Жаңалықтар

Қазақстандағы қалың қоқыстан өңдеу зауыттары шикізат таппай отыр. Сенесіз бе?

ашық дереккөзі

Қазақстандағы қалың қоқыстан өңдеу зауыттары шикізат таппай отыр. Сенесіз бе?

Бейресми дерек көздерінің мәліметі бойынша Қазақстанда 43 млрд. тоннаға жуық өндірістік және тұрмыстық қалдықтар жинақталған. Сорақысы сол, оның тек 5 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Елімізде қоқыс көп бола тұра, қоқыс өңдейтін зауыттар өндіріске жарамды шикізат таппай отыр дегенге сену қиын. Бірақ бұл шындық. Елімізде қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениетінің жолға қойылмауы экологиялық һәм экономикалық ахуалға кері ықпалын тигізіп отыр. Әзірге республикамыздың түкпір-түкпірінде қоқыс полигондарын салып, қалдықтарды тау етіп үйгеннен әрі аса алмай отырмыз. Жердің өлшеуші екенін, ал кейбір қалдықтардың шіріндіге айналуы үшін жүздеген жылдар кететінін ескермейтініміз өкінішті-ақ...

Экологиялық мәдениет қашан қалыптасады?

Өткен жылдың наурызында Астанада тұрмыстық қалдықтарды бөлек-бөлек жинауға бағытталған қанатқақты жоба жүзеге асырылған болатын. Елордалықтардың эколо­гиялық мәдениетін арттырып, «жасыл экономикаға» бейімдеуді мақсат еткен жоба шеңберінде 1 нау­рыздан бастап 36 тұрғын үй мен 17 мекеме аумағында қағаз, пластик, шыны және аралас қалдықтарды бөлек-бөлек жинауға арналған түрлі-түсті 160 контейнер орнатылды. Қалалықтар қызыл, жасыл, сары және көк түсті төрт контейнерлердің қайсысына шыны, органика, пластик бұйымдар немесе қағаздарды тастау керегін шатастырмауы үшін олардың бетіне нұсқаулық та жазылды. Сондай-ақ қаланың бірнеше сауда орталықтарында істен шыққан электрондық құралдарды тастайтын 10 экобокс қойылды. Десе де, елорда тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жәшігіне сұрыптап тастауды әлі дағдыға айналдыра қойған жоқ. «Көш жүре түзеледі» демей ме халқымыз. Бастысы, қала тазалығына жауаптылардың сөзден іске көшкеніне қуандық. Игі бастама аяқсыз қалмай, қалдықтарды бөліп жинауға арналған жәшіктерді Қазақстанның барлық аймағы қолдана бастайды деп сенеміз. Әйтпесе, еліміздегі қоқыс өңдеу тарихнамасына тек сәтсіз қадамдар жазылатын түрі бар. Мәселен, 2007 жылы іске қосылып, небәрі екі жылдан соң жұмысын тоқтатқан Алматы қоқыс өңдеу зауытының қаңтарылып бос қалғаны алматылықтардың таза қаланың тұрғыны атанамыз деген арманын алыстатып жіберді. Зауыттың өз жұмысын жалғастыруына қаржы қолбайлау болды. Өйткені екі жылда кәсіпорынға 400 млн. теңге бөлген жергілікті билік кейін қаржыландыруды тоқтатты. Оған зауыт басшылығы қала әкімшілігінің өндіріс ошағы маңында тау боп үйіліп жатқан қоқысты жинау туралы нұсаулығын орындамауы себеп. Шашылып жатқан қалдықтар арасынан қорегін тауып жеп жүрген ит пен құс, мысық пен тышқан, егеуқұйрықтар жұқпалы індет таратуы мүмкін деп қауіптенген жергілікті тұрғындардың шағымы үдеген соң зауыт жұмысы кері кете бастады. Ақырында 26 миллион евродан астам несиелік қарыз алған зауыт жабылып қана қоймай, банк алдында борышкер боп қалды. Елімізде қоқыс өңдеу зауыттары жоқтың қасы екенін ескерсек, бұл кәсіпорынның жабылғаны жығылғанға жұдырық боп тигені айтпаса да түсінікті.

Полигон тығырықтан шығарар жол емес

Қазақстанда жыл сайын 5 млн. тоннадан астам қалдық шығарылады. Бір ғана Алматының өзінде қоқыстың жылдық көлемі 1 миллион тоннаға жуық. Ал елордада өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың жылдық көлемі 300 мың тонна болса, тәуліктік шығарылымы 800 тоннаны құрайды. Күн сайын қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін «Астана Тазарту» ЖШС екі ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысымда жұмысқа 47 арнайы техника, ал екінші ауысымда 23 техника жұмылдырылады. Қалдықтар барар жеріне жеткенімен, бірден жойылып кетпейді. Заңнамаға сүйенсек, экологиялық кодекстің 288-бабының 3-бөлімінде қауіпсіз жағдайда сақтауға арналған орындарда тұрмыстық қалдықтар үш жыл ғана сақталуы тиіс деп көрсетілген. Осы мерзім ішінде қайта өңдеуден өткізілуі немесе жерге көмілуі қажет. Қала ішінен тонналап шыққан қалдықтардың жүйелі түрде өңделуі немесе толығымен жойы­лып кетуі заң талаптарына сай 3 жылдың ішінде жүзеге асырылады десек, шындықтан алшақ кетер едік. Өйткені кей полигонның жалпы пайдалану мерзімі 18 жылды құрап отыр. Бүгінде республика аумағында 43 миллиард тоннадан астам қоқыс жинақталған. Оның тек 5 пайызы ғана кәдеге жаратылса, қалғаны көмуге жіберіледі немесе қауіпті үйінділердің маңына төгіледі. Өйткені арнайы қоқыс полигондарының сыйымдылығы еліміздегі қоқыс көлемінің ұлғаю жылдамдығына шыдас бере алмай тұр. Дат физигі Нильс Бор айтқандай, мұндай қарқынмен таяу болашақта өз қалдығымызға өзіміз көмілуіміз ғажап емес. Оның үстіне, қоқыс полигондарының көпшілігінде қалдық сақтау стандарттары жолға қойылмаған. Қалдық төгетін кейбір орындардың оқшаулағыш жабыны және қалдық суларды жинау мен өңдеу жүйесі жоқ. Соның салдарынан залалды заттар топырақ пен жер асты суларына еркін еніп, тірі ағзалардың тіршілігіне залал келтіруде. Тіпті, қоқыс үйінділерінің ірі қалалардың тұрғындар көп шоғырланған аудандарына тым жақын орналасуы жиі кездесетін жайт. Қоқыс полигондары, әсіресе, Жетісудың тынысын тарылтып тұр. Алматы облысында экологиялық ахуал ушығып кеткендіктен өткен жылдың қараша айында аймақ басшысы Амандық Баталов қарамағындағыларды жинап, арнайы жиын өткізді. Жиналыста баяндама жасаған Алматы облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділовтің айтуынша, экологиялық түйткілдің ең күрделісі – 800 мың тоннадан аса тұрмыстық қатты қалдықтың бей-берекет шашылып жатқаны. Жыл сайын Алматы облысының қала, аудан және елді мекендерінен 350 мың тоннаға жуық коммуналдық қалдық шығарылады. Бүгінгі күнгі статистикалық мәлімет бойынша, Алматы облысында 8,7 миллион тоннадан артық қалдық жиналып қалған. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы бар: тұрмыстық қатты қалдықты өңдейтін зауыт салу және оны тез арада іске қосу. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов сала жауаптыларына зауыт құрылысын тезірек қолға алуды қатаң талап етті. Өңір экологиясының кері кеткенін айғақтайтын көрсеткіштерді тыңдаған соң аймақ басшысының үні тіпті қатқыл шықты. Мәселен, Алматы облысы бойынша экология департаменті экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы 214 тексеру жүргізіп, тұрмыстық қатты қалдықты орналастыруда экологиялық талаптың орындалмағаны үшін 13,5 миллион теңгеге 275 айыппұл салып, оның барлығын өндіріп алған. Бірақ тұрмыстық қатты қалдықтың қоршаған ортаға тигізген кері әсерін есептесе, 121 миллион теңге шыққан. 2015 жылы өндірістік және тұрмыстық қалдық төгу орындарына 156 тексеріс жүргізіліп, 190 заңбұзушылық анықталған. Нәтижесінде, 12 миллион теңгеге 149 айыппұл салынып, қоршаған ортаға келтірілген залал 225 миллион теңгені құраған және оны өндіруге 47 нұсқау беріліпті. 2004-2011 жылдар аралығында облыс бойынша аудан орталықтарында барлығы 11 тұрмыстық қатты қалдық полигоны салынып, оның 10-ы пайдалануға берілген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 миллиардтан аса теңге қаражат жұмсалды. Экология департаменті өткен жылы тұрмыстық қатты қалдықты сақтайтын полигон мен қойманың талапқа сай, яки сай еместігін анықтау мақсатында мониторинг жасады. Нәтижесінде облыс аумағына қарасты 24 полигонның бірнешеуі ғана талапқа сай келетіні анықталды. Олар – Талдықорған қаласы, Қарасай ауданының Әйтей ауылындағы және Талғар ауданындағы полигон. Қалғандары қоқыс жинау талаптарын өрескел бұзып, қоршаған ортаға орны толмас зиян келтіруде. Мәселен, Ұйғыр ауданындағы полигон толып кеткен, қақпасына 1,5 (бір жарым) шақырым жетпейтін қашықтықта тұрмыстық қатты қалдық үйіндісі жолды бітеп жатыр. Жолдың екі шетіндегі қоқыс қоймасы асып-төгілуде. Оның бір шеті Шонжы ауылының тұрғын үйіне дейін жетеді. Панфилов, Еңбекшіқазақ аудандарындағы қоқыс қоймаларының жағдайы да мәз емес. Олардың барлығына тән заңбұзушылық – есеп пен мониторингтің жүргізілмеуі, қараусыз, иесіз жатқандығы және жарық, су, электр энергиясымен қамтылмауы. Сондай-ақ аузы-мұрнынан шығып, арнасынан асып қоқыстың төгіліп, жайылып жатуы. Мұнымен қоса, қалдық жинақтап, орналастыру үшін міндетті салық төлемі төленбегендіктен, жергілікті бюджетке 140 миллионға жуық қаражат түспей отыр. Қ.Байеділовтің айтуынша, бұл жағдай уақыт өте келе әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа әкеп соғуы ғажап емес. Экология департаменті басшысының баяндамасын мұқият тыңдаған облыс әкімі Амандық Баталов: «Мен бұл жиналысты бір жыл күттім. Барлығыңа уақыт бердім. Тұрмыстық қатты қалдықтың қоршаған ортаға зиянын тигізбеуіне қатысты қандай ұсыныс айтады, жоба ұсынады деп күттім. Сіздерде қозғалыс жоқ, жағдай түзелу орнына асқынып кеткен. Барлық аудан, қала әкімдері, әсіресе Алматыға жақын орналасқан Іле, Талғар, Қарасай аудандары тұрмыстық қатты қалдықты сұрыптау, өңдеу мәселесіне ерекше назар аударып, қалдықты өңдеу зауытын ашуға жұмыс істеуі керек. Әлі күнге дейін бізде күл-қоқысты өңдейтін бірде-бір зауыт жоқ. Әлемде қоқыстан құрылыс материалын, тыңайтқыш, электр энергиясын өндіріп, пайдасын көріп отыр. Қалдықты кәдеге жаратудың осыншалықты мол тәжірибесі бар бола тұра, әзірге осы мәселе бойынша мен сіздерден нәтиже көріп отырған жоқпын», – деді қала, аудан әкімдеріне қаратып. Әкімнің қатаң талабынан кейін салаға жауаптылар іске көшкен болар. Әзірге өңірдегі қоқысты кәдеге жарататын зауыттың қашан салынатыны белгісіз. Атырау облысында да қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттілігі басы ашық тұрған мәселелердің қатарында. Өңірде қоқыстарды өңдемек түгілі, күнделікті шығып жатқан қалдықтарды төгудің өзі оңайға соқпай тұр. «Арнаулы автобаза» ЖШС-іне қарасты қатты тұрмыстық қалдықтар қоймасы аузы-мұрнына дейін толған. Атырау – Орал автокөлік жолынан жеті шақырым қашықтықта орналасқан аталмыш полигон 1977 жылдан бері қолданылып келеді. Көлемі – 35 гектар. Күнделікті бұл жерге 1700 текше метр қоқыс төгіледі екен. Қазір полигонда 2 млн. тоннаға жуық қоқыс жинақталған. Атыраулықтар қалдықтардың табиғатта бұзылу мерзімі өте ұзақ екенін қаперге алмайтын сияқты. Мысалы, күнделікті өмірде қолданып жүрген бір реттік қағаз ыдыс бес жыл, қаңылтыр қалбыр жүз жыл, пластик шөлмек бес жүз жылдан кейін шіріндіге айналса, шыны шөлмек ешқашан жойылмайды екен. Осы деректердің өзі Атырауда қоқыс өңдейтін зауыттың қаншалықты керек екендігін ұғындыратындай. Жылына 185 мың тоннадай тұрмыстық және өндірісті қалдық шығаратын Шымкент қаласында да қоқыс өңдеу зауыты күні кешеге дейін арман болып келді. Шымқалалықтар тағатсыздана күткен өндіріс ошағы өткен жылдың көктемінде іске қосылды. Жылына 200 мың тонна қоқыс өңдеуге қауқарлы кәсіпорынды салу үшін мемлекеттен 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда көпке дейін тірліктің үдесінен шыға алмаған жаңа зауыт өзі өндірген тауарды тек күзде ғана сатуға кірісті. Бүгінде қайта өңделген қалдықтарға сұраныс тек жергілікті кәсіпкерлерден ғана емес, Өзбекстан, Ресей елдерінің өкілдерінен де көптеп түсуде. Жақында екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшкен кәсіпорын әзірге күніне 400 тонна қоқысты сұрыптап жатыр. Тәулігіне мұнда 200 көлікпен қатты тұрмыстық қалдық жеткізіледі. Бірақ зауыт оның тек қырқын ғана қабылдауға қауқарлы. Ал қалғаны қоқыс полигонына тасталады. Яғни, күн сайын 160 «КамАЗ» тұрмыстық қалдықтарды полигонға апарып, үсті-үстіне үюде.

Жоқтан бар жасаған

Әлемдік тәжірибеде қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеу белгілі бір жүйеге келгелі қашан. Мысалы, Швецияда қоқыс қалдықтары электр қуаты ретінде пайдаланылса, әлемнің ең таза елінің бірі саналатын Сингапурда қоқыстардың 90 пайызы қайта өңделеді. Дамыған елдердің бірқатарында қоқыс қалдықтарын қайта іске жарату экономика дамуының қозғаушы күшіне айналып, қаншама адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мысалы, Германияда күл-қоқыстың 30 пайызы, Жапонияда 30 пайызы, АҚШ-та 27 пайызы, ал Швейцарияда 25 пайызы қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Әсіресе Үндістанның 14 миллион тұрғыны бар Мумбай қаласында шығарылған қоқысты пайдаға асыруға жергілікті тұрғындар аянбай атсалысып, тұрақты кәсіп еткен. Ал, біздің елде қалдықты сұрыптап, жаңа өнімдер алу әлі күнге дейін табыс көзіне айналмай отыр. Жуырда massaget.kz порталы немістің ірі өндірістік концерні Adidas компаниясының мұхиттағы қоқыстардан спорттық аяқ киім тігуді қолға алғанын жазды. Қалдықты қайта пайдалануды әдетке аййналдырған елдерде бұл жаңалық сүйіншіленген жоқ. Adidas компаниясының жаңа спорттық аяқ киімі теңізшілердің мұхитқа лақтырылған балық аулауға арналған торларынан жасалады екен. «Бір-біріне оралып қалған торлар мұхиттың экологиясын бұзып қана қоймай, астынан жүзіп өткен балықтардың жойылуына да себеп болып отыр. Жаңа аяқ киім Primeknit технологиясы негізінде толығымен қалдықтан дайындалады», – дейді Parley for the Oceans мұхит экологиясын қорғау ұйымының басшысы Кирилл Гатч. Мұхитта қалып қойған торлар ағыспен келетін әртүрлі пластикалық қалдықтарды да жинайды. Мұхит бетінен алынған пластиктер дәстүрлі жолмен қайта өңделеді. Сонымен қатар, Adidas компаниясы пластиктен спорттық күртелер шығаруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Тазалық пен тәртіпті бәрінен жоғары қоятын немістер тұрмыстық және өндірістік қалдықтардың өзіне құнды шикізат көзі ретінде қарайды. Ал біз оларды қауіп-қатердің, ауру-сырқаудың ошағына айналдырудан басқаға қауқарсыз болып отырмыз. Қоршаған ортаға қалдықтардың зиянды әсерін болдырмау, қоқысты шикізат ретінде қайта қолдану үшін жағдай жасау, экологиялық таза өндірістерді дамыту, эмиссиялардың көлемін азайту – кейінге ысыруға болмайтын мәселелер. Жоқтан бар жасауға әлдеқашан кірісіп кеткен көршілерден үлгі алатын уақыт жетті. Еліміздің әр қаласында бір-бір қоқыс өңдеу зауыты салынса, табиғаттың тынысы ашылып қана қоймай, жұмыссыз жүрген қаншама адамның екі қолына бір күрек табылар еді.  

Анар ЛЕПЕСОВА