде шектеу қойылады. Көліктің барлық түрлері кіріп-шығатын жерлерде коронавирус инфекциясын жұқтырды деп күдік келтірілген немесе жұқтырған адамдарды анықтауға арналған қосымша бекеттер орнатылады.
«Карантин мен коменданттық сағатты шатастырмауға шақырамыз. Себебі, карантин – ол шектеу қою. Яғни, қажет болмаған жағдайда адамдар көп шоғырланған жерлерге азаматтардың баруына шектеу қойылады. Ең алдымен, тәртіпке, одан кейін біздің нұсқауларымызды, Денсаулық сақтау министрінің нұсқауын қатаң ұстануға шақырамыз», – деді ол.