Праймеризге әйелдер де белсене қатысуы тиіс

Праймеризге әйелдер де белсене қатысуы тиіс

Праймеризге әйелдер де белсене қатысуы тиіс
ашық дереккөзі
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі елді мекендерді аралады. Сапар барысында Жуалы ауданы мен Тараз қаласының жұртшылығымен жүздесті. «Елбасының тапсырмасы бойынша, Nur Otan алдағы 5 жылға әрбір облыс, ау­дан және елді мекенді дамытуға арнал­ған ұсыныстар әзірлеп жатыр. 216 аймақ­тық бағдарламада жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, проблемалар мен қа­жеттіліктер ғана емес, сонымен бірге олар­ды шешудің нақты жолдары да көр­сетіледі. Сондықтан сапарымның алғаш­қы күні азаматтық қоғам өкілдерімен, атап айтқанда, зиялы қауым, жастар, кә­сіпкерлер және білім беру қызметкерлері­мен кездестім», – деп жазды партия Тө­ра­ғасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек әлеуметтік желідегі парақша­сын­да. Бауыржан Қыдырғалиұлы сапар ая­сын­да Б.Момышұлы ауылында кәсіпкер әйелдермен бірге ауылда микробизнесті дамыту мәселелерін талқылады. Партия Төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетіл­ген қолдаудың арқасында өз кәсібін аш­қандардың арасында көпбалалы аналар да баршылық. Бүгінде олар өз отбасын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұ­мыс орындарын ашып, салық төлеп, сон­дай-ақ қоғамдық өмірге де белсене атсалысуда. «Дәл осындай белсенді азаматтық ұстанымы бар әйелдер әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіруі және ал­дағы партияішілік праймеризге қатысуы тиіс. Партия көшбасшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың бастамасы бойынша Nur Otan алдағы уақытта өз сайлауалды партиялық тізімдері арқылы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға кемінде 30 пайыз әйелдердің кандидатурасын ұсынуды жоспарлап отыр», – дейді Бауыржан Байбек. Сондай-ақ партия Төрағасының Бі­рін­ші орынбасары сапар барысында жос­пардан тыс қуаттылығы 100 МВт болатын «Бурное» күн электр стансасының жұ­мысымен танысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, жыл соңы­на дейін облыста баламалы энер­гия­ның тағы төрт көзі пайдалануға бері­ліп, олардың үлесі 17,2 пайыздан 22 пайыз­ға дейін артады. Айта кетейік, кезектен тыс конферен­ция­да облыс әкімі Nur Otan партиясы Жам­­был облыстық филиалының төра­ғасы болып сайланды.