Мәртебелі елші
Мәртебелі елші
«Дүниеде ешнәрсе де кездейсоқ болмайды, тек себебін білмегендіктен біз солай деп ойлаймыз. Бір нәрсенің себебін білу үшін, парсының тағынан да бас тартар едім» деген екен ұлы ойшыл Демокрит. Шынында, қажеттілік негізінде жаралған ғаламшарда әр нәрсенің себебі бола ма екен?..
Егер дүние белгілі себеп-мақсатпен жаралған болса, менің де тағдырымның осы бір әзиз жанмен тоғысуы дүниенің «кез келгендікпен» емес, «бір-біріне себеппен байланыстырылып» жаратылғанындай, бізді байланыстырған уақыт кеңістігі жоқ Абай әлемі, руханият әлемі ме деп ойлаймын. Бірақ мұның бәрі қажеттіліктен туындап тұр ма, әлде сәйкестік пе?! Қандай болса да, мен көненің көзін көрген, асылдардың сөзін ілген, бар қазақтың мұңын мұңдап, болашағы үшін қамын жеген, өз ұлтының қызғыштай қорғаушысы, еліміздегі ең таңдаулы, бағзы заманның абыз-билеріндей аузы дуалы кісіден ақ бата алып, үлкен сеніміне ие болу бақыты бұйырған жанмын.
Әлі есімде, 11-сыныпта оқып жүрген кезім. Сыныптас құрбым: «Шахинұр, сен хат жазған әлгі кісі кім?», – деп сұрады. Мен оған таңдана қарадым. Шамасы, менің қадалған көзқарасымда: «Сен қалайша білмейсің?» деп кіналаған сұрақ тұрды-ау деймін, құрбым әжептәуір қызарақтап күмілжи бастады. Оны ары қарай қинамайын деп, үлкен кісінің бүкіл атақ-даңқын жіпке тізген маржандай қылып айтып жатқанымда құрбым «ойбай» деп, ұялғанынан бетін баса қаша жөнелді. Әйтеуір, соңғы айтып үлгерген сөзім «Мәртебелі елші» болды...
Иә, мен құрбыма «Мәртебелі елші» деп қате айтқан жоқ едім. Ағаның өзі сыйға берген том-том кітаптардың ішіндегі күнделік жазбалары былайша басталады: «Егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болған соң сыртқы саясатты нығайту мақсатымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мәскеуден, жер дүниеден қазақ дипломаттарын жинап, Сыртқы істер министрлігін нығайтып, жан-жаққа өзінің алғашқы Төтенше және өкілетті елшілерін тағайындап жатты. Мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылы шілденің ортасында мені Нұрекең шақырып: «Тәуелсіз мемлекеттігімізді орнатуға кірістік, бес жыл тізе қосып бірге істедік, үнемі жанымда болдың, елге еткен еңбегің аз емес, оны жұртшылық біледі, мен сені тағы бір жауапты қызметке жібергелі отырмын. Иран – бізбен тарихи сабақтас, іргелес, стратегиялық жағынан Қазақстан үшін орны ерекше ел, сонда елші болып барсаң қайтеді?», – деді.
«Президент сенімінен артық не бар?». Нар тәуекел!
Белгілі қазақ қайраткерінің, пассионарлық қуаты мол тұлғаның «байырғы мәдениеттің, ғажайып ертегілердің, керемет ақындардың Отаны» Иран Ислам Республикасындағы елшілік қызметі жемісті де жеңісті болғанына күнделік беттерінде куә боласыз. Бұл жол оңай болмағаны айдан анық.
Кітапты оқи отырып, Иран елімен мәдениетіміз ортақ, тарихымыз төркіндес болғанымен өмір сүру қағидалары мүлдем бөлек екенін, оның үстіне «Иран-Ислам, оның арғы жағы фундаментализм, экстремизм» деп, қоғамда қалыптасқан ұғымның қаншалықты шындыққа жанасатынын байқайсыз. Дипломатияның нәзік, терең сырларына қанығасыз. Иірімдеріне бойлайсыз. Куба көсемі Фидель Кастро халқымыздың бірегейі Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» кітабын әскери жарғы ретінде жаттатқызады екен деп бала кезімізде естіп таңданатынбыз. Осы жағынан қарағанда «Елші күнделігі» де жас дипломаттарға өмір бойына азық болары даусыз.
«Саясат – от, отпен ойнауға әсте болмайды» дейді сұңғыла саясаткер. «Сыртқы саясат – мемлекет басшысының қасиетті міндеті, басты саласы, оны жүзеге асыратындар – Сыртқы істер министрлігі, елшілер», «Сыртқы саясатқа шыбықтай, әдісқой, майысқан икемділік, айла, тәсіл керек», «Мақсат – тек идея емес, оны жүзеге асыруда», «Дипломатия – жаяулар жарысы емес, айлакерлердің, әдісқойлардың, төзімділердің өнері, оған үлкен парасат керек», «Дипломаттың әр сөзі – алтын, отырысы – орда болу қажет» деп, ордалы ой түйеді беделді дипломат. «Қарамағымдағы жігіттер жас, тәжірибесі жоқ, кәсіби дипломаттар емес. Сондықтан оларға Иран тарихы, мәдениеті, ішкі-сыртқы саясаты, экономикасы, исламның тарихы жөнінде сабақтар ұйымдастыруым қажет. Тарихын, мәдениетін, психологиясын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін білу де, сыйлау да қажет. Ол – мәдениеттің үлкен белгісі деп білемін. Абайға, Шәкәрімге, Тұрмағамбетке, өзге де кітаби делінетін ақындарға ықпал жасаған шығыс поэзиясы, оның ұлағаты да зерттелуі керек» деп жазған өнегелі ұстаз-ғалым сөзінен қарекеті көп екенін дәлелдей түседі. Ежелгі заманнан бергі тарихында өзінің елдігін, мемлекеттігін жоймаған, мыңдаған жылдық тарихы бар ежелгі ел – парсы жұртында ұлы Абайдың 150 жылдығына байланысты Абай күндерін өз деңгейінде өткізуге барын салады.
Елші мырза көне мәдениеттің ошағы – Иранда Отырардан шыққан бабамыз әл-Фарабиді Иранның, парсының ғалымы деп танитынын, ол туралы том-том зерттеулер жазылғанын мысалға келтіреді. Мұндағы көне кітапханаларда қазақтар туралы мәлімет он үшінші ғасырдан бері үзілмей келетінін естігенде, алтын кеніш тапқан жас баладай қуанады. Осы күнге дейін біздің ғалымдарымыздың қолына түспеген ғұлама Фараби трактаттарының қолжазбаларын екі жылдай іздене жүріп, «шығыстың байырғы кітапханаларында үнсіз жатқан қазынамызды» тауып, өз үйіріне қосады. Бұл – ғылымдағы, фарабитанудағы айрықша оқиға еді.
Мұнымен қоймай, Біртұтас Түркістан мемлекетін құру идеясын жүзеге асыра алмай арманда кеткен, заманынан озық туған Мұстафа Шоқай туралы тың деректер ізіне түсіп, ұлт үшін өмірін сарп еткен азаматтың еңбектерін жаңғыртуға мақсатты жоспар түзе отырып, мол үлесін қосады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде қалыптасқан ауыр жағдай қазіргі кезде бәрі дайынға үйренген біздер үшін үлкен сабақ. Елші күнделігінен сол уақыттағы халықтың қиын тіршілігін өз көзімен көріп, жүрегімен сезген тұлғаның «елімнің болашағы қайткенде жақсарады, қайтсем септігім тиеді?» деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген жан қиналысын аңғарасыз. «Тоқтының бағасы – 200 теңге (4 доллар)... Біз Теһранда қойдың етінің келісін 4 доллардан алып отырмыз. Керосин шамның екі шишасы, бес кір сабын, бір қойдан көрінеді. Кейбіреулер ұн қарыз ала бастапты. Төбе шашым тік тұрды, жанымыз түршікті. Қолында ақшасы жоқ қазақтың қойы қаншаға жетер дейсің? Сосын не істемек?» дейді де, «Елдің жолында – басын, шындық жолында – барын төгетін азаматтар жоқ деп айта алмаймын. Олардың да ертең жарқырап күні, ажарланып айы туатынына, жорытқанда жолы болатынына күмән жоқ» деп алдағы күнге нық сеніммен қарайды.
Қарыз үлкен бе, әлде парыз ба?! Парыз ол – Алла Тағаланың тарапынан бізге Пайғамбарымыз (с.ғ.с) арқылы «білдірілген жарлығына» мойынсұну, бес парызды орындау болса, Мырзатай аға күнделігінде ең алғашқы намазды Иран мемлекетінің президентімен бірге тұрып оқығанын, ішінен елінің амандығын, жұртының тыныштығын тілеп тұрғанын жазады. Дана Абайдың отыз жетінші қара сөзінде «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деп жазылғандай, Мырзатай аға Жолдасбе-
ков – әуелі, өзінің адамшылығы алдындағы, отбасы, Отаны, елі, жері алдындағы үлкен қарызын өтеген Алланың шапағаты түскен сүйіктісі. Құдайдың бір есімі «Бар қылдырушы» (Әл-Уажид), сипаты «Болдыртушы» (Тәкуин) болса, адам болып көрінбей, бойындағы Құдай Тағаланың берген бүкіл қасиетін жүзеге асыра білген, «бола білу» өнерінің шыңына жеткен, әр қазақ азаматы үлгі алып, «ұқсауға» тырысатын абыз тұлға. Ал ғаламдық мәселеде жастар осы ұғымдардың – қарыз бен парыздың мәнісіне жете бермегендігінен «ниһаятсыз Құданың жолынан» жаңылып, шектеулі ой, жалған стереотиппен әртүрлі радикалды ағымдардың жетегінде кетіп бара жатқаны, қарызды қойып, «парызды орындау – міндет» деңгейінен аса алмай отырғаны – қоғамның жегі құрты екені ақиқат.
Шәкәрім ақын: «Ат болсын, киім болсын, мінез болсын, Құба төбел істі қыл жарасымды», «Артық алу, не кем салу, Қапы қалу жарамас», – деп әр істің «өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс» екенін, ифрат не тафрит қылудың зиянды екенін айтса, аға күнделігінен «Біз Мәрия екеуміз өмір бойы құбатөбел күй кешіп келеміз» деген жолдарды тебіренбей оқымау мүмкін емес. «Мәрия – отбасының ғана емес, әулеттің шамшырағы. Мәрия – бақытым, қалғаны – байлығым» дейді. Рас, Мәрия апа – ел анасы. «Жүрегі – жылы, бойы – құрыш» жаны ізгі жақсы жандардан дана Абай айтқан «сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық раушан болып түсетін» ұлттық дүниетанымымыздағы мұсылманның нағыз образын көресіз, ұқсауға тырысасыз, өнегелі ғұмыры әрбірімізге өнеге болсын дейсіз. Өйткені он сегіз мың ғалам «кәмәләтті шеберлікпен», асқан үйлесіммен жаратылса, соның ең артық бөлшегі, ұлы махаббатпен жаратылған ірі туындысы ақыл иесі адамның өз-өзімен, табиғатпен, мінсіз иемен үйлесімде болып өмір сүруі кім-кімге де темірқазық бағдар.
Айналасына шуақ шашып, жүзінен нұр төгілген халқымыздың ардақтысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық ұлы мұраттарға аянбай қызмет етіп жүрген «жүрек қуаты мол тұлға», филология ғылымдарының докторы, профессор, мәртебелі елші Мырзатай Жолдасбеков, міне, осындай кісі. Қазақ жұрты сыйлаған ел ағасына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасына амандық, өмірдегі бар жақсылықты тілей отырып, ұлылығыңыздың ұшқыны ұрпағыңызға, әрбір қазақтың баласына дарысын демекпін.
«Жиған-сызғаны кие,
Келер де күнге елші боп барар!» – деп Өтепберген ақын айтқандай, еліміздің тарихындағы ұлы тұлғаларды «Асылдарым» деп ардақтай білген Мырзатай аға Жолдасбеков те «асылдар» қатарына еніп, есімі алтын әріптермен жазылып, мәңгі жасай беретініне бек сенімдіміз.
Шахинұр Сәдуақас