Елімізде электр энергиясын аумақтық сату жүйесі енгізілмек

Елімізде электр энергиясын аумақтық сату жүйесі енгізілмек

Елімізде электр энергиясын аумақтық сату жүйесі енгізілмек
ашық дереккөзі
Энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында энергия өндіруші ұйымдардан электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырудың басым құқығы берілмек. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған. ҚазАқпараттың жазуынша, Үкімет басшысы: «Электр энергетикасы және табиғи монополия салаларындағы мемлекеттiк реттеу электр энергиясын тұтынушылардың сұранысын барынша қанағаттандыру және нарықта бәсекелестiк жағдай жасау жолымен электр энергиясы нарығына қатысушылардың құқықтарын қорғау мақсатында жүзеге асырылады. Бүгінгі күні электр энергиясының соңғы тарифі оны өндіруге (55%), тасымалдауға (40%) кеткен шығындардан және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың үстемеақыларынан (5%) тұрады», – деп атап өтті. Премьер-Министрдің дерегінше, мұнан бөлек энергиямен жабдықтаушы ұйым бағасының құрылымы электр энергиясын өндіру көзіне және оны жүйелік оператордың желілері бойынша беруге байланысты ерекшеленуі мүмкін. «Сонымен қатар соңғы тұтынушы үшін тарифтің негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының электр энергетикасы және табиғи монополиялар саласындағы заңнамасын жетілдіру жұмысы аясында энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында энергия өндіруші ұйымдардан электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырудың басым құқығын беру мәселесі қаралып жатыр. Мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен көрсетілген ұсыныстарды қарау нәтижелері бойынша Ұлттық экономика министрлігі ағымдағы жылғы мамыр айында қосымша ақпарат жібереді», – деді Асқар Мамин. Айта кетейік, Сенат депутаттары Үкімет басшысының атына жолдаған сауалдарында электр энергиясын аумақтық сатуды ұсынған болатын. «Жергілікті жерде тұратын халықты арзан электр қуатымен одан әрі қамтамасыз ету мақсатында – тиісті энергиямен жабдықтаушы мекемелер - электр энергиясын жергілікті энергия көздерінен сатып алуын заңнамалық жағынан негіздеуді ұсынамыз. Сонда ғана, электр энергиясының тарифін тұтынушы халық үшін айтарлықтай төмендетуге болады», – деп атап өткен сенаторлар.