Бауыржан Байбек Қордай ауданына барды
Бауыржан Байбек Қордай ауданына барды
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек еліміздің түрлі аймағына барып, тұрғындармен кездесуін жалғастырып жатыр. Осы аптада ол Жамбыл облысының бірқатар елдімекеніне, соның ішінде Жуалы және Қордай аудандарына ат басын тіреді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес Nur Otan партиясы алдағы 5 жыл үшін әр облыс, аудан мен елдімекенді дамыту бойынша арнайы ұсыныстар әзірлеуде. Партияның 216 аймақтық бағдарламасында аймақтардың жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып, қажеттіліктері мен мәселелері көрініс табуы тиіс әрі оларды шешудің нақты жолдары да көрсетіледі. Сондықтан Бауыржан Байбек іссапарының алғашқы күнінде азаматтық қоғам өкілдерімен, соның ішінде зиялы қауыммен, білім беру және өзге де сала қызметкерлерімен кездесті.
«Міне, бұл – баршамыз үшін тамаша үлгі. Бір ғана әйел ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті және білім беру саласын дамытып отыр. Қаншама адамға жұмыс беріп отырғаны тағы бар. Бұл елдегі – тыныштықтың кепілі», – деп атап өтті Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кездесуде. Сонымен қатар ол облыстағы кәсіпкерлік саласында 125 мыңнан астам адам еңбек етсе, олардың тең жартысы әйелдер екенін айтты.
Ал Жамбыл облысына жасаған іссапарының екінші күні Бауыржан Байбек Масаншы, Өтеген мен Қордай ауылдарының тұрғындарымен, Nur Otan партиясы Қордай аудандық бастауыш партия ұйымдары мүшелерімен және депутаттармен кездесті.
«Мұнда жақында орын алған оқиға тек халықтың ауызбіршілігі мен қоғамдық келісім ғана еліміздің өсіп-өркендеуі мен табысты дамуының негізгі кепілі екенін тағы бір рет есімізге салды. Қордай ауданына арнайы келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Қазақстан – достықтың, бейбітшілік пен келісімнің, сондай-ақ, барлық этникалық топтардың ортақ Отаны. Еліміз түрлі тарихи жағдайларға байланысты қиын-қыстау заманда мәжбүрлі түрде қазақ жерін паналап келген халықтың бәрін құшақ жая қарсы алды. Біз біртұтас ұлт ретінде осы өткен күндерден сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет», – деді көпшілікпен кездесу кезінде Бауыржан Байбек.