Австралияның ішкі істер министрінен коронавирус анықталды
Австралияның ішкі істер министрінен коронавирус анықталды
Австралияның ішкі істер министрі Питер Даттон коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Дәрігерлердің талабы бойынша министр ауруханаға жатқызылды.
«Бүгін таңертең мен жоғары дене қызуымен және тамақ ауруымен ояндым. Дереу коронавирусқа сынама тапсырдым. Күндіз денсаулық сақтау министрлігі сынамадан коронавирус анықталғанын хабарлады», - деп жазды министр Twitter-дегі ресми аккаунтында.
Sydney Morning Herald басылымының хабарлауынша, өткен аптада Питер Даттон АҚШ-қа Five Eyes арнайы қызметтер альянсы өкілдерінің кездесуіне барған. Сапар аясында министр АҚШ-тың бас прокуроры Уильям Баррмен және Дональд Трамптың қызы Иванка Трамппен кездескен.
Айта кетейік, ДДСҰ наурызда коронавирустың таралуын пандемия деп атады. Соңғы дерек бойынша, әлемнің 110-нан астам елінде 125 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. 4 мыңнан астам адам көз жұмды.
Бұған дейін коронавирус жұқтыру дерегі Қазақстанда да тіркелгенін хабарлағанбыз. Науқастардың екеуі де Германиядан оралған азаматтар. Олардың бірі елімізге 9 наурызда ұшып келсе, екіншісі кеше, 12 наурызда келгені белгілі болды. Науқастармен байланыста болған барлық адамдар бақылауға алынбақ.