«Жабайы» таксидің жазасы ауыр

«Жабайы» таксидің жазасы ауыр

«Жабайы» таксидің жазасы ауыр
ашық дереккөзі

Заңсыз жолаушы тасымалы тыйылуға тиіс

Қазіргі уақытта Оңтүстік астанамызда көлік қозғалысынан көп нәрсе жоқ. Күнделікті жұмысқа қала сыртынан қатынайтын адамдардың үлес салмағы да жетерлік. Әсіресе, Қаскелең, Талғар, Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарының көптеген тұрғындарының жұмысы тікелей Алматымен байланысты. Біреулері мемлекеттік қызметте істесе, екіншілері саудамен айналысады. Солардың ішінде бензинге кеткен шығынды ақтау үшін жолаушы тасып, қосымша такси қызметін атқаратындары да аз емес. Яғни, жұмысқа келгенде де, жұмыстан қайтқанда да жолаушы алып қайтуға тырысады. Өкінішке қарай, жолаушы тасумен айналысып жүрген субьектілердің көбісінің жасап жүрген кәсібі салық заңнамасының талаптарына мүлде қайшы. Себебі олар жеке кәсіпкер ретінде салық органдарында тіркелмей, заңсыз жолаушы тасымалымен айналысып жүрген субьектілер қатарына жатады. Иә, қазіргі уақытта салық орга­нында тиісті тәртіппен тіркелмей, такси қызметін атқарып жүрген субьектілердің заңсыз әрекеттері әлеу­меттік әділетсіздік факторына әкеліп соқтыруы мүмкін. Себебі бүгін­гі күні заңды такси қызметімен айна­лы­сушылар тарапынан прокуратураға, мемлекеттік кіріс органдарына шағымдар көптеп түсе бастады. Оның негізгі себебі, арызданушылар салық органдарында тиісті тәртіппен тіркеліп, мемлекетке жолаушылар тасымалы қызметі үшін заңды түрде салық төлеп тұрады. Ал енді салық органдарында тіркелмей, «жабайы» такси қызметін атқарып жүргендер олардың жұмысына кәдімгідей кедергі келтіріп, бәсекелестік тудыруда. Сондықтан да мемлекеттік кіріс органдары тарапынан кәсіпкерліктің бұндай заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қою мақсатымен тиісті шаралар қолға алына бастады. Атап айтсақ, жуырда Түрксіб ау­дандық мемлекеттік кірістер басқар­масының қызметкерлері прокуратура және мемлекеттік автоинспекция қыз­меткерлерімен бірлесе отырып, Алматы әуежайында адамдарға өзі­нің заңсыз қызметін ұсынып жүрген (тауар ұсыну, балгерлік жасау, қайыр сұрау, такси қызметін ұсыну, т.б) бірқатар субьектілерді ұстап, тиісті әкімшілік шаралар қолданды. Мысалы, жолаушыларға жақындап, заңсыз қызмет ұсынғаны және заңсыз тасымал жасағаны үшін 366 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Солардың ішінде біреуі басқа елдің азаматы ретінде сот шешімімен еліміздің территориясынан шығарылды. Тағы бір ерекше айта кететін жағдай – рейд барысында кейбір же­келеген тұлғалардың қолданыстағы заң нормаларынан мүлдем хабарсыз екені анықталды. Атап айтсақ, қоғамдық орын­дарда, көпшілік жүретін жер­лерде адамдарға жақындап, пайда табу мақсатында өзінің тауарларын ұсыну, қолдағы затты айырбасқа тарту, қайыр сұрау, балгерлік жасау, такси қызметін көрсету мақса­тында жа­қындаудың өзі заң талаптарына қайшы екенін білмейтін болып шықты. Бұндай жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік-құқық бұзу кодексінің 449-бабының 1-тармағы бойынша (Қоғамдық орындарда тиісу) жауапкершілікке тарту көзделген. Ондай қызмет ұсыну үшін субьект салық органында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген және арнайы рұқсаты болуы керек. Заңды кәсіпкерлік қағазы болмаған жағ­дайда бірінші мәрте 5 айлық есептік көр­сеткіш көлемінде (10605 теңге) айыппұл салынады. Егер де бұл жағдай бір жыл ішінде екінші мәрте қайталанатын болса, онда айыппұл көлемі екі есеге көбейеді немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Сонымен қатар, заңсыз жолаушы тасы­малымен айналысқан жеке тұл­ға­лар Әкімшілік құқық бұзу кодек­сінің 463-бабының (тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жіберілмей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру) 1-тармағы бойынша да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл бап заңсыз тасымал кезінде ұсталған жағдайда қолданылады. Бірінші мәрте ұсталған жағдайда 15 айлық көрсеткіш (31815 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бір жылдың ішінде екінші мәрте қайталанған жағдайда салынатын айыппұл саны екі есеге артады. Және де бұл бапта әкімшілік құқық бұзу обьектісі болып табылатын мүлікті тәркілеу мәселесі де қарастырылған. Сондықтан да заңсыз кәсіпкерлікпен ай­налысушы субьектілер осы талап­тарды ұмытпағандары жөн. Себебі заңнан жалтарып, салық төлеуден қашу астындағы жалғыз көлігін тәркілеуге әкеліп соқтыруы мүмкін. Қазіргі уақытта салық заңнамасы та­рапынан салық төлеуші субьек­ті­лерге көптеген жеңілдіктер қарас­тырылып отыр. Яғни, кәсіпкерлік қызметті адал атқарсаң, заң талаптары да жеңіл әрі оңтайлы. Ал енді салық төлеуден жалтарып, заңға бағынудан бойын аулақ ұстағандар үшін қолданылатын шаралар да жеткілікті әрі қатал. Сондықтан да тұрғылықты жер бойынша мемлекеттік кіріс органдарына барып, заңды түрде тіркеліп, заңмен жұмыс істегенге ештеңе жетпейді. Оның еш қиындығы да жоқ. Мысалы, кәсіпкерлікті патент алу түрімен жүргізу үшін жолаушыларды тасудан түсетін бір жылдық ақша айналымының көлемі 300 айлық жалақы көлемінен (6 857 700 теңге) аспауы керек. Патенттің пайдалану уақыты кемінде бір айға, ең көп дегенде бір жылдан аспайтын мерзімге беріледі. Тапқан пайдадан төленетін салықтың мөлшері 2 пайыз ғана. Патентпен салық төлеу тәртібі Салық кодексінің 432-бабының (Алым есептеу мен төлеудің тәртібі) 1-тармағымен нақтыланған. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлік қызметті уақытша тоқтатқан жағдайда, салық органына өтініш жазу арқылы патенттің қолданысын да уақытша тоқтатуға болады. Сондықтан да еш қиындығы жоқ. Тағы да бір айта кететін жағдай – заңсыз жолаушылар тасып, такси қызметін атқарып жүргендердің ішінде мемлекеттік қызметте істейтін лауазымды тұлғалар да бар екені жасырын емес. Олардың көбісі такси қызметімен кешкілік және демалыс күндері айналысады. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң талаптары бойынша мемлекеттік қызметте жүрген лауазымды тұлға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқылы емес. Егерде мемлекеттік қызметкердің заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүргені анықталған жағдайда, оның тәртіптік жауапкершілігі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» Заңымен қаралады. Және де оның нәтижесі мемлекеттік қызметпен қоштасуға әкеліп соғуы мүмкін. Яғни, заң­сыз кәсіпкерлік пен «жабайы» так­сидің жазасы ауыр екенін естен шығар­мағаудың еш артықтығы болмас.  

 Бекен Нұрахметов, Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті

түсіндіру жұмыстары басқармасының бөлім басшысы