Төтенше жағдай: Жұмысын тоқтатқан мекемелер еңбекақысыз қалмайды
Төтенше жағдай: Жұмысын тоқтатқан мекемелер еңбекақысыз қалмайды
Төтенше жағдай режиміне байланысты өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған мекемелер ең төменгі жалақыдан кем болмайтын еңбекақы төлеуі тиіс. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осылай мәлімдеді.
«Төтенше жағдайға байланысты өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған мекемелерге Еңбек Кодексінің 112-бабы тарайтын болады. Бұл – мәжбүрлі жұмыс тоқтату деп аталады. Бұл жерде жұмыс беруші тарапынан жұмысшыларға кемінде елімізде бекітілген ең төменгі жалақыдан кем емес көлемде еңбекақы төленуі тиіс», - деді министр.
Ведомство басшысы,біздің еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңге екенін еске салды.
Десе де, министрдің айтуынша, Еңбек шартында немесе Ұжымдық шартта осындай мәжбүрлі тоқтату жағдайына төменгі жалақыдан жоғары жалақы қарастырылған болса, онда жоғары жалақы төленеді. Бұл шекті сома ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмауы тиіс.
Бұған дейін Біржан Нұрымбетов қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкен қызметкерлердің жалақысы қалай төленетінін түсіндірген болатын.
Еске сала кетейік, коронавирус пандемиясының ел аумағында таралуын шектеу үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен бүгіннен бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді.
Жарлыққа сәйкес, төтенше жағдай режимі 15 сәуірге дейін созылады.
Сондай-ақ, Президент бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойды.