Қасым-Жомарт Тоқаев Талғат Қалиевке қандай тапсырма жүктеді?
Қасым-Жомарт Тоқаев Талғат Қалиевке қандай тапсырма жүктеді?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президентінің Ауғанстан бойынша Арнайы өкілі Талғат Қалиевті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы ауған процесін реттеу жұмыстарын жандандыруды ескере отырып, Ауғанстан бойынша Арнайы өкілдің тиімді қызметінің маңыздылығын атап өтті.
Президенттің пікірінше, аталған елде берік бейбітшілік орнату мәселесі Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық мүддесімен сай келеді. Сонымен қатар Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді.
– АҚШ пен «Талибан» қозғалысы өкілдерінің арасындағы келісімнен кейін Ауғанстанға қатысты геосаяси жағдай жаңа кезеңге аяқ басты. Ауғанстан мен оның төңірегіндегі қазіргі үрдістердің қарқынын жіті бақылап, бұл елдегі ұлттық келісім мен қайта қалпына келтіру процесіне көмектесу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті Арнайы өкілге ауған проблемасы бойынша екіжақты форматта және көпжақты келіссөздер механизмдері аясында шет елдік серіктестіктермен бірлесе отырып, тығыз жұмыс істеуді тапсырды. Бұл терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы сияқты қауіп-қатерлерге қарсы күрес тұрғысынан алғанда да маңызды саналады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның ауған бағытындағы сауда-экономикалық мақсаттарын мейлінше белсенді түрде іске асыру керек екенін атап айтты.