Қатаң жаза қауіпсіздікті күшейте ала ма?

Қатаң жаза қауіпсіздікті күшейте ала ма?

Қатаң жаза қауіпсіздікті күшейте ала ма?
ашық дереккөзі
Жол қауіпсіздігін сақтау – басты міндет. Бірақ мұны бәрі бірдей ескере бермейді. Нәти­же­сінде, тас­жол­дың бойында болатын апат көп. Апат салдарынан болатын өлім-жітім де аз емес. Үкімет жол ережесін бұзған­дарды жазалауды барынша қатаңдатуға тырысқа­нымен, жүген­сіз жүргізушілердің жауапсыз­дығына тоқтау болмай тұр.

Балдық жүйе енгізілсе...

Таяуда дәл осы жол қауіпсіздігі мә­селесі елордада сөз болып, тағы бір тың ұсыныс айтылды. Бұл жолы өз ұсынысымен сенатор Андрей Лу­кин елді елең еткізді. Лукин айт­қан жаңаша жазалау жүйесі қазіргі уа­қытта қоғамда қызу талқылануда. Әрине, пікірлер сан түрлі. Сонымен, Андрей Лукин жол ережесін бұз­ғандарды қалай жазалауды ұсын­ды? Депутаттың түсіндіруінше, ережеге бағынбағандарды жазалаудың жаңа түрі балдық жүйеге негізделеді. Яғ­ни, жүргізуші ереже бұзған сайын ұпайынан айырылып отырады. Егер ол шекті межеден асып кетсе, кө­лік­ті жүргізу құқынан айырылады. «Жол ережесін бұзғаны үшін балл есеп­теу жүйесін әзірлеп, енгізуге қа­тысты тиісті ұсыныс жасалуда. Яғни, белгіленген лимит асырылған жағдайда арнайы бақылау-өлшеу құралдары арқылы жүргізуші куә­лі­гінен айыру жоспары бар», – дейді Андрей Лукин. Депутаттың ұсыны­сын тәртіп сақшылары да қолдайды. Ұсынылып отырған бұл әдіс бұ­рыннан шет мемлекеттердің тә­жірибесінде бар. Мысалы, Грузия би­лігі жол ережесін бұзған жүр­гізу­шілермен күресудің балдық жүйесін 2017 жылы енгізген болатын. Елде кө­лік тізгіндеген әр азаматқа 100 бал­дан тұратын лимит беріледі. Ере­же бұзылған шақта, электронды реестр бойынша жүргізушінің балы шегеріліп отырады. Жол қозғалы­сында көп шалыс басып, лимиті таусылған жүргізуші куәлігінен айырылады. Кейін қайтадан сынақ тапсырып, қайта жүргізуші атануға мүмкіндігі бар. Аталған ереже 1 мау­­­сымнан бастап, қолданысқа ене­ді. Ішімдік ішіп, рөлге отыр­ған­дар­ды қатаң жаза күтіп тұр, бұл үшін 30 балл шегеріледі. Екінші рет қай­та­ланса, қамауға алынып, үшінші рет қолға түссе, жүргізуші куәлігінен мүл­дем айырылады. Айыппұл салу­дың жаңа ережесін ойлап табушылар басты қауіп дәл осы мас жүргізу­ші­лерден келетінін айтады. Жолда қауіпсіздік белдігін тақпау секілді ұсақ қателіктер үшін 5 балл шеге­ріліп отырады. Берілген лимит, яғ­ни 100 балл бір жылға жетпей таусылса, көлік иесі куәлігінен қағылып, қай­та аттестацияға жіберілуі мүм­кін. Құқық қорғаушылар мен үкі­мет­тік емес ұйымдар осындай жаңа­­­шылдық арқылы Грузия жол­да­рындағы апат санын азайтуға мүм­кіндік алып отыр. Ал Украинада бұл жүйе 2015 жы­лы енгізілген. Тәртіпке сай ук­раин­дық жүргізушілерге жыл сайын 150 ұпай беріледі, ал жол ережесін өрес­кел бұзғаны үшін олар бірден 50 балл алып тастайды. Армения­лық­тарға бір жылда 9 ұпай ғана бе­ріледі. Егер сол бір жыл ішінде жүр­гізуші ұпайларынан түгел айырылса, ол 6 айға жүргізуші куәлігінен айы­рылады. Дегенмен 3 айдан кейін теориялық емтихан тапсырып, куәлікті қалпына келтіруге бо­лады. Жүргізушілер бір бағытты кө­шемен қарсы бағытта жүргені не­месе жылдамдықты межеден 31-50 км/сағ-тан асырғаны үшін 3 бал­дан, мемлекеттік нөмірге қа­тыс­ты қулық-сұмдықтар жасағаны үшін 2 баллдан, ал бұрылу мен айналу кезінегі қателіктер мен жаяу жүр­­гіншілер өткелінде, жолайы­рық­­та ереже бұзғаны, басып озғаны, қауіп­сіздік белдігін тақпағаны, рөл­­де отырып темекі шекені мен те­­­лефонмен сөйлескені үшін 1 бал­дан айырылады. Бұл жүйе біздің елде де қолдау тауып, іске қосылса, жол ережесін бұзып, мас күйінде көлік жүргізіп, қос жолақты кесіп өтіп, телефонмен рөлде сөйлескендер жүргізуші куәлігінен айырылады. Дегенмен, көлік жүргізушілерін жазалаудың жаңа тәсілі қашан енгізілетіні бізге беймәлім. Бұл әлі де ақылдасуды, талдап-таразылауды қажет етеді. Ал егер қоғамда бұл жүйеге қатысты оң пікір қалыптасатын болса, депутаттар заңнамаға өзгеріс енгізуге дайын. Бірақ әзірге бұл әдісті қолдаушылардан гөрі наразылық танытушылардың қарасы басым болып тұр. Жүргізушілер жаңа жазаның енгізілуін құптамайды. Олар «Сергектің» әуресінен арыла алмай жүргенде, жаңа жүйемен алысуға құлықты емес. Ал екінші бір топ жазаны қатаңдату арқылы жолдағы қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік туатынын айтады. Әзірге тәртіп сақшылары жүргізушілердің жолдағы тәртібін «Сергек» камералары арқылы қадағалауда.

«Сергек» сенімді ақтай ма?

Жаңа жүйені ұсынған депутат кө­лік жүргізушілері «Сергектің» жа­засынан оңай құтылып кетіп жүр деп отыр. Жасыратыны жоқ, бұл бей­неқондырғылар еліміздегі ірі қа­лаларда тәртіп орнатуда. Нақты ста­тистикалық деректерге сүйенсек, ел астанасы – Нұр-Сұлтан қала­сын­да 6 183 «Сергек» камерасы орнатылып, 2019 жылдың 10 айында 1 млн 219 мың жүргізушіге 6 млрд 784 млн теңге айыппұл салынған. Қазір бұл соманың 86 пайызы өтеліп үл­геріпті. Бейнебақылау камералары көлік жүргізушілерінің жылдам­дықты шамадан тыс асыруы, жеке көліктердің автобустарға арналған арнайы жолақтарға шығуы, Stop сызықшаларынан асып кетуі секілді ереже бұзуды тіркейді. Тағы да статистикаға сенсек, бү­гінге дейін «Сергектің» арқасында елордадағы өлім-жітім көлемі екі есе азайыпты. Мәселен, 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында жол апатынан 60 адам көз жұмса, 2018 жылы 34 адам ажал құшқан. Ал қоғамдық орындарда ауыр қылмыс саны 39 пайызға, аса ауыр қылмыс саны 18 пайызға төмендепті. Ал Алматы көшелерінде өткен жыл­дың соңында 400 «Сергек» бекеті орнатылып, 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Бұл шамамен 2 мың камераға жуық. Дәл осы Алматыдағы «Сергек» камералары 8 күннің ішінде 2,5 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісін тіркеп, көлік жүр­гізу­ші­­леріне 42 млн теңге айыппұл са­лы­ныпты. Ал өткен жылы Алматыда 500 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркеліп, жүргізушілер 3 млрд 600 млн теңге айыппұл ар­қа­лаған. Алдағы уақытта Алматы кө­шелеріне тағы 307 «Сергек» бекеті қойы­лады деп жоспарланып отыр. Мұн­дағы басты мақсат – жолдағы қауіп­сіздікті қамтамасыз ету. Бірақ мұ­нымен жүргізушілер келісе бер­мей­ді. Жол үстінде қате басқан әр әрекетіңді таспаға жазып отыратын «Сергек» жүргізушілерге қосымша қысым дейтіндердің қарасы қалың. Қанша жерден бейнеқондырғы жол үстіндегі тәртіпті реттеп, жүген­сіз­дерді жөнге салуға мүмкіндік ту­ғы­за­ды десек те, жүргізушілер «Сергекке» риза дей алмаймыз. Жүргізу­ші­лердің сөзінше, «Сергек» онсыз да күнін әрең көріп жүрген адамдарды қа­нау үшін орнатылған. Әсіресе, кө­лігі көп Нұр-Сұлтан мен Алматы қа­ласындағы кептелістер жүр­гізу­ші­лерді әбден зәрезап қылып біткен. Ал мұндай кептелістерден жүй­кесі тозған жүргізушілердің кей­де еріксіз жол ережесін бұзаты­нын да жоққа шығара алмаймыз. Асы­ғып келіп, Stop сызығынан шы­ғып кететіндер де кейде арнайы ав­тобус жолағына түсіп, ереже бұза­тындар да табылады. Ал енді «Сергек» жүргізушілердің мұндай «еркелігіне» көз жұмып қарай алмайды. Сон­дықтан көлік тізгіндегендер бүкіл ғұмырын кептелісте өткізсе де, ережеге бағынуы шарт. Олай етпеген күнде тапқан-таянғанын айып­пұл төлеуге жұмсайды.   Нұржан ЫҚЫЛАСОВ, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны: – «Сергектің» болғанын өз басым қолдаймын. Жолда тайраңдап жүретіндерге тұсау болады деп сенемін. Әрине, «Сергек» арқылы ереже бұзғандардың бәріне айыппұл салынып, қазына қаржысы көбейеді. Бұл мемлекет үшін тиімді. Бірақ қит етсе таспаға түсіріп алатын «Сергек» қарапайым жүргізушілер үшін «бас ауруына» айналды. Пенде болғасын кей кезде абайсызда жол ережесін бұзатындар кездеседі. Мұндайдың бәрін қалт жібермейтін «Сергек» арқылы жүргізушілерге айыппұл жазылады. Ал бұл қарапайым жүргізушілердің қалтасын жұқарта түсетіні анық. Оған қоса жанармай бағасы да қымбат. Жеке өз басыма «Сергектен» еш пайда да, зиян да жоқ. Әрине, бейнеқондырғылардың арқасында жол ережесін бұзатындардың қатары азаюы мүмкін. Сондықтан мұндай бақылаушы құрылғылардың болғаны дұрыс та шығар. Әсіресе, ірі мегаполистерде. Алайда бұл қарапайым халыққа кесірін тигізбесе екен деймін.   Аян ЖАҢАБЕКОВ, Алматы қаласының тұрғыны: – «Сергектің» негізгі қызметі – жол ережесін бұзушыларды бақылауға алу. Сол арқылы жол ережесін бұзатындар азаяды деп санайды. Мұнымен келісемін. Бірақ екінші бір мәселе бар. Адамның басына қай кезде қандай жағдай түсетінін білмейсің. Біреу ауруханаға асығып бара жатуы мүмкін. Енді біреу баласына асығып бара жатуы мүмкін. Мұндай кезде жүргізуші жол ережесін қасақана бұзбайды ғой. Кейде тіпті білместіктен ереже бұзатын жүргізушілер де болады. Ал «Сергек» соның бәрін түсіріп алып, артынан төлейтін айыппұлдың көлемін арттырады. Біздің Алматыда қауіпті аудандар бар. Яғни, қылмыс жиі тіркелетін аудандар. Тәртіп сақшыларының қолында статистикалық деректер бар ғой. Ендеше, «Сергекті» сол статистика бойынша қылмыс жиі тіркелетін аумақтарға қойсын, сондай аудандарда орналасқан үйлердің аулаларына қойсын. Сонда биліктегілердің қарапайым халықтың қауіпсіздігін ойлайтындарына сенім артуға болады. Жолдағы жүргізушілерді бақылайтын камералар «Сергексіз» де жетіп артылады. Жүргізушілерді біресе салықпен, біресе тіркеумен қорқытады. Енді қай жерде қателесіп, «Сергектің» қырағы көзіне түсіп қалар екенбіз деп алаңдап жүреді. Шын мәнінде, жол ережесін бұзатын жүгенсіз жүргізушілерге «Сергек» те тоқтау бола алмайды. Ал байқаусызда ереже бұзған кей жүргізушілер «Сергектің» кесірінен айыппұл арқалайды. Мәселен, күнін әзер көріп жүрген такси жүргізушілері үшін әр шалыс басқан қадамға айыппұл төлеу – тиімсіз. Тиімсіз дегеннен бұрын өте қиын.