Көліктің жүк тиегішіне адам отырғызып алған жүргізуші жауапқа тартылды
7 наурыз, 2020 /
Асыл ТҰМАР
Көліктің жүк тиегішіне адам отырғызып алған жүргізуші жауапқа тартылды
Түркістан облысының полицейлері көлігінің үстіне бірнеше адамды отырғызып алған жүргізушіні Әкімшілік кодекстің төрт бабымен жауапқа тартатын болды, – деп жазды Polisia.kz.
ВАЗ-2106 автокөлігінің үстінде бірнеше адамның отырып алған бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған болатын. Полиция жүргізушінің аиты-жөнін анықтады.
Тексере келе Ордабасы ауданының тұрғыны 1 наурыз күні көлік тізгінінде отырған сайрамдық азаматқа машинасын сатқаны белгілі болды. Сөйтіп тәртіп сақшылары автокөліктің жаңа иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің төрт бабы бойынша хаттама толтырды: 230-бабы – «Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу», 590-бабы – «Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», 593-бабы – «Жол жүрісі қағидаларында жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау», 612-бабы – «Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы».
Көлік тізгінінде болған азамат өзінің әрекеті заңсыз екенін және жолаушылардың өміріне қауіп төндіргенін мойындап, кешірім сұрап, алдағы уақытта қайталамайтынын айтты.