Жаңалықтар

Н.НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: Қорғаныс пен қауіпсіздік күшейтіледі

ашық дереккөзі

Н.НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті: Қорғаныс пен қауіпсіздік күшейтіледі

  Ұлттық қауіпсіздік пен көші-қон мәселесіне баса назар аударылған отырыста Елбасы әлемдік экономикалық дағдарыстың кері ықпалына қарамастан, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін мүлтіксіз орындайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, территориялық тұтастық пен саяси-экономикалық тұрақтылыққа қатер төндіретін келеңсіздіктердің алдын алу шаралары да аса маңызды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Еліміздің ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2015 жылы жүзеге асырылу бары­сы мен көші-қон саясатын жүзеге асы­руға қатысты мәселелер тал­қы­ланған шараға Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері түгел жиналды. Әлемдік эко­номикалық дағдарыстың кері ықпалы мен келеңсіздіктерге қара­мастан, Қазақстан мемлекеті өз жауап­кершілігіндегі барлық әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындап, қорғаныс қабілеттілігінің, қауіп­сіздіктің және құқық тәртібі­нің қажетті деңгейін сақтап қала­тынын мәлімдеген Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біріншіден, Қауіпсіздік кеңе­сінің бүгінгі отырысында біз қабылдаған бұрынғы шешімдерімізді, бағдарламалардың орындалуын тыңдаймыз. Екінші мәселе, ішкі миграция мен сыртқы миграция жөніндегі екі мәселені қараймыз. Солардың ішіндегі елдің барлық саладағы қауіпсіздігіне істеліп жатқан қазіргі жұмыстар. Болашақта қандай жұмыс істеуіміз керек? Төңірегіміздегі болып жатқан ахуалды сараптауымыз керек. Соның бәрін жасаймыз. Миграция жөнінде де айтатын мәсе­лелеріміз көп. Ақылдасып, бірге ше­шімдер қабылдауымыз керек». Кеңейтілген отырыста Елбасы экономикалық өсімнің қарқынын бәсеңдететін жаһандық факторлар ықпалын, көршілес өңірлердегі діни-экстремистік және террорлық си­пат­та­ғы қатерлердің арта түсуін елеулі қауіптер мен сын-қатерлер қатарында тұрғанын ескертті. Дағдарысқа қарсы тұру үшін Қазақстан халқы ауызбіршілік танытуы тиіс. Атқарылып жатқан жұмыстар тура­лы есеп берген ҚР Президентінің көмек­шісі – Қауіпсіздік кеңесінің хат­шысы Н.Ермекбаев өз баяндамасында мем­лекеттік органдардың 2015 жыл­ғы жұмыс қорытындыларына баға берумен қатар, алдағы кезеңнің басым­дықтары мен міндеттеріне назар аударды. Ол сондай-ақ, әлем­дегі экономикалық ахуалдың тұрақ­сыздығы жағдайында Үкімет пен жер­гілікті атқарушы органдар эконо­миканы әртараптандыру және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін сақтау жөніндегі шараларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының қызметін бұдан әрі жетілдіру, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы қадамдар жасау аса маңызды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова және Ішкі істер министрі Қ.Қасымов баяндама жасады. Ол еліміздегі көші-қон үдерістерін реттеудің маңызды екі мақсаты бар екенін айтты. Біріншіден, экономикалық өсімді ынталандыру үшін еңбек ресурстарын, соның ішінде қайта оралған қандастарымызды және жоғары білікті шетелдік мамандар легін ел ішіне жүйелі түрде орналас­тыру қажет. Екіншіден, Қазақстанға халықаралық террорлық топтардың идеологтары мен үгітшілерінің, қылмыс әлемі өкілдерінің, заңсыз мигранттардың келуіне тосқауыл болу қажет. Отырыс барысында Ермекбаев Қазақс­танда Конституция бойын­ша қос азаматтықтың мойында­л­май­тынын, соған байланысты мұндай жағдайларға жол берілмейтінін қадап айтты: «Ерекше атап өту керек. Біздің конституциямыз екі елдің азаматтығына рұқсат етпейді. Сондықтан осы екі елдің азаматтығын алдын алу және басқа елдермен бұл мәселе жөнінде мәліметтермен алмасу жөнінде Сыртқы істер министрлігіне және Ішкі істер министрлігіне тапсырмалар берілді. Жалпы айтқанда, осы отырыстың нәтижесінде әрбір мемлекеттік органға, Үкіметке және жергілікті органдарға тапсырмалар беріліп, орындалу, бақылау Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына жүктелді». Бүгінде күн тәртібіне шыққан бас­ты мәселелердің бірі – жер телім­дерін өздігімен басып алудың, бекітілген ережеден тыс бей-берекет құрылыстарды тоқтату керектігі айтылды. Сонымен қатар, іс-шараға қатысушылар ұйымдастырылған ішкі көші-қонның маңыздылығына назар аударды. Бұл азаматтардың ел аумағында орналасудағы теңсіздігін жоюды, сондай-ақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына жетуді қамтамасыз етеді. Қазақстан Президенті Қауіпсіз­дік кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тап­сырма беріп, олардың орындалуын бақы­лауды Қауіпсіздік кеңесі аппара­тына жүктеді.