Таға да Қонаев хақында

Таға да Қонаев хақында

Таға да Қонаев хақында
ашық дереккөзі
Ақпан айының 15-сі күні «Abai.kz» сайтында «Қайшылыққа толы тұлға» айдарымен «Қонаевтың ұлтын өзгертуге не нәрсе мәжбүрледі?» деген тақырыпта материал жарияланды. Сайтты жүргізушілер мақаланың соңына таман: «Ал, соңғы кездері Қонаевты қайтадан мадақтай бастады, оның атына әртүрлі жетістіктерді таңуда. Тіпті, «Жас Алаш» газеті оның бойында «12 әулиелік қасиет» бар деп шықты», − деп жазыпты. Негізінде сайттағы мақала осыдан туындаса керек. Сайт журналистерінің аталмыш мақаланы газетке таңа салмай авторының Ораз Қауғабай екенін көрсетпегені түсініксіз. Өйткені ондағы ойдың бәрі газеттікі емес, автордікі. Жалпы «Жас Алаш» Қонаев туралы  пікірлерге бір жақты ғана қарамай ащын да, тұщшыны да жариялап жүрген басылым. Сайт газеттегі сол мақалаға орай «...Қонаев көзі тірісінде аңызға айналған адам болса да, саясаткерлік, тұлғалық болмысында біз білмейтін сыр көп» дей келіп, журналист Мадат Ақкөзиннің 2009 жылы «Азаттық» сайтында жарық көрген мақаласын еш өзгеріссіз жариялап отырғандарын ескертеді. Шындығына келсек, Ақкөзиннің жазбасында ақиқаттан гөрі тырнақ астынан кір іздеуі басым. Және оның мысалға алып  жазғандары жұртқа жаңалық емес. Соған дейін де айтыла-айтыла жауыр болған жайлар. «Көп шайналған қартаның дәмі кетердің» кері. Атам қазақ: «Сәбиден басқаның бәрі пенде», − деген.  Ғасырлар сүзгісінен өткен рас сөз. Ал пенделік кімде жоқ? Кім қателеспейді? Рас, тек жаратушы Алла ғана қателеспеген. Түп Пайғамбарларымыз Адам Ата мен Хауа Ана да қателескен. Абай: «Бұл қазақтың өлгенінің бәрі жақсы, тірісінің жаманнан аманы жоқ», − деп неге айтты екен? Қандай пиғылдағы жандарды меңзеп отыр? Ақын Мұхтар Шаханов КСРО Жоғары Кеңесіне депутат кезінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатына кірмекші болғанда мекемнің басшысы: «Мұха, мұрағат құжаттарымен танысарсыз-ау. Бірақ содан шыққан кезде сіздер пір тұтып жүрген ұлттық тұлғалардың бәрінен көңіліңіз қалады. Енді сол құжаттармен таныспас бұрын ойланыңыз», − дегенде ақын кіруден бас тартқан. Демек, бәрінде пендешіліктің болғаны ғой. Рас, Қонаевты пенделіктен ада деп кесіп айту қиын. Иә, оны өзі де «Бірлесу» газетіне берген сұхбатында: «Өзімді өзім ақтайын деп отырған жоқпын, дұрыс та, бұрыс та шешімдер қабылдадым: қателік те болды, жетістік те болды...», − деп айтқан. Қонаев республиканы басқарды демесеңіз ауданды, қаланы, облысты басқарған ұлт өкілдері аз болды ма? Солардың қайсысы Қонаевтай пендешіліктерін мойындаған екен? Өз пендешілігін мойындау халықтан кешірім сұрағанмен бірдей. Бұл иманды адамның арына жүгінгенде айтатын адами қасиеті. Ал: «Мен пендешіліктен тазамын» деп беттері бүлк етпей, жер басып жүрген арсыздар қаншама.  Иә, сайтта айтылғандай Қонаевтың  шапағатын көргендер болды, тек жекелеген адамдар ғана емес, Қазақстан халқы көрді. Қонаевқа дейін республикада үлкенді- кішілі басшылықта жүрген ұлттық кадрлар санаулы ғана еді. Қалай айтсақ та Мәскеудің қадағалаған қысымына қарамай солардың қатарын барынша көбейтті. Сол кадр таңдаудан кейде қателессе де, бар өмірін халқына арнаған жан. Ал халық елге адал еңбегі сіңгендерді ғана құрметтейді, аңызға айналдырады. Сайтта «алдыңғы қатарлы» жазушылардың бірі деп Әлжаппар Әбішевтің Қонаевқа жазған хатын берген. «Неліктен халықтар достығының зертханасы боп саналатын Қазақстанда өз жүздеріміз бен руларымыздың арасында достық жоқ? Руға бөлінуді ойлап жүргенде басымыз бөгде біреудің аяғының астында қалып жүрмесін!». Бірінші басшымен сөйлескеннен де, арызданғаннан да еш нәтиже шықпады».  Әбішевтің достық жоқ дегені асылық сөз. Егер достығымыз болмаса, ел де бола алмас едік. Қара бояюды жөн-жосықсыз жаға бергеннен шыққан мүйіз қане? Ал ру мәселесіне келсек Қонаев республикалардың барлық облыстарына өз руының адамдарын бірінші басшы етіп қойған жоқ қой.  Желтоқсан көтерілісінде ұлттың ұл-қыздарын қорлап, халықтың қабырғасын қайыстырып қан жұтқызғын  Колбинге: «Біз Сізді 25 жыл күттік», − деген Әлжаппар Әбішевтің сөзін қалай түсінер едіңіз? Исі қазақтың еттінен өтіп, сүйегіне жеткен осы удан да ащы сөзін тек Алматы ғана емес, Қарағанды жұртшылығы да жақсы біледі. Бұдан сайтты жүргізіп отырған Дәурен Қуат бауырым да хабардар. Осындай жаннан өзі айтқандай қандай достықты, қандай әділдікті күтесіз? Қонаев рушыл болса, Мәсімхан Бейсебаевты орнынан алып, республиканың Министрлер Кеңесінің төрағасы етіп Бәйкен Әшімовті тағайындар ма еді?! Немесе бір ауданнан тоғыз бірдей академикті шығарған ғұлама Сәтбаевты рушыл дейміз бе? Жоқ ағайын, бұл рушылдыққа жатпайды. Кезінде осы мәселе жөнінде бұрын Қазақстан Компартиясы ОК-де ұзақ жылдар қызмет еткен жазушы-аудармашы Әбілмәжін Жұмабаймен пікір алысқан едім. Ол менің сауалыма: «Қонаев та, Сәтбаев та ірі ұлттық тұлғалар. Біз алдымызды ғана көреміз. Олар алысты көріп, тереңнен ойлаған жандар. Екеуі де халықтың құрметіне бөленген. Сондықтан мен олар туралы пәлен деп бір жақты ұшқары пікір айта алмаймын», − деген еді. Ақсақалдікі есті адамға жөн сөз. Автор мақаласының келесі бір бөлігіне «Қонаев кезіндегі орыстандыру» деп тақырыпша қойыпты. Автор аннан-мұннан жекелеген мысалдар келтіріп, бар кінәні Қонаевқа жапқан. Қонаев дәуірінің бір бөлігі Хрушевтың кезінде болды. «Неғұрлым орыс тілін тез үйренсек, соғұрлым коммунизмге тез жетеміз» деген Хрушевтың шоқпарлы саясаты жүріп тұрған шақ. Партия комитеттерінде бірінші қазақ болса, екінші орыстан болды. Немесе керісінше. Сол «тамырлар» әр басқан қадамын аңдып, Мәскеуге жеткізіп отырғанын сол кезде облыс, республика басшылығында қызмет еткендер жақсы біледі. Сондықтан ақырын жүріп, анық баспаса кімді болса да қызметтен алап тастау Хрущевқа түкке де тұрмайтын еді. Шынымен-ақ, Қонаевтың кезінде бәрі орыстанып кетті ме?  Автордың осы пәлсафасында қаншалықты шындық бар? Оның қызыл империя кезінде дарияның астыңғы ағысындай атқарған шаруаларын неге көріп тұрып, көрмегендей боламыз? Біліп тұрып, білмегендей сыңай танытамыз. Қай кезде де ұлттың тілін, ділін ұстанған ақын-жазушылар емес пе. Мұқтар, Ғабит, Сәбиттің, Ғабиденнің, Әбдіжәмілдің, Қалиханның, Әзілханның және тағы басқалардың кітаптары 50-100 мың тиражбен шығып, қалың қазаққа таралып жатты ғой. Мұны тіл үшін күрес емес деп кім айта алады? Тіптен тарихымызды жаздырмай тұрған сол қызыл империяның күйіп тұрған саясаты кезінде Ілияс Есенберлиннің  тарихи романы «Қаһарды» да жарыққа шығаруға қолдау көрсеткен Қонаев екенін кім білмейді? Бірді-екілі, жазушының кітабы шықпай қалды деп бәрін жоққа шығарып, күйе жағуға бола ма? Сол кезде ақын-жазушыларға деген құрмет қандай болды десеңізші. Елдің маңдай алдысы солар емес пе еді? Қала берді 1984 жылы Алматы қаласынан қазақ мектептерін ашу жөнінде атойлап шыққан ақын Шона Смақанұлына  қолдау білдірген Қонаев екенін кім білмейді? Мақаланың авторы Қонаевтың ұлтын татар етіп шығарғысы келген. Оған дәлелі ұйғыр жазушысы Әбдікерім Ғаниевтің «Исмаил Юсупов: «С чистотой помыслов» атты деректі повесінен үзінді келтіріпті. «Республикаға басшылақ етуге мен келгенде «менің қаракөз достарым» Қазақстанның басына ұйғыр келді деді. Ал, Қонаев туралы ондай әңгіме айтылған жоқ. Оның ұлты татар еді ғой. Мұны мен Қазақстанның бұрынғы басшысы ретінде толық жауаптылықпен мәлімдеймін. Қонаевты және оның ата-анасын менен артық ешкім білмейді. Себебі, менің ата-анам оның ата-анасымен Алматыда көрші тұрған. Ал, біз Д.А.Қонаев екеуміз бала кезден бірге өстік, сосын Сопы Зарват атындағы ұйғыр орта мектебінде бірге оқыдық. Қазақстан басшысын ұлттық кадрлар сапынан бекітеміз деген мәселе көтерілген уақытта Қонаев өз паспортын бір-ақ түнде жойып жіберіп, ұлты қазақ деп көрсетілген жаңасын алған болатын. Оның сол қулығын мен жақсы білетінмін. Бірақ ол деректі ашық айтатын уақыт ол кезде әлі келмеген еді». Есі дұрыс адам сүйегін сата ма? Жоқ, әрине. Юсуповтың «Қазақстан», «Арзу» баспасынан 1997 жылы жарық көрген сол кітабын мен де осыдан бірнеше жыл бұрын оқып шыққанмын. Айтқандары көкейге мүлдем қонбайды. Неге? Ол өмірінің соңына таман республикадағы бірнеше ақпарат құралдарына сұхбат берген. «Нұр Астана» газетінің журналисі Ермек Зәңгіровке, «Казахстанская правда» мен «Заң» газетінің тілшісіне және басқа да ақпарат құралдары оның айтқандарын сол күйінде жарыққа шығарды. Ол сол сұхбаттарының бәрінде: «Менің қазақтарға жасаған қылаудай қиянатым болған жоқ. Оңтүстік Қазақстанның үш ауданын Өзбекстанға берген Қонаев», − деп айтқан. Енді оның осы мәселе бойынша қаншалықты шындықты айтқанына келейік. Мұрағат құжаттары не дейді? 1962 жылғы 21-24 желтоқсан күндерінде болған Қазақстан Компартиясы ОК бюросы мәжілісінің №30 хаттамасында И.Юсуповтың КПСС ОК саяси Бюросының Бас секретары Н.С.Хрущевқа өз қолымен тапсырған мына хаты қоса тіркелген. «07.12.1962г. ЦК КПСС т-щу Хрущеву Н.С. ЦК Компартии Казахстана т-щу Кунаеву Д.А. Совета Министров Каз ССР т-щу Бейсебаеву М.Б. Исходя из обшегосударственных интересов дальнейшего углубления специализации и правильного размещения сельскохозяйственного производства, Южно-Казахстанский крайком партии и крайисполком, Чимкентский обком партии и облисполком просят ЦК КПСС, ЦК КП Казахстана и Совета министров Каз. ССР рассмотреть вопрос о предаче Узбекской  ССР  хозяйств Пахта-Аральского, Ильичевского и Кировского районов, а также все, земли, подлежащие освоению и на центральном массиве в Голодной степи. Это позволит сосредочить в единых руках хозяйственное освоение и развитие хлопководства в Глодной степи и создать там крупную специализировенную на производстве хлопка новую административную облась лучше использовать имеющиеся единые каналы, оростительную воду... Секретарь Южно-Казахстанского крайкома ЦК Компартии Казахстана И.Юсупов». Автордың бүгінде төбе биге санап, «Қонаевты татар деп» төрелігін айтқызып отырған Юсуповының сөзі осы. Сіз енді оның өзіне де, сөзіне де  сенесіз бе?.. Дінмұхамед Қонаевтың  «Санат» баспасынан 1994 жылы шыққан «Ақиқаттан аттауға болмайды» естелік кітабы бар. Ол бұл мәселені былай деп еске алған. «...Мен Хрущевке телефон соғып, концертке шақырдым. (Қазақстан өнер шеберлерінің Мәскеудегі қойылымы). Аман-саулық сұрасқан соң Н.Хрущев: −Бүгін Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Юсупов келіп кетті, − деді маған көз қиығын бір секем көңілмен тастап, сөзін сабақтады. – Ол мақта өсіретін аудандарды Өзбекстанға беру туралы мәселе қойып отыр. Меніңше, өте құнды пікір. Төбемнен жай түскендей үнсіз отырып қалдым... Әйтседе ойымдағыны іркіп қала алмадым. −Мен Юсупов ұсынып отырған ұсыныстың пайдалылығын өз халқыма дәлелдеп бере алмаймын...». Қонаевтың өте сыпайы, мәдениетті жеткізген наразылығын Хрущев кешірген жоқ. Ол Қонаевты төменгі қызметке ығыстырып, орнына Юсуповты Казақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы етіп тағайындады. Егер араға Брежнев түспегенде Хрущев содан кейін Қонаевты мүлдем билікке жолатпауы да мүмкін еді. Хрущев кім? Кезінде Кеңестер Одағы империясын құрған Сталиннің және оның серіктестерінің түбіне жеткен, 1956 жылы Будапештегі, 1968 жылы Прагадағы халық наразылықтарын қарулы күшпен талқандаған, аузын айға білеген Берия мен маршал Жуковты  құртқан,  «Қырғи-қабақ соғыс» кезінде Америка Президенті Эйзенхауерге: «Мы вас похороним!» деп жұдырығын көрсетіп айбат шеккен,  «СССР-ді былай сыйламайды екеніңдер, онда біз қарулы күшпен сыйлатамыз», − деп Американың түбіндегі Кубаға атом бомбасын алып барып, үшінші дүниежүзілік соғысты бастауға тартынбай тұрған, айтқанынан қайтпайтынын әпербақандығы кейінгі АҚШ Президенті Кенедиді шегініс жасатуға мәжбүр еткен, халықаралық ұйымның ең үлкені БҰҰ-ның мінберінде тұрып, «Кузькина мать» деп аяғындағы бәтіңкесімен мінберді тоқылдата соққылаған, жиналыс-жиындарда деп аузына келгенін аталап тұрған Хрущев кімнен тайсалып, кімнен аяғын тартушы еді. Жуырда ғана Мәскеу телеарнасынан «Заговор» документальды фильмде «Маған билік тағы он жылға керек» деп әлдекімдерде өші бардай кіжінгенін жұрт көрді.  Сол он жыл Хрущевқа не үшін қажет болды? Ол билікте тағы он жыл тұрғанда Қазақстанның бес облысы түгілі бүкіл республкалардың шекараларын жойып, тек Мәскеудің билігін орнатар еді. Мәскеудегі Брежнев бастаған Саяси Бюро мүшелерінің ұйымдасқан қарсылығы оның бұл арманына жеткізбеді. Ал біз бәрін де жорта елемеген боламыз.