Мұрат Әбенов: «Серпінмен» оқығысы келетіндер «физика» пәнін таңдағаны абзал

Мұрат Әбенов: «Серпінмен» оқығысы келетіндер «физика» пәнін таңдағаны абзал

Мұрат Әбенов: «Серпінмен» оқығысы келетіндер «физика» пәнін таңдағаны абзал
ашық дереккөзі
Алматыдағы «Тау-Тұран» емдеу-сауықтыру орталығында өткен Қысқы медиа мектепке арнайы ат басын бұрған «Өрлеу» ұлттық орталығы директорлар кеңесінің төрағасы, «Серпін» бағдарламасының жетекшісі Мұрат Әбеновпен кездесудің сәті түсті. Бұл шараға «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан онға жуық студент те қатысты. Олардың айтуы бойынша, қазір «Серпін» бағдарламасымен 9 аймақта 8200 бала оқиды. – Мен Қарағанды мемлекеттік тех­никалық университетінде Радио-электроника және телеком­му­никация мамандығы бойынша 1 курста оқимын. Тараздан келдім. Дәл осы мамандыққа Алматыда грантқа түскендер – 95 баллмен ғана шектелген еді. Менің жинаған ұпайым – 79 балл болды. Осы оқу орнында «Серпін» бағдарламасымен 300 бала оқып жатыр. Бітіргеннен кейін жұмыс табу мүмкіндігі де жоғары, – дейді Ерлан Көбейсін. Қарағанды Техникалық құ­рылыс колледжінің 2-курс студенті Рәбия-Сұлтан-Бегім колледжде оқи­тындар 3 мезгіл тегін тамақ және жатақханамен қамтамасыз етіле­тін­дігін айтады. – Ауылға барып-қайтатын жола­қымызды төлейді және үш жылда бір рет қыстық киімге 65-70 мың теңге көлемінде ақша береді. Колледжді аяқтағаннан кейін, жұмыс тауып береміз деген уәде берді, – дейді Қызылорда өңірінен Арқаға арман арқалап келген ол. Аталмыш колледжде Қазақстанның оң­түстік өңірінен жүзге жуық бала оқыса, Астанадағы Агробизнес кол­леджінде бес мамандықта 125 бала, М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік-коммуникация академиясының ақмолалық колледжінде 50 бала, Ө.Бай­­қадамов атындағы Жезқазған университетінің «Қоршаған ортаны қорғау» мамандығында 100-ге тар­та бала оқиды. «Серпін» бағ­дар­ламасының бастамашысы әрі жетекшісі Мұрат Әбеновтің пікірінше, бұл бағдарлама негізінен әлеуметтік сипаттағы бағдарлама: – Бұл негізінен Елбасының тіке­лей тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бағдарлама. Әлеуметтік жоба. Елімізде біраз реформа жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, шикізатқа тәуелділігімізді азайтуымыз керек. Шикізатқа тәуелділігімізді азайту – экономикамыздың тұрақтылығына бастайды. Ол үшін біз нағыз индус­трия­лық, инновациялық жобаны іске асыруға тиіспіз. Оны іске асыру үшін қаржы немесе технологиядан гөрі, ең негізгісі – кадр. Ал бізде кадрлар тұрғысынан үлкен түйткіл бар. Мәселен, ең әуелі кадрмен қамтамасыз ету жағынан тепе-теңдік жоқ. Қазақстанның тоғыз аймағында мамандар тапшы. Осы өңірлерде жылдан-жылға жұмысқа жарамды адамдар саны азайып барады. Ол бірінші кезекте, бала туу деңгейінің төмендеуінен болса, екінші кезекте, сыртқа ағылған көші-қон. Соңғы жылдардағы деректерге қарағанда, ішке ағылған миграция­дан гөрі, сыртқа ағылған миграция басымдыққа ие. Осының салдарынан жылына жұмысқа жарамды азаматтардың саны 1-3 пайызға дейін төмендейді екен. Бұл не деген сөз? Қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған жобаларға мамандар жетіспейді, ал жаңадан жүзеге асырылатын жобалар үлкен қиындыққа тап болайын деп тұр. Соның ішінде шағын және орта бизнес саласы ақсап тұр. Мемлекеттің негізгі болашағы осы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Оны дамыту үшін еңбекті қажет ететін адамдар болуы тиіс. Ал кейбір облыстарда, мысалы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстанда жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның өзіне маман табылмай жатқанда, шағын және орта бизнесті дамытуға кадр қайдан болсын. Ал алдағы он жыл ішінде біздегі негізгі кәсіп және жұмыс орны шағын және орта кәсіптен тұратын болады. Яғни, жобаның негізгі мақсаты, осы адам саны тапшы тоғыз облысқа басқа облыстардан адамдарды тарту, сөйтіп кадр тапшылығын жою. Бұл жерде кез келген мамандық иесін тартуды көздеп отырған жоқпыз, сол өңірлерге нақты қажет мамандарды тартуды жоспарлап отырмыз. Сол үшін аталған облыстар алдағы 5-10 жылдықта нақты қандай мамандарды қажет етеді, оны жергілікті жерде қандай оқу орны дайындай алады, осы оқу орнымен келісімшарт жасасып, болашақ мамандарды оқытуды қолға алдық. Яғни, өндіріс пен білім беруді бірге алып жүрмекпіз. Оқу орны өзінің жанындағы кәсіпорын үшін мамандар дайындайтын болады. Бұл болашақ маманның жұмыс табуына да өз септігін тигізеді. Бұл – экономикалық жағы. Енді оның әлеуметтік жағы бар. Қазақстанның бес облысында, Маң­ғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл және Алматы облыстарында бала туу дең­гейі жылдан жылға өсіп келеді. Бұл өз алдына жеке түйіткіл туды­рып отыр. Мысалы, балабақша жетіс­пейді, мектептерде орын жоқ. Осы облыстарда Қазақстанның жалпы тұрғын­дарының жартысынан көбі тұрады. Оңтүстік облыстарда әр балаға жұмсалатын қаржы, басқа облыстармен салыстырғанда екі есеге кем. Себебі оған қажетті деңгейде қаржы жұмсау да қиын. Мектепте екі-үш ауысыммен оқитын болғандықтан, оларға бөлінетін арнайы орындар аздау. Бұл баланың қажетті деңгейде білім алуына кедергі келтіреді. Көп жерлерде колледжде орын жетіспейді. Жалпы, Қазақстанда колледждерде 100 балаға 25 орын болса, Қызылордада бұл көрсеткіш төмендеу. Жергілікті университеттерде орын жоқ, басқа жаққа барып оқуды қалталары көтере бермейді. Яғни, бұл бағдарламаның әлеуметтік жағы, ол – осы балалардың ішінен қабілеттілерін таңдап алып, мемлекеттік гранттар бөлдіріп, солтүстік өңірлерде оқыту, реті келсе жұмыс тауып беріп, сонда қалдыру. Үшінші, қоғамдық пайдасы бар. Бұл жоба бірінші кезекте ішкі миграцияны тудырады. Бұл адамдардың араласуын, қоғамның біркелкіленуін, интеграцияның жоғарғы деңгейде жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Бұл біртұтас қазақ менталитетінің қалыптасуына да әсерін тигізеді деп ойлаймын. Соның арқасында жершілдік немесе рушылдық секілді жікке бөлінушілік те азаяды. Адамдарда мобильдік көзқарас пайда болады. Демек, бұл бағдарламаны осы үш қырынан алып қараған жөн. – Бұл бағдарламаға қатысушы ар­найы топтар бар ма? Жоқ, қа­ты­­суға ниеттірлердің бәрі қатыса ала ма? – Бұған іштен қажеттілігі туын­даған, мотивациясы жоғары адамдар қатыса алады. Демек, бұл әлеуметтік институттың бір түрі. Яғни, адамдардың өзін өзі өмірге бейімдеуі үшін туындап отырған қосымша мүмкіндік. Бұл бағдарлама қоғам тарапынан өте зор қолдауға ие болды. Мәселен, алғашқы жылы конкурста бір орынға бес адамнан келсе, екінші жылы жеті адамға жетті. Сөйтіп, бірінші жылы осы бағдарламамен оқуға түскендер саны екі мың, екінші жылы алты мыңға жетті. Бұған дейін де талай мемлекеттік бағдарламаның болғаны рас. Бірақ, мына бағдарламаның жақсы қолдауға ие болғаны таң қалдырады. Ешкімді үгіттеген жоқпыз, ешкімге күштеп таңған жоқпыз. Бірақ жыл өткен сайын оған ынтығушылардың саны артып келеді. Қазақстан қоғамы жаңа белеске, индустриялық қоғам құратын кезеңге жетті. Бұл сол қадам жолындағы талпыныстар. Қазір бұл бағдарламаға тартылып жатқандардың көбі қазақы менталитеті жоғары, қазақы аудандардан келіп жат­қандар. Олар солтүстік немесе шығыс облыстарға келу арқылы, екі түрлі көзқарастағы, екі түрлі дүниетанымдағы адамдардың басы қосылып, олар бірін-бірі толықтыра түсетін болады. Демек, бұл адамдарда екі түрлі қасиет бар. Бірінші, ауылдық менталитетті жақсы меңгерген, ауылдан ешуақытта тамырын үзбейді. Екіншіден, индустриалды ортаның менталитетін меңгереді. Олардың бойында бәсекелестік қабілет жоғары болмақ. – Бағдарлама дүниеге келгелі екі жыл болды деп отырсыз ғой. Оның ақпаратын қалай жүргізесіздер? Ауыл ауылдарға барасыздар ма? Жоқ, ақпарат құралдарындағы ақпараттар жеткілікті ме? – Өкінішке қарай, бұл бағдар­ла­маға мемлекет тарапынан ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Біз ұйымдастыру топтарын құрып, соларды ауылдарға жібереміз, ақпарат таратамыз. Әуелі еңбек нарығындағы бос орындарды зерттейміз, осы на­рықтың айналасындағы университет, кол­ледждерді іздейміз. Содан кейін ауылдағы ағайындарды құлақтан­ды­рамыз. Біздің осы уақытта түсін­геніміз, ауылдағы ағайындардың көбі қазіргі нарыққа сай жаңа маман­дықтардың аттарын да толық біл­мейді. Оның болашақта қандай ма­мандық иесі болатындығын да­ түсінбейді екен. Сол үшін біз оларға техникалық мамандықтардың таныс­тырылымын жасаймыз. Көп жастар металлургия, геодезия, аспап жасаушы мамандықтарының ерекшеліктерін түсінбейді. Оның мүмкіншіліктері, бітіргеннен кейін қайда жұмыс істейді, қандай айлық алады, қандай қасиеттерді талап етеді? Біз осыдан бастаймыз. – Ал жұмыспен қамтамасыз ету жағы ше? Осы бағдар­ла­ма­мен оқуға түскен бірнеше ба­ламен сұхбат құрып үлгер­дім. Олар «Серпіннің» ар­тық­шылығы жұмысқа орналас­ты­ратын­дығында дейді. – Қай жағына алсақ та, артық­шы­лығы бар. Мемлекет тарапынан ешқандай көмек болмаса да, артықшылығы бар. Неге? Біз оларды Алматы, Астана секілді ірі қалаларға әкелген жоқпыз. Ол қалаларда жұмыс орындары жоқ. Өз қалаларында да жұмыс орындары жоқ. Өйткені ондағы университетті бітірушілер өте көп. Бітіргеннен кейін қайда барарларын білмейді. Ал біз бұл балаларды жұмыс қолы тапшы, маман кадрлар жетіспейтін индустриялық орталықтарға, ешкім бармаған, таңдамаған мамандықтарға, еңбек нарығының жанындағы оқу орындарына апарып отырмыз. Демек, олардың жұмыс табу мүмкіндігі жоғары. Әрине, осы жобаны жүзеге асыру барысында, мемлекеттік тапсырысты қабылдайтын оқу орындарына қоятын талабымыз – балаларды жұмыспен қамтамасыз етуге көмектесу. Бірақ меніңше, оларға сеніп, күтіп отыруға тиіс емеспіз, өз бетімізше іс ашып, олардың кәсіби деңгейін көтеруге көмектесуге тиіспіз. Демек, біз оларға білім ғана беріп, тәжірибемен ұштастырып қана қоймаймыз, сонымен қатар азаматтық көзқарасын қалыптастырып, оларды қандай қиыншылықтан да қорықпайтын етіп тәрбиелемекпіз. – Келесі жылы бұл іс қалай жүргізілмек? – Келесі жылы да бес мың баланы қамтуды көздеп отырмыз. Ең бастысы, түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу керек. Біріншіден, бұл жобаға басы артық бір тиын төленбейді. Жылда бөлініп жатқан мемлекеттік білім гранты негізінде жүзеге асырылады. Тек техникалық мамандықтарға және өңірлік ЖОО-ларға көбірек гранттар бөлініп отыр. Балалар пәнді таңдамауы керек, болашақ мамандығын таңдағаны абзал. Қазір көптеген талапкерлер алдымен пәнді таңдайды, сосын университетті таңдайды. Осы пәнді таңдау арқылы олар болашақ қандай мамандық иесі болатындығын ескермейді. Негізінен «Серпін» бағдарламасымен оқуға түсуді көздейтіндер төртінші пән ретінде «физика» пәнін таңдағаны абзал. Өйткені мемлекеттік білім гран­тының басым көпшілігі осы мамандықты таңдағандарға бөлінеді. Мысалы, былтыр колледждерге 1200 грант бөлінсе, университеттерге 5000 орын бөлінді. Олардың 3000-ы физика пәнін, бір мыңы биология пәнін, 500-і химия пәнін таңдағандарға, қалған 500-і басқа мамандықтарға теңдей бөлінді. – Солтүстік облыстарда өзге ұлттың үлесі басым. Ал оңтүс­тік­тен келген жастарға бұл қиын ти­мейді деп ойлайсыз ба? – Бұған тек этникалық мәселе тұр­ғысынан қарасақ, қателесеміз. Қазақстанның аталған өңірлерінде қазақтар ғана емес, жалпы тұрғын­дар­дың саны аз. Бұған әрине, сыртқы мигра­цияның әсері бар екенін айттым. Демек, онда жұмыс қолы мүлдем аз, ол өңірлерде мүлдем бос қалып жатқан ауылдар да көп. Яғни, демографиялық тұрғыдан дабыл қағатындай жағдайдамыз. Елбасының өзі дәстүрлі Жолдауында тұрғындарды халық тығыз орналасқан аумақтан жұмыс күші аз, маман тапшылығы байқалып отырған аумаққа көшіру туралы айтты. Жалпы, демографиялық теңсіздіктің туындауы кез келген елдің дамуына кедергі келтіреді. Халық азайған сайын, мемлекеттің ол өңірді игеруге жұмсайтын қаржысы да көбейе түседі. Сондықтан осы теңсіздікті жоюға әрекет етудің астарынан қандай да ұлттық саясат іздеудің қажеті шамалы деп ойлаймын. Мен бұл жерде этникалық мәселені бірінші кезекке шығармас едім. Өйткені бұл жобаға тек қазақтар ғана емес, Қазақстанның барлық азаматтары қатыса алады. Қазір «Серпін» бағдарламасымен 11 ұлттың өкілі оқиды. Негізінен Оңтүстік өңірлерден, Маңғыстаудан келетін балалар қамтылғандықтан, олардың 99 пайызы қазақ тілінде оқиды. Яғни, «Серпін» бағдарламасының негізгі оқу тілі – қазақ тілі. Бұл бағдарлама негізінен мем­ле­кеттің қажеттілігінен туындап отырған бағдарлама. Ал мемлекеттің қажеттілігі мен тұрғындардың қажеттілігі бірін бірі толтырып жатса, ол бағдарлама сәтті болмақ. Бұл жерде екі жақты қарау керек, Оңтүстік өңірлерде халықтың тығыз орналасуы, көп балалы отбасылардың көп болуы, өндіріс орындарының аздығы – жұмыссыздықты және әлеуметтік теңсіздікті тудырып отыр. Осы мәселені шешу үшін халықты күшпен жаппай көшіре алмайсыз ғой. Ал мына бағдарлама бойынша, халық өз жүрек қалауымен таңдайды, өз еркімен индустриялы ортаны қалыптастыруға барады және өз еркімен солтүстік өңірлерде қалады. Ешкім оларды зорлап жатқан жоқ. – Әңгімеңізге рахмет!  

Әңгімелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ