Сайын Назарбекұлы: Менің рухани жаңғыруым ел Тәуелсіздігін алғанда басталған еді... (видео)
Сайын Назарбекұлы: Менің рухани жаңғыруым ел Тәуелсіздігін алғанда басталған еді... (видео)
Бойына Жаратушы дарытқан бар өнерін өмір бойы ұштап, өзін-өзі дамыту жолында төккен тер мен еткен еңбектің нәтижесіне өзі де, өзге де риза болатындай. Дана қарт жасы сексеннің сеңгіріне жетсе де, «мен болдым, толдым» деуден бойын аулақ ұстайды. Бар саналы ғұмырын ұланғайыр даламыздағы ұлы тұлғалардың мәңгілік мекеніне айналған 30-дан аса қорым-зираттарын қайта қалап, менмұндалаған мұнаралы, күмбезді кесенелердің құрылысына арнаған ерекше тұлғаның өз туған ел мен жеріне, келер ұрпаққа бергенінен берері әлі де көп пе деп қаласың... Сайын Назарбекұлы жайлы Алаштың абызы Әбіш Кекілбаев, қазақтың көрнекті тұлғасы, әдебиет зерттеуші ғалым Ақселеу Сейдімбек сынды қаламгерлер оның бойындағы сан өнерді байқап қана қоймай, үнемі қолдау танытып, әсіресе, ақын-жазушылығының өзін осы ойшылдар бірінші болып мойындаған екен. Қазақтың төл әдебиеті мен өнері, мәдениеті табыстырған мұндай достарын бүгінде Сайын қарт сағынышпен еске алады. Әлқисса, сыры терең сұхбатымызды назарларыңызға ұсынсақ.
– Сайын Назарбекұлы, 46 жасыңызда алғашқы шумақ өлеңіңізді шығарып, 50 жасыңызда тұңғыш күмбез тұрғызыпсыз... Ол жайлы Алаштың абызы атанған Әбіш Кекілбаев өзіңізді «50 жасында бір қолына қалам, бір қолына қалақ ұстап іске кірісті» – деген екен, Абайша айтсақ, «қолымды мезгілінен кеш сермедім-ау» деп өкінген сәттеріңіз болған шығар?
– Иә, ол кісінің сөзін дәлме-дәл қайталайтын болсақ, былай ғой: «Сайын егеменді елмен қайта туып, бір қолына қалам алып, бір қолына қалақ алып іске кірісті» дейді. Енді шынында да мен 50 жасымда алғашқы өлеңімді жазып ақын атана бастадым, негізгі мамандығым – инженер-құрылысшы. Бірақ, кейін келе сәулет өнеріне қарай да бейімделіп, сәулетші атана бастадым... Әбіштің айтқаны сол болып отыр. Менің ойымша Жаратушы хақ кез келген адамның бойына барлық қасиеттерді береді, егер де адамзат баласы сол өз бойындағы табиғатынан берілген қасиеттерді қаузап, өзін-өзі дамытып, өнер көзін ашуға ұмтылса, ол ашылады да жемісін, нәрін береді. Мен енді елу жыл бойы түкке де қарамадым, ештеңе тындырмадым, – дей алмаймын, бала оқытып мұғалім болдым, институт-техникумдарда оқытушылық қызмет атқардым, 5 жылдай шопыр болдым. Бес-алты жылдың көлеміндей құрылыс орындарында басшылық қызметтерді атқардым. Қысқасы, елуге дейінгі өткен жолым – жақсы азамат болып қалыптасуға жұмсалған жылдарым екен. Ол кездегі Кеңес өкіметінің салқын саясатының ызғары бәріңізге де белгілі, ұлттық рухымызды аспандатуға мүмкіндік бермеді, керісінше, тіл мен діннен алыстатып, тіпті ұлт ретінде жойып жіберуге жұмыстар жасалды. Дей тұрғанмен, бүгінгі күнмен салыстырып қарасақ, жастарды тәрбиелеу жағынан оңтайлы тұстары да көбірек болған-ау деймін. Тіпті, өтірік ұран болса да жастар жағын «сен – пионерсің, сен – комсомолсың» деп сендіріп, сол бағытта бірізді тәртіп-тәрбиемен жұмыс жасауға жұмылдырды. Ал қазіргі жағдайда егемен елдің баласы бола тұра, сондайлық тәлім-тәрбиеге ұмтылатын, рухы мықты тұлғаның қалыптасуы жолында аса бір қадағалайтұғын «қарақшының» жоқтығына қарның ашады. Менің бақытым – мен өзімді-өзім тәрбиелеумен, қамшылаумен кемелдене бастаған шағымда, еліміз егемендік алып, тұңғыш Тәуелсіздігін жариялады. Тағы бір бақытым – сол шақтарда мен Әбіш, Ақселеу сынды дара тұлғалармен аралас-құралас болып, жандарында бірге жүрдім. Талай мәрте ұлт мәселесіне қатысты көтерген дау-дамайларының куәсі болдым. Сол сәттен бастап менің де ұлт тағдырына қатысты өз ойымның қалыптасу жолы одан ары дамып, тереңдей түсті. Тіпті, айтар едім, менің барлық бастаған істерімнің басында Әбіштің аты тұрады. Атқарған ісіне қарай ел сүйіктісіне айналып үлгерген Әбекеңнің сол жылдары депутаттыққа белгілі бір саяси жағдайларға байланысты Павлодар облысының Баянауыл ауданы атынан түсетіндігі мәлім болады. Өздеріңіз білесіздер, депутаттық мандатқа өткенше азаматтар мойындарына біраз жүкті артып алатыны бар ғой, солардың бірі ретінде Әбіш Сұлтанмахмұттың басына кесене орнатып, күмбез тұрғызу ісін өз міндетіне алады. Алда ақынның туғанына 100 жыл толатындығы тағы белгілі, бұл уәдесіне баянауылдықтар барынша қуанып қалады. Сөйтіп, сол жұмыс бұған дейін әкемнің басына ғана күмбез орнатқанымды көрген Әбекеңнен маған арнайы жүктелді де, Баянауылдағы Торайғыр көлінің жағасындағы аппақ күмбезді қалауға біз де білек сыбана кірісіп кеттік.
– Демек, ең алғаш тұрғызған тарихи кесенеңіз де сол Сұлтанмахмұт бабамыздың басына орнатқан кесене ғой?
– Әрине, бұл іс өз-өзіме «мынандай жұмыс та менің қолымнан келеді екен-ау» деген аса бір сенімділік ұялатты. Одан іле шала, көп кешікпей мен 1992 жылы Маңғыстаудағы Абыл-Ахмет, Досан батырлардың бастарына кесене орнаттым. Сөйтіп бұл кәсіп те – менің ажырамас тірлігіме айналып кете барды...
– Өз қолыңыздан шыққан «Абай–Шәкәрім» (сәулетшісі Бек Ибраевпен бірге) «Хан Ордалы Сарайшық» кесенелерінің тұсауын Елбасының өзі келіп кесіп, сол кезде салынып жатқан «Домалақ Ана» кесенесіне де Президентіміз екі мәрте әулиелікке зиярат етіп, арнайы ат басын бұрғандағы алған әсеріңізді «Алтын бақан» атты шығармаңызға арқау еткеніңізді білеміз. Біздің «Түркістан» газеті оқырмандары мен арнайы YouTube желісі арқылы рухани қорек алатын көрермен қауымға қысқаша баян ете кетсеңіз...
– Қазір «Рухани жаңғыру» деп барлығы айтып жатыр ғой, мен айтар едім: біздің рухани жаңғыруымыз – сол заманда, сол Тәуелсіздіктің туын алғаш тіккенде басталған болатын. Себебі менің рухани жаңғыруым – Сұлтанмахмұт, Абай, Шәкәрім кесенелерін салу жолында сол жылдарда басталды. Ол уақытта қаражат көзі болмай жатса да, бабалар басына күмбезді кесенелерді орнату жұмыстарының қолға алына бастағандығының өзі – өз еліміз бен жеріміздің рухани жаңғыра бастағандығының көрінісі еді.
– Сөзіңіз аузыңызда, сол кездерде енді ғана дербес, өз алдымызға мемлекеттігімізді алған тұста, халықтың жағдайы болса мүшкіл, жұмыс жоқ, бірақ ертеңге деген сенім мықты болып тұрған кезде Сіз Ділдә, Әйгерім және қызметіне Президентіміз алғаш кіріскенде халық атынан тұңғыш бата берген батагөй шежіреші Шәкір Әбенов сағаналарын да өз қаражатыңызбен тұрғызыпсыз...
– Мен мысалы, асқан бір білімділігімнен немесе Шәкір Әбенов пен Ақылбайларға, Ділдә мен Әйгерімдерге жаным ашығандықтан сағаналар салғам жоқ, тағдыр, жағдай соған өзі алып келді. Бізде келісімшарт бойынша, Шәкәрім мен Абайдың кесенесі құрылысын салу ғана болатын. Салып бола бергенімізде сол кездегі «Абай» республикалық музейінің директоры Төкен Ибрагимов маған жалынып тұрып өтінді. – Сәке-ау, ертең сен кетесің, мынау бір төбедей ғана шошайып қала бере ме, Абайдың айналасын түгендеп кетсеңші. Анау Ақылбай, Ділдә, Әйгерімдердің де моласы жап-жақын жерде жетімсіреп қалай қалмақ? Қолыңнан келеді ғой, үнемі бұлай бола бермес, ертеңгі ел де оңалар, еңбегіңді кейін алып беремін, – деді. Ол шақта мен солардың барлығын жұмыскерлерге өз қалтамнан айлық төлеп отырып, әйтеуір тұрғызған едік. Сөйтіп, ол орындарға да күмбезді кесенелер орнаған еді... Мен қай жерде болмасын, кімге болмасын, Абай жөнінде, Жидебай жері жөнінде, Құнанбай жайлы ешбір тобықтыдан артық білмесем, кем білем деп айта алмаймын. Ол күндердің өзі – өз алдына сол кездерде жазылып қалған тарихи кітаптар.
– Тамаша! «Абай-Шәкәрім» кесенелеріне қайта оралайықшы, өз қолыңызбен тұрғызып болғаннан кейін, бұл құрылыс жобасында кеткен аз-маз қателіктерді, жіберілген кемшіліктерді өзіңіз жақсы білгендіктен, Үкімет басшылығына бірнеше мәрте хат жолдапсыз, нәтижесі, билік тарапының жауабы көңіліңізден шықты ма?
– Иә, ол жерде қате менен кетті демеймін, құрылысында қателік жоқ, сәулетінде кеткен біраз олқылықтар бары рас. Кейін түзетіп, өзіміз-ақ орнына келтіре жатамыз-ау, деп едік, оған Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімшілігінде әкім мен орынбасарлары ауысып, алдыңғы бізбен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар қызметтерінен босатылып, жаңа әкім ретінде Ғ.Жақиянов тағайындалды. Жақиянов менің өтінішімді орындамақ түгіл, бірде-бір рет қабылдауына алмады.
Жіберілген қателікке оралсам, біріншіден, Абайдың 125 жылдығына орай, басына граниттен биік әдемі ескерткіш қойылған еді. Сондағы жіберілген қате – жерден шығатын газ, тұздың неше метрлік биіктікке дейін баратындығы, яғни гидролизация жағы ескерілмеген. Содан барып, уақыт өте келе, газ бен тұз жаңағы гранит мүсіннің бойына тарап, Абай бейнесінен түк те көрсетпей қойған. Өз көзіммен көрдім, мүсіннің жуса да кетпей, қожалақ-қожалақ боп тұрғанын. Екіншіден, сол ескерткіш дәл Абай мүрдесінің үстіне құйылған бетонның бетіне орнатылған. Ол үлкен қателік, мүрденің үстіне тонналап бетонды кім құяды? Міне, кейіннен Семейдің құрылысшылары сол бетонды алып тастауы керек те, фундамент құюы керек-тін. Ал фундаментті мен биіктете қалауым қажет еді де, ескерткіш соның үстіне орнатылуы керек болатын. Өкініштісі сол, Абай мүрдесінің үстінде алып бетон тұрғандығы. Тағы бір жасалынбай қалған шаруа – Абай кесенесінің астында жерасты музейіне деп қалдырған орын бар. Соған мен сол кезде-ақ ұсынысымды айтқан болатынмын, бәрі де ол кезде қолдағандай еді, бірақ уақыт еншісіне тиесілі болып қала берді. Ол музейді жазу музейіне айналдыру керек еді. Данышпан Абайды күллі әлем таныды, ілімі мен білімі, өнерінің бәрі өз дәуірінен бастап-ақ еуропалық стандарттарға сай келді. Демек, сондай тұлғаның басында жазу музейінің болуы – әбден заңды. Сонау Күлтегін жазуларынан бастап, Алтын Адам бейнесінен табылған жазулар бар, жер астынан табылған түрлі жазулар бар, көне алфавиттер мен барлық көне түркі жазбаларының, тарихи жазбалардың барлығының көшірмесін жинап әкеп сол жерге қояйық деген едім... Сол арқылы біз ата-бабаларымыз – қазақ халқының ежелден бері аса мәдениетті екендігін күллі әлемге айғақтар едік. Биылғы Абай данамыздың 175 жылдығы шеңберінде де істің сәті түсіп қала ма, – деген зор үмітпен Президентімізге өз атымнан хат жолдағалы отырмын. Бұл, тіпті тарих алдындағы, Абай данышпанның әруағы алдындағы парызым деп санаймын. Түзету жұмыстарының кескінін, сызбасын да мен маман ретінде сызып дайындап қойдым.
– «Мен білетін екі Қазақ!» Әйгілі қытай суретшісі Гао Ман осылай деп, алғаш кездескеніңізде жол дәптеріңізге Абай мен сіздің суретіңізді әп сәтте айнытпай салып беріпті...
– Ол әйгілі суретшімен кездесуімнің өзі – бір тарих. Күллі дүниежүзінде Абай данамыздың 150 жылдығы тойланып жатқан кез болатын. Сол уақыттарда естіген едім, Абайдың қара сөздері қытай тіліне де аударылыпты, Абайдың бейнесін қытай суретшісі салыпты деп... Сол ұлы тойда мен де делегаттың бір мүшесі ретінде ҚХР-ға бардым. Пекинде қонақүйге жайғасқаннан кейін жаңағы Гао Манның телефон нөмірін сұрастырып тауып алдым да, үйіне қоңырау шалдым. – Осылай да, осылай, сен – қытайсың, мен – қазақ, бірақ бізге ортақ тұлға Абай, таныса отырайық, қазақша түсінесіз бе? – дедім. Ол кісі: «я в Москве учился, я прекрасно разговариваю по русски» деп қоя берді. Содан қуанып кеттім де, қонақүйге шақырдым. Келді, мен кофе дайындап жүрген ем, үстелдің үстінде жол дәптерім жатқан болатын. Енді келсем, соған менің суретімді салып қойыпты. «Екінші жағына Абайды салыңыз» деп қолқа салғаным сол екен, оны да салып берді. Ең қызығы, параққа «мен білетін екі қазақ» деп жазып қойыпты. Содан бері қалжыңдап айтам, «менің Абаймен бірге түскен суретім бұл» деп.
– Ұлы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды» деуі біраз дүниені аңғартатыны анық, тіпті Сіздің тарапыңыздан тікелей хабар беріп тұрғандай... Бірақ сіздер бүгінгі сәулет-құрылыс өнерінің тарландарысыздар ғой, бұл саланы дамыту біздің елде қаншалықты жолға қойылған немесе айтар кеңесіңіз қандай?
– Ақиқаты сол, бабаларымызда ол заманда «көшпелі елдің басына тастан сарай салынатын күн туа ма, жоқ па?» деген арман болды ғой. Ал енді бүгінгі сәулет-құрылыс өнері жайлы ойланғанда мені мазалайтын бір дүние бар. Мен отандық сәулетшілердің біразымен таныспын, барлығы да жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның барлық қалаларын салуда аянбай тер төгуде. Бірақ сол бой көтерген нысандарының бірде-бір жерінде ұлттық белгіміз жоқ. Оны айтсаң құп көреді, бірақ жобаларына енгізбейді. Оған да жоғары жақтың бұйрығы қажет пе, жоқ әлде бойға сіңіп қалған біркелкі қағазбастылық кедергі келтіреді, – деген жайт па, мен білмеймін, сол жағы жетіспей тұрады. Мысалы міне, төрт бұрышты қораптар болып салынған үйлерде отырмыз, ал, сыртынан қарасаңыз, бұл Лондонның үйі ме, Францияның үйі ме, жоқ басқасы ма белгісіз. Әсіресе, осы бас қалада қазақтың иісі шығып тұратындай тұрғын-үй ғимараттары жоқ. Терезенің тұсына бір ұлттық нақыштарымызды аздап келтіре салу қаншалықты қиын? Мен бір өз атымнан ұсыныс та айтқан едім, кейбір көшелерді қазақ ауылдары атымен атасақ, сол жерлерге сол ауылдардың кішкентай болса да нышанын көрсетсек, сол көшеден қазақылықтың иісі шығып тұрар еді, – деп. Тіпті нөмірлеудің де қажеті жоқ, мәселен, мына көше – Баянауыл, мынау – Бөгенбай ауылы деген сияқты. Бірақ амал не, тағы бір керегі – қай істі, қай саланы дамытамын деген елдер ең әуелі министрліктен бастау алады. Ал бізде ең қажетті деп саналатын Құрылыс министрлігі жоқ. Құрылыссыз ешқандай ел де, өркениет те дамымайды, бірақ құрылыс министрлігі жоқ. Содан барып, саланы мүлдем білмейтін талай пысықтар құрылысшы мен сәулеткердің ойын да ұқпайды, еңбегін де бағаламайды. Ал құрылыс сосын қайтіп дамысын? Мені қынжылтатыны да – осы!
– Сайын Назарбекұлы, алтындай уақытыңызды бөліп, біздің оқырмандарымыз бен әлемжелі арқылы рухани қорек алатын көзі қарақты көрермендерімізге арнайы сұхбат бергеніңізге алғысымызды білдіреміз.
Сұхбаттасқан Әсел Жақсыбай