Жаңалықтар

Таразда 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

ашық дереккөзі

Таразда 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Тараз қаласында«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 80 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді, – деп хабарлады ҚазАқпарат. «Тұрғындардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін мемлекет түрлі бағдарламалар қабылдады. Өткен жылы Таразда екі мыңға жуық пәтер берілсе, бүгін де сол игі дәстүр өз жалғасын табуда. Бұл Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біздің әйелдер мен көп балалы аналар үшін ерекше сыйлық болып отыр. Баршаңызды жаңа қоныстарыңызбен құттықтаймын, мықты денсаулық, ұзақ өмір тілеймін», – деп атап өтті аймақ басшысы. Қала әкімдігінің мәліметінше, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 29 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 2025 жылға дейін жаңа тұрғын үй алабында барлығы 181 көп пәтерлі және 255 жеке тұрғын үй салу жоспарлануда. Айта кету керек, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында өткен жылы облыс бойынша 323 пәтер берілген-ді. Сонымен қатар, «Қарасу» шағынауданында көп балалы отбасыларға арналған 4 көп қабатты әлеуметтік жатақхана салынған болатын. «Арай» шағынауданында тағы сондай төрт жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде шамамен 19 мың адам тұр. Оның 2 мыңға жуығы көпбалалы отбасы.