6 жасар бүлдіршінді перзенті жоқ әйел ұрлауы мүмкін

Екі күн бұрын ізім-ғайым жоғалып кеткен оңтүстікқазақстандық бүлдіршін әлі табылған жоқ. 6 жасар Мұхаммед Қамшыбекті жасы 50-ден асқан әйел ұрлады деген күдік бар.
Bnews.kz тілшісі кеше жоғалған баланың анасы Жанна Ағабековамен әңгімелескен болатын. Ұлын іздеп бапмаған жері, баспаған тауы қалмаған әйел баланың бейтаныс әйелге қалай еріп кеткенін баяндап берді:
– Мұхаммед тұңғышым, бірінші сыныпта оқиды. Ол сағат 12.25-тер шамасында мектептегі сабақтан шыққан. Үйге қайтып бара жатқанда онымен мектептің ауласында 50-ден асқан бір әйел сөйлесіпті. Ол әйел біздің ауылға жергілікті таксилердің бірімен келген. Оны сол такси жүргізушілері айтып берді. Ауылға келгеннен соң сұрастырып мектепті тауып алған. Сосын балаларды күтіп тұрған. Куәгерлердің айтуынша, әйел баламның атын сұрап алған. «Мұхаммед қалайсын, бері кел, бір жаққа барып келеміз» депті. Қолында қызыл шар ұстап алған дейді. Сөйтіп балам ешбір қарсылық көрсетпестен сол әйелмен ауылдағы бір таксимен аудан орталығы Темірланға барыпты. Ол жерде аудандық аурухананың алдында түсіп қалыпты. Такси жүргізушісі әлгі әйелдің баланың шағашы апасы деп ойлаған көрінеді. Кейін таксилер тұрған жерге барып, осындай жағдай болды деп жанындағы ауылдың өзге такси жүргізушілеріне айтқан. Сөйтсе араларындағы біреуі ол нағашы апасы емес, мен нағашыларын танимын депті де, екеуі бірге қайта ауруханаға іздеп барыпты. Алайда, әйелді де, баланы да таппаған. «Көлікке отырар кезде баланың жүзінде ешбір қорқыныш, үрей болмады, сосын күдіктенбедім», – дейді такси жүргізушісі. Өзіміз Мұхаммедтің жоғалғанын кеше сағат екілерде естідік. Содан бері іздеп жатырмыз. Қазір де аудандық ІІБ-да отырмыз әкесі екеуміз. Ауылдағы такси жүргізушілерінің айтуынша фотороботын тағы жасап жатыр. Бірақ нақты түрі әлі жасалып біткен жоқ», – дейді Жанна Ағабекова.
Мұхаммедтің ата-анасы әзірге нақты ешкімнен күдіктеніп отырған жоқ. Мұхаммед – бес балалы отбасының тұңғышы. Баланы алып кеткен әйел бала асырай алмай жүрген жан шығар деген болжам бар. Кеше баланың әкесіне белгісіз біреулер жасырын нөмірден телефон соғып: «Сенің балаң жоғалып кетті емес пе» депті. Одан кейін де бірнеше рет хабарласып, үнсіз тұрған көрінеді. Қазір ОҚО полицейлері күдікті әйелді фотороботы бойынша іздестіруде.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button