Теңгенің «теңселуінен» коронавирустың үрейі басым

Коронавирус індетінің жаһанды жайлауы және ОПЕК+ қатысушы­лары­ның сәтсіз келіссөздері салдарынан апта басында әлемдік мұнай бағасы шамамен 30 пайызға арзандап, баррелі 31 дол­лар­ға дейін төмендеді. Бұл – соңғы 30 жыл­да­ғы құлдыраудың ең жоғары деңгейі. Әлем­дегі бұл ахуалдан кейін экспор­ты­ның басым бөлігін мұнай өнімдері құрай­тын Қазақстанда доллар бағасы күрт қымбаттап кетті. Ел экономикасын әлем­дік экономикадағы тұрақсыздық сал­қынынан қорғау үшін дүйсенбі күні Мем­лекет басшысы шұғыл кеңес өткізіп, Үкі­метке халық алдындағы әлеуметтік мін­деттерді толық орындауды және дағ­дарысқа қарсы жоспар түзетін жедел ш­таб құруды тапсырды.

Жыл басынан бері коронавирус дертінің ушығуы әлемдегі энергия тұтыну көлемін тө­мен­детті. Бұл өз кезегінде мұнай бағасының арзандауы­на әкеліп соқты. 6 наурызда Венада бас қосқан  ОПЕК + альянсының мүшелері өндіріс көлемін одан әрі азайту жөнінде келісімге келіп, жаһандағы на­рықтық жағдайды тұрақтандырады деген үміт бол­ған. Алайда келіссөз нәтижесі жұрт күткендей бол­мады. Тараптар ортақ мәмілеге келе алмай, бұрын қабылданған барлық міндеттемелерді орындаудан бас тартты.

Блумбергтің   дерегінше, 1  сәуірде Сауд Арабиясы шикізат өндірісін тәулігіне 10 млн баррельге дейін, қажет болған жағдайда 12 млн-ға дейін арт­­­тыруды жоспарлап отыр. Эр-Рияд та өз тұ­тынушыларына бұрын-соңды болмаған жеңіл­дік­тер ұсынып, қара алтын өндірісін шектемейтінін аң­ғартты. Мамандар мұнай бағасының күрт тө­мен­деуіне осы фактор себеп болғанын алға тартады.

Қара алтын құны құлдырағаннан кейін 9 наурызда еліміздің валюта айырбастау пункттерінде доллар күрт қымбаттап кетті. Нұр-Сұлтан мен Алматының айырбастау пункттерінде АҚШ валю­тасының бағамы 400 теңгеге дейін жетті. Сейсенбіде қазақстандық қор биржасындағы таңғы сауда нәтижесінде доллардың аралық бағамы 393,5 теңге көлемінде болды. 6 наурызда шетелдік валютаның бағамы 382,05 теңге болғанын ескерсек, доллар 11,5 теңгеге қымбаттап отыр. Осы орайда, ұлттық валю­таның айырбастау бағамын ұстап тұру мақсатында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25%-тен 12-ге дейін көтергенін айта кеткен жөн.

Сейсенбідегі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин зейнетақы мен жәрдемақы өз уақытында және толық төленетінін,  жаңа жұмыс орындары ашылатынын мәлімдеді. Ал Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов теңге бағамына байланысты зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмекке индекстелетінін айтты.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкі­меттегі брифингте азық-түлік, басқа да тауарлар ба­ғасына қатысты пікір білдірді. Ведомство бас­шы­сының пайымынша, Қазақстанда сатылатын азық-түліктің басым бөлігі – жергілікті өнім болғандық­тан, доллар бағамы отандық тауарлардың бағасына әсер етпеуі тиіс. Алайда, министр бағаны өзгертуге қатысты сөз байласулар тауарлар бағасына әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Р.Дәленов мұн­дай бағаны көтермелеу әрекеттерінің жолы кесі­летініне уәде берді. Басында кәсіпкерге ескерту жа­салады, ал егер бағалардың жасанды жолмен кө­термеленуі тоқтатылмаса, қатаң тексеріс жүр­гізілмек.  Десе де, министр валюта бағамының құ­былуы шеттен келетін техника, электронды техника және дәрі-дәрмек құнына әсер ететінін жоққа шығармайды.

Сондай-ақ Руслан Дәленов жағдай тұрақтал­маған жағдайда Ұлттық қор қаражаты көмекке келетінін жеткізді. Министрдің айтуынша, Ұлттық қорда қазір 27 триллион теңге бар, мемлекет жыл сайын шамамен оның 2,7 триллион теңгесін пайдаланады.

 

Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы:

Теңге құнсызданды деп байбалам салу қисынсыз

– Әлем қазір күрделі жағдайда. Бір жағынан коронавирус үрейлендіріп тұрса, екінші жағынан геосаяси қақтығыстардың қауіп-қатері бар. Оған мұнай нарығындағы ахуалды қосыңыз. Біз жабық мемлекет емеспіз, сол себепті мұның бәрі біздің елге де әсер етері сөзсіз. Қытай мен Қазақтан арасында сауда айналымы өте жоғары деңгейде. Екі ел арасындағы шекара бекеттерінің уақытша жабылуы, аспанасты еліндегі ірі кәсіпорындарда жұмыстың тоқтауы бізге біраз қиындықтар алып келетіні анық.  Екіншіден, Қазақстан мұнай өндіруші ел болғандықтан әрі бюджет кірісінің негізгі бөлігі қара алтын саудасынан түсетіндіктен әлемдік мұнай бағасының құлдырауы ел экономикасына ықпал ететіні белгілі.

Үкімет тарапынан шұғыл іс-әрекеттер атқары­лып жатыр. Дағдарыс бүгін пайда болған жоқ. 2009 жылдан бері жалғасып, бірде бәсеңдеп, бірде күшейіп келеді. Бұл бағытта мемлекеттің арнайы бағдарламалары әзірленген. Сол бағдарламалар дұрыс жүзеге асырылып, қолға алынған шұғыл әре­кеттер нәтижесін берсе, еліміз жаһандық эко­номикадағы тұрақсыздықтың салқынын сезе қой­майды деп ойлаймын.

Теңге құнсызданды деп байбалам салу қи­сынсыз болар. Жаңа жылдан кейін АҚШ доллары­ның құны шамамен 380 теңгенің айналасында тұрақтағаны рас. Алайда өткен жылы негізінен 390 теңгенің көлемінде болды. Ұлттық нарық та, халық та соған бейімделген. Бюджетті бекіткенде де сол бағам ескерілген. Демек, 1 доллардың 393-395 тең­геге жетуі біз үшін дағдарысты жағдай емес.

Мұнай өндіруші мемлекеттердің қай-қайсысы үшін де қара алтын құнының құлдырауы тиімсіз. Сон­дықтан мұнай алпауыттары өзара келісімге ке­ліп, әлемдік нарықтағы жағдай реттеледі деп се­неміз. Қара алтын бағасы өсіп, барреліне 50 дол­ларға дейін көтеріледі деген болжам бар. Осы бол­жам расталса, уақытша тұрақсыздық экономика­мыз­ға қысым, халқымызға ауыртпалық түсір-мейді.

Back to top button