Сайын Назарбекұлы: Менің рухани жаңғыруым ел Тәуелсіздігін алғанда басталған еді... (видео)

Сайын Назарбекұлы: Менің рухани жаңғыруым ел Тәуелсіздігін алғанда басталған еді... (видео)

Сайын Назарбекұлы: Менің рухани жаңғыруым ел Тәуелсіздігін  алғанда басталған еді... (видео)
ашық дереккөзі
Бойына Жаратушы дарытқан бар өнерін өмір бойы ұштап,  өзін-өзі да­мыту жолында төккен тер мен еткен еңбектің нәтижесіне өзі де, өзге де риза болатындай. Дана қарт жасы сексеннің сеңгіріне жетсе де, «мен болдым, толдым» деуден бойын аулақ ұстайды. Бар саналы ғұмырын ұлан­ғайыр даламыздағы ұлы тұлға­лардың мәңгілік мекеніне ай­налған 30-дан аса қорым-зираттарын қайта қа­лап, менмұн­да­лаған мұнаралы, күмбезді кесенелердің құрылысына арнаған ерекше тұлғаның өз туған ел мен жеріне, келер ұрпаққа бергенінен берері әлі де көп пе деп қаласың... Сайын Назарбекұлы жайлы Алаштың абы­зы Әбіш Кекілбаев, қазақтың көрнекті тұл­­ғасы, әдебиет зерттеуші ғалым Ақселеу Сей­дімбек сынды қаламгерлер оның бойын­дағы сан өнерді байқап қана қоймай, үне­мі қолдау танытып, әсіресе, ақын-жазу­шылығының өзін осы ойшылдар бірінші болып мойындаған екен. Қазақтың төл әдебиеті мен өнері, мәдениеті табыс­тыр­ған мұндай достарын бүгінде Сайын қарт сағы­нышпен еске алады. Әлқисса, сы­ры терең сұхбатымызды назарларыңызға ұсынсақ.   – Сайын Назарбекұлы, 46 жа­сыңыз­да алғашқы шумақ өлеңіңізді шы­ға­рып, 50 жасыңызда тұңғыш күмбез тұр­ғызыпсыз... Ол жайлы Алаштың абызы атанған Әбіш Кекілбаев өзіңізді «50 жасында бір қолына қалам, бір қо­лына қалақ ұстап іске кірісті» – деген екен, Абайша айтсақ, «қолымды мез­гілінен кеш сермедім-ау» деп өкін­ген сәттеріңіз болған шығар? – Иә, ол кісінің сөзін дәлме-дәл қай­та­лайтын болсақ, былай ғой: «Сайын егеменді елмен қайта туып, бір қолына қалам алып, бір қолына қалақ алып іске кірісті» дей­ді. Енді шынында да мен 50 жасымда ал­ғашқы өлеңімді жазып ақын атана бас­тадым, негізгі мамандығым – инженер-құрылысшы. Бірақ, кейін келе сәулет өнеріне қарай да бейімделіп, сәулетші ата­на бастадым... Әбіштің айтқаны сол бо­лып отыр. Менің ойымша Жаратушы хақ кез келген адамның бойына барлық қа­сиет­терді береді, егер де адамзат баласы сол өз бойындағы табиғатынан берілген қа­сиет­терді қаузап, өзін-өзі дамытып, өнер кө­зін ашуға ұмтылса, ол ашылады да жемісін, нәрін береді. Мен енді елу жыл бойы түкке де қарамадым, ештеңе тындырмадым, – дей алмаймын, бала оқытып мұғалім болдым, институт-техникумдарда оқыту­шы­лық қызмет атқардым, 5 жылдай шо­пыр болдым. Бес-алты жылдың кө­ле­міндей құрылыс орындарында бас­шылық қыз­меттерді атқардым. Қысқасы, елуге дейінгі өткен жолым – жақсы азамат болып қа­лыптасуға жұмсалған жылдарым екен. Ол кездегі Кеңес өкіметінің салқын сая­са­тының ызғары бәріңізге де белгілі, ұлттық рухымызды аспандатуға мүмкіндік бермеді, керісінше, тіл мен діннен алыстатып, тіпті ұлт ретінде жойып жіберуге жұ­мыстар жасалды. Дей тұрғанмен, бүгінгі күн­мен салыстырып қарасақ, жастарды тәрбиелеу жағынан оңтайлы тұстары да көбірек болған-ау деймін. Тіпті, өтірік ұран бол­са да жастар жағын «сен – пионерсің, сен – комсомолсың» деп сендіріп, сол бағыт­та бірізді тәртіп-тәрбиемен жұмыс жасауға жұ­мылдырды. Ал қазіргі жағдайда егемен елдің баласы бола тұра, сондайлық тәлім-тәрбиеге ұмтылатын, рухы мықты тұлға­ның қалыптасуы жолында аса бір қада­ға­лайтұғын «қарақшының» жоқтығына қар­ның ашады. Менің бақытым – мен өзім­ді-өзім тәрбиелеумен, қамшылаумен кемелдене бастаған шағымда, еліміз егемендік алып, тұңғыш Тәуелсіздігін жариялады. Тағы бір бақытым – сол шақтарда мен Әбіш, Ақселеу сынды дара тұлғалармен аралас-құралас болып, жандарында бірге жүр­дім. Талай мәрте ұлт мәселесіне қа­тысты көтерген дау-дамайларының куәсі бол­дым. Сол сәттен бастап менің де ұлт тағ­дырына қатысты өз ойымның қалып­тасу жолы одан ары дамып, тереңдей түсті. Тіпті, айтар едім, менің барлық бастаған істерімнің басында Әбіштің аты тұрады. Ат­қарған ісіне қарай ел сүйіктісіне айналып үлгерген Әбекеңнің сол жылдары де­путаттыққа белгілі бір саяси жағдайларға байланысты Павлодар облысының Баянауыл ауданы атынан түсетіндігі мәлім болады. Өздеріңіз білесіздер, депутаттық ман­датқа өткенше азаматтар мойындарына біраз жүкті артып алатыны бар ғой, со­лардың бірі ретінде Әбіш Сұлтанмахмұттың басына кесене орнатып, күмбез тұрғызу ісін өз міндетіне алады. Алда ақынның ту­ға­нына 100 жыл толатындығы тағы белгілі, бұл уәдесіне баянауылдықтар барынша қуа­нып қалады. Сөйтіп, сол жұмыс бұған дейін әкемнің басына ғана күмбез орнат­қанымды көрген Әбекеңнен маған арнайы жүк­телді де, Баянауылдағы Торайғыр кө­лінің жағасындағы аппақ күмбезді қалау­ға біз де білек сыбана кірісіп кеттік. – Демек, ең алғаш тұрғызған тарихи кесенеңіз де сол Сұлтанмахмұт ба­ба­мыздың басына ор­нат­қан кесене ғой? – Әрине, бұл іс өз-өзіме «мынандай жұ­мыс та менің қо­лым­­­нан келеді екен-ау» де­ген аса бір се­нім­ділік ұялатты. Одан іле шала, көп кешікпей мен 1992 жылы Маң­ғыс­таудағы Абыл-Ахмет, Досан батыр­лар­дың бастарына кесене орнаттым. Сөйтіп бұл кәсіп те – менің ажырамас тірлігіме ай­налып кете барды... – Өз қолыңыздан шыққан «Абай–Шә­кәрім» (сәулетшісі Бек Ибраевпен бірге) «Хан Ордалы Сарайшық» ке­сенелерінің тұсауын Елбасының өзі келіп кесіп, сол кезде салынып жатқан «Домалақ Ана» кесенесіне де Президентіміз екі мәрте әулиелікке зиярат етіп, арнайы ат басын бұрғандағы алған әсе­ріңізді «Алтын бақан» атты шы­ғар­маңызға арқау еткеніңізді білеміз. Біз­дің «Түркістан» газеті оқырмандары мен арнайы You­Tube желісі арқылы рухани қорек ала­тын көрермен қауымға қысқаша баян ете кетсеңіз... – Қазір «Рухани жаңғыру» деп барлығы ай­тып жатыр ғой, мен айтар едім: біздің рухани жаңғыруымыз – сол заманда, сол Тәуелсіздіктің туын алғаш тіккенде бастал­ған болатын. Себебі менің рухани жаң­ғыруым – Сұлтанмахмұт, Абай, Шәкәрім кесенелерін салу жолында сол жылдарда басталды. Ол уақытта қаражат көзі болмай жатса да, бабалар басына күмбезді кесенелерді орнату жұмыстарының қолға алына бастағандығының өзі – өз еліміз бен же­рі­міздің рухани жаңғыра бастаған­ды­ғының көрінісі еді. – Сөзіңіз аузыңызда, сол кездерде енді ғана дербес, өз алдымызға мемлекеттігімізді алған тұста, халықтың жағдайы болса мүшкіл, жұмыс жоқ, бірақ ертеңге деген сенім мықты болып тұрған кезде Сіз Ділдә, Әйгерім және қызметіне Президентіміз алғаш кі­ріскенде халық атынан тұңғыш бата бер­ген батагөй шежіреші Шәкір Әбе­нов сағаналарын да өз қаража­тыңыз­бен тұрғызыпсыз... – Мен мысалы, асқан бір білім­ділігімнен немесе Шәкір Әбенов пен Ақыл­бай­ларға, Ділдә мен Әй­герім­дерге жаным ашыған­дық­тан са­ғаналар салғам жоқ, тағдыр, жағ­дай соған өзі алып келді. Бізде келісімшарт бойынша, Шәкәрім мен Абайдың кесенесі құрылысын салу ғана болатын. Салып бола бергенімізде сол кездегі «Абай» респуб­ликалық музейінің директоры Төкен Ибрагимов маған жалынып тұрып өтінді. – Сәке-ау, ертең сен кетесің, мы­нау бір төбедей ғана шошайып қала бере ме, Абайдың айналасын түгендеп кетсеңші. Анау Ақылбай, Ділдә, Әйгерімдердің де моласы жап-жақын жерде жетімсіреп қалай қалмақ? Қолыңнан келеді ғой, үнемі бұ­лай бола бермес, ертеңгі ел де оңалар, ең­бегіңді кейін алып беремін, – деді. Ол шақ­та мен солардың барлығын жұмыс­кер­лерге өз қалтамнан айлық төлеп отырып, әйтеуір тұрғызған едік. Сөйтіп, ол орын­дар­ға да күмбезді кесенелер орнаған еді... Мен қай жерде болмасын, кімге болмасын, Абай жөнінде, Жидебай жері жөнінде, Құнанбай жайлы ешбір то­бық­тыдан артық білмесем, кем білем деп айта алмаймын. Ол күндердің өзі – өз алдына сол кездерде жа­зылып қалған тарихи кітаптар. – Тамаша! «Абай-Шәкәрім» кесенелеріне қайта оралайықшы, өз қо­лыңызбен тұрғызып болғаннан кейін, бұл құрылыс жобасында кеткен аз-маз қателіктерді, жіберілген кемшіліктерді өзіңіз жақсы білгендіктен, Үкімет басшылығына бірнеше мәрте хат жол­дапсыз, нәтижесі, билік тара­пы­ның жауабы көңіліңізден шықты ма? – Иә, ол жерде қате менен кетті демеймін, құрылысында қателік жоқ, сәулетінде кеткен біраз олқылықтар бары рас. Кейін түзетіп, өзіміз-ақ орнына келтіре жатамыз-ау, деп едік, оған Шығыс Қазақстан облы­сының сол кездегі әкімшілігінде әкім мен орынбасарлары ауысып, алдыңғы бізбен бірге жұмыс істеп жатқан азаматтар қыз­меттерінен босатылып, жаңа әкім ретінде Ғ.Жақиянов тағайындалды. Жақиянов менің өтінішімді орындамақ түгіл, бірде-бір рет қабылдауына алмады. Жіберілген қателікке оралсам, біріншіден, Абайдың 125 жылдығына орай, басына граниттен биік әдемі ескерткіш қойыл­ған еді. Сондағы жіберілген қате – жерден шығатын газ, тұздың неше метрлік биіктікке дейін баратындығы, яғни  гидролизация жағы ескерілмеген. Содан барып, уақыт өте келе, газ бен тұз жаңағы гранит мүсіннің бойына тарап, Абай бейнесінен түк те көрсетпей қойған. Өз көзіммен көр­дім, мүсіннің жуса да кетпей, қожалақ-қо­жалақ боп тұрғанын. Екіншіден, сол ес­керт­кіш дәл Абай мүрдесінің үстіне құйыл­ған бетонның бетіне орнатылған. Ол үлкен қателік, мүрденің үстіне тонналап бетонды кім құяды? Міне, кейіннен Семейдің құ­ры­лысшылары сол бетонды алып тастауы керек те, фундамент құюы керек-тін. Ал фундаментті мен биіктете қалауым қажет еді де, ескерткіш соның үстіне орнатылуы ке­рек болатын. Өкініштісі сол, Абай мүр­десінің үстінде алып бетон тұрғандығы. Тағы бір жасалынбай қалған шаруа – Абай кесенесінің астында жерасты музейіне деп қалдырған орын бар. Соған мен сол кезде-ақ ұсынысымды айтқан болатынмын, бәрі де ол кезде қолдағандай еді, бірақ уақыт ен­шісіне тиесілі болып қала берді. Ол музейді жазу музейіне айналдыру керек еді. Данышпан Абайды күллі әлем таныды, ілі­мі мен білімі, өнерінің бәрі өз дәуірінен бастап-ақ еуропалық стандарттарға сай кел­ді. Демек, сондай тұлғаның басында жазу музейінің болуы – әбден заңды. Сонау Күлтегін жазуларынан бастап, Алтын Адам бейнесінен табылған жазулар бар, жер ас­тынан табылған түрлі жазулар бар, көне ал­фавиттер мен барлық көне түркі жаз­баларының, тарихи жазбалардың бар­лығының көшірмесін жинап әкеп сол жерге қояйық деген едім... Сол арқылы біз ата-бабаларымыз – қазақ халқының ежелден бері аса мәдениетті екендігін күллі әлемге айғақтар едік. Биылғы Абай данамыздың 175 жылдығы шеңберінде де істің сәті түсіп қала ма, – деген зор үмітпен Пре­зидентімізге өз атым­нан хат жолдағалы отырмын. Бұл, тіпті тарих ал­дындағы, Абай даныш­пан­ның әруағы алдын­дағы парызым деп санаймын. Түзету жұмыс­та­ры­ның кескінін, сыз­басын да мен маман ретінде сызып дайын­­дап қой­дым. – «Мен білетін екі Қазақ!» Әйгілі қы­тай суретшісі Гао Ман осылай деп, ал­ғаш кездескеніңізде жол дәп­те­ріңізге Абай мен сіздің суретіңізді әп сәтте айнытпай салып беріпті... – Ол әйгілі суретшімен кездесуімнің  өзі – бір тарих. Күллі дүниежүзінде Абай да­на­мыздың 150 жылдығы тойланып жатқан кез болатын. Сол уақыттарда естіген едім, Абайдың қара сөздері қытай тіліне де аударылыпты, Абайдың бейнесін қытай суретшісі салыпты деп... Сол ұлы тойда мен де делегаттың бір мүшесі ретінде ҚХР-ға бардым. Пекинде қонақүйге жай­ғасқаннан кейін жаңағы Гао Манның телефон нөмірін сұрастырып тауып алдым да, үйіне қоңырау шалдым. – Осылай да, осылай, сен – қытайсың, мен – қазақ, бірақ бізге ортақ тұлға Абай, таныса отырайық, қазақша түсінесіз бе? – дедім. Ол кісі: «я в Москве учился, я прекрасно разговариваю по русски» деп қоя берді. Содан қуанып кеттім де, қонақүйге шақырдым. Келді, мен кофе дайындап жүрген ем, үстелдің үстінде жол дәптерім жатқан болатын. Енді келсем, соған менің суретімді салып қойыпты. «Екінші жағына Абайды салыңыз» деп қолқа салғаным сол екен, оны да салып берді. Ең қызығы, параққа «мен білетін екі қазақ» деп жазып қойыпты. Содан бері қалжыңдап айтам, «менің Абаймен бірге түскен суретім бұл» деп. – Ұлы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай сал­ғызды» деуі біраз дүниені аңғар­та­тыны анық, тіпті Сіздің тарапыңыздан тікелей хабар беріп тұрғандай... Бірақ сіздер бүгінгі сәулет-құрылыс өнерінің тарландарысыздар ғой, бұл саланы дамыту біздің елде қаншалықты жол­ға қойылған немесе айтар кеңесіңіз қандай? – Ақиқаты сол, бабаларымызда ол заманда «көшпелі елдің басына тастан сарай салынатын күн туа ма, жоқ па?» деген арман болды ғой. Ал енді бүгінгі сәулет-құры­лыс өнері жайлы ойланғанда мені мазалайтын бір дүние бар. Мен отандық сәулет­шілердің біразымен таныспын, барлығы да жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның барлық қала­ларын салуда аянбай тер төгуде. Бірақ сол бой көтерген нысандарының бірде-бір же­рінде ұлттық белгіміз жоқ. Оны айтсаң құп көреді, бірақ жобаларына енгізбейді. Оған да жоғары жақтың бұйрығы қажет пе, жоқ әлде бойға сіңіп қалған біркелкі қа­ғазбастылық кедергі келтіреді, – деген жайт па, мен білмеймін, сол жағы жетіспей тұ­рады. Мысалы міне, төрт бұрышты қо­раптар болып салынған үйлерде отырмыз, ал, сыртынан қарасаңыз, бұл Лондонның үйі ме, Францияның үйі ме, жоқ басқасы ма белгісіз. Әсіресе, осы бас қалада қазақ­тың иісі шығып тұратындай тұрғын-үй ғи­ма­рат­тары жоқ. Терезенің тұсына бір ұлт­тық нақыштарымызды аздап келтіре салу қан­шалықты қиын? Мен бір өз атымнан ұсы­ныс та айтқан едім, кейбір көше­лер­ді қазақ ауылдары атымен атасақ, сол жерлерге сол ауылдардың кішкентай болса да нышанын көрсетсек, сол көшеден қа­зақылықтың иісі шығып тұрар еді, – деп. Тіпті нөмірлеудің де қажеті жоқ, мәселен, мына көше – Баянауыл, мынау – Бөгенбай ауылы деген сияқ­ты. Бірақ амал не, тағы бір керегі – қай істі, қай саланы дамытамын деген елдер ең әуелі министрліктен бастау алады. Ал бізде ең қажетті деп саналатын Құрылыс минис­трлігі жоқ. Құрылыссыз ешқандай ел де, өркениет те дамымайды, бірақ құрылыс ми­нистрлігі жоқ. Содан барып, саланы мүл­дем білмейтін талай пысықтар құры­лысшы мен сәулеткердің ойын да ұқпайды, еңбегін де бағаламайды. Ал құрылыс сосын қайтіп дамысын? Мені қынжылтатыны да – осы! – Сайын Назарбекұлы, алтындай уа­қытыңызды бөліп, біздің оқырмандарымыз бен әлемжелі арқылы рухани қорек алатын көзі қарақты көрермендері­міз­ге арнайы сұхбат берге­ніңіз­ге алғы­сы­мыз­ды білді­ре­міз.  

Сұхбаттасқан Әсел Жақсыбай