ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялады
ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялады
Жаңа коронавирустың жаһанды жайлап, пандемияға ұласты. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Женевада өткен брифингте мәлімдеме жасады.
«Алдағы таяу күндері және таяу аптада COVID-19-ті жұқтыру фактілері, өлім жағдайлары және зардап шеккен елдер саны бұдан да артатынын болжап отырмыз», деді ол.
Бүгінде әлем бойынша жаңа коронавирусты жұқтырғандар саны 114 елде 118 мың адамнан асты. ДДСҰ мәліметі бойынша 4291 адам көз жұмды.
Айта кетейік, пандемия - гректің "пандемос" деген сөзінен шыққан. Қазақша мағынасы "барлық адамға тиесілі" дегенді білдіреді.
Пандемия — аурудың жаһандық ауқымда таралуы. Көбіне бұған адамнан адамға оңай жұғатын вирус түрі не жаңа штамм себеп болады. Вирустың жаңа штамы мутациялауға ұшырағанда ол оңай пандемияға ұласуы мүмкін. Маусымдық аурулар не эпидемия бұған дейін болған вирустардың түрінен шықса, пандемияда жаңа вирустар пайда болады. Оған қоса пандемия кезінде өлім саны да, пайыздық көрсеткіші де әлдеқайда жоғары.