Праймеризге әйелдер де белсене қатысуы тиіс
Праймеризге әйелдер де белсене қатысуы тиіс
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі елді мекендерді аралады. Сапар барысында Жуалы ауданы мен Тараз қаласының жұртшылығымен жүздесті.
«Елбасының тапсырмасы бойынша, Nur Otan алдағы 5 жылға әрбір облыс, аудан және елді мекенді дамытуға арналған ұсыныстар әзірлеп жатыр. 216 аймақтық бағдарламада жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, проблемалар мен қажеттіліктер ғана емес, сонымен бірге оларды шешудің нақты жолдары да көрсетіледі. Сондықтан сапарымның алғашқы күні азаматтық қоғам өкілдерімен, атап айтқанда, зиялы қауым, жастар, кәсіпкерлер және білім беру қызметкерлерімен кездестім», – деп жазды партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бауыржан Қыдырғалиұлы сапар аясында Б.Момышұлы ауылында кәсіпкер әйелдермен бірге ауылда микробизнесті дамыту мәселелерін талқылады. Партия Төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында өз кәсібін ашқандардың арасында көпбалалы аналар да баршылық. Бүгінде олар өз отбасын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, сондай-ақ қоғамдық өмірге де белсене атсалысуда. «Дәл осындай белсенді азаматтық ұстанымы бар әйелдер әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіруі және алдағы партияішілік праймеризге қатысуы тиіс. Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша Nur Otan алдағы уақытта өз сайлауалды партиялық тізімдері арқылы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға кемінде 30 пайыз әйелдердің кандидатурасын ұсынуды жоспарлап отыр», – дейді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары сапар барысында жоспардан тыс қуаттылығы 100 МВт болатын «Бурное» күн электр стансасының жұмысымен танысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, жыл соңына дейін облыста баламалы энергияның тағы төрт көзі пайдалануға беріліп, олардың үлесі 17,2 пайыздан 22 пайызға дейін артады.
Айта кетейік, кезектен тыс конференцияда облыс әкімі Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.