Жаңалықтар

Президент ескертуінен кейін "Шымбұлақта" тәртіп орнады

ашық дереккөзі

Президент ескертуінен кейін "Шымбұлақта" тәртіп орнады

Өткен аптада Алматы қаласына ат басын бұрған Елбасымыз қаланың демалыс орындарындағы тәртіпсіздіктерді сынға алған еді. Президенттің ескертуінен кейін "Шымбұлаққа" баратын жолда автомобиль қозғалысына тыйым салатын белгі орнатылды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады. Естеріңізде болса, шаһарымызға жұмыс сапары кезінде Президент құрылыс жүргізуге және автокөлікпен жүруге тыйым салынған аймақтарда талаптың бұзылуына қатты наразылық білдірген болатын. «Өзен бойы мен су арналарының жанынан мейрамханалар мен үй құрылыстарын салуға тыйым салған болатынмын. Сонда да салып жатыр, бұл деген су шайып кету қаупі күшті аймақтар ғой! Мен әл-Фарабиден жоғары аймаққа биік құрылыс ғимараттарын салмау керегін айттым. Және де Шымбұлақ маңына коттедж үйлерді тұрғызбау керегін ескерттім, сонда да елер емес. Мұның қала тынысын тарылтып, таза ауа ағымына кері әсер ететінін және қала көркін бұзатынын бәріміз көріп отырмыз ғой! Мұндай заңсыз құрылыстарды бульдозермен бұзуларыңа болады. Ол үшін ешқандай жауапқа тартылмайсыңдар. Мен рұқсат етемін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы табиғи парк аумағында тәртіптің өрескел бұзылғанын сынға алды: "Медеуде арқан жолды салдық, мұз алаңы бар жерде көліктер болмасын дедік. Не болып жатқанын қараңыздар. Қандай тәртіпсіздік! Біз арқан жолды не үшін салдық? Көлікпен ешкім келмесін деп, Шымбұлақтың экологиясы бұзылмасын деп салдық. Ол жақта бар орманды түтіндетіп, өлтіріп аламыз. Ал басшылықтағылар көлігімен жүреді. Мен Шымбұлақта коттедж салуға тыйым салдым, сонда да салып жатыр. Бұған кім жауап береді?". Мемлекет басшысының осындай қатаң сынынан нәтиже шыға бастағандай. Бүігнде "Медеу" мұз айдынынан "Шымбұлақ" тау-шаңғы кешеніне дейінгі жолға автомобиль қозғалысына шектеу қоятын белгі тұр. Тіпті, жол бойына орнатылған белгі маңын полицейлер өз бақылауына алған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері жекеменшік автомобильдерге жүруге тыйым салып жатыр. Дегенмен, таксилерге "Медеуден" жоғары көтерілуге рұқсат етілген.