Ұрыс Мұхаммед хан – Ақ Орданың құдіретті билеушісі
Ұрыс Мұхаммед хан – Ақ Орданың құдіретті билеушісі
Тарихта тұлғалардың рөлі әрқашан жоғары болғаны белгілі. Солай болып қала бермек те. Себебі тарих – түрлі үдерістердің бір қалыпқа тоғысқан арнасының жемісі дегенімізбен де, осы үдерістердің бет-бейнесі мен бағытын айқындап отырған белгілі тұлғалар болатыны шындық.
Ұлттық тарихымызды түгендеп, елдігіміздің өткен жолына үңіле қараған сайын тарих көшінің қалың ізінен олардың тұлғалық қасиеттері менмұндалап көз тартады.
Сондай тұлғаларымыздың бірі – Ұрыс Мұхаммед ханның қазақ тарихындағы өзіндік орны ерекше. Ұрыс (Орыс) хан қазақ хандары әулетінің негізін салушы және Ақ Орданың даңқты билеушісі ретінде белгілі. Ұрыс хан ортағасырлық деректерде мұсылман билеушісіне тән жағымды қасиеттердің бәрін иеленген тұлға ретінде суреттелген. Ол өз мемлекетінің аумағында мешіт, медреселермен қатар басқа құрылыстар салдырған, елде тәртіп орнатып, жаугершілік кезінде әскердің алдыңғы сапын бастаған батыл мінезді, күшті әрі құдіретті билеуші кейпінде ел есінде қалған.
Ұрыс ханның өмір дерегіне қатысты бірер сөз
Ұрыс хан туралы сөз қозғағанда ауызға алынатын алғашқы сұрақ ханның есіміне байланысты туындайды. Себебі Ұрыс ханның есімі әдебиеттерде түрлі жазылып келеді. Соңғы кезеңдерге дейін көбінесе Орыс хан деген атпен белгілі болды. Зерттеуші Т.Сұлтанов ханның лақап есімінің Орыс деген атпен белгілі болуын «Орус» этнонимикасының фонетикалық түрі деп түсіндіреді. Зерттеуші З.Қинаятұлы да оны Орыс хан деп жазады және бұл лақап атаудың шығуын ханның түр-түсінің орысқа ұқсауымен, яғни сары шашты, сары түсті болуымен байланыстырады. Кейбір авторлар ханның есімін Арыс, Ырыс хан деп те жазып жүр. Ұрыс хан араб-мұсылман деректерінде Мухаммед атымен белгілі. Ортағасырлық деректерде 12.VI.1374–1.VI.1375 жылдары бұл хандықты (Ақ Орда – авт.) Урус атты адам бастады. Айбек ханды тақтан тайдырған сол еді. Оның аты Мухаммед, ал Урусь лақап аты болар деген мәліметтер сақталған. Сондықтан деректерге сүйене отырып біз ханның шын есімі Мұхаммед, ал Ұрыс деген лақап есімі расымен-ақ түркі тіліндегі «ұрыс» не «шайқас» деген сөзден шыққан деген пікірге сүйендік. Ұрыс ханның туған жылы да белгісіз. Осы мәселеге арнайы тоқталған З.Қинаятұлы «Әкесі Шымтай орда тағын билеп тұрған 1345-1361 жылдары оған «Сарай билігін қолға алу» жайлы ақыл-кеңес бере бастағанына қарағанда, ағасы Мүбәрәк қожаның тәуелсіз саясатын қолдаушы, жалғастырушы ретінде еліне танылғанын ескерсек, ол әкесінің көзі тірісінде Ақ Ордадағы саяси тұлға ретінде қалыптасқанын көре аламыз. Моңғолдардың ата дәстүрі бойынша қол бастау 25-30 жастан, ел бастау 40 жас шамасынан басталады. Моңғол жұртында «Дөч Хүрсэн эр, дөрөв дарсан ат» деген ұлағатты ұғым бар. Бұл «Қырыққа толған ер елдің жүгін, төрт тісті атан үйдің жүгін көтерер» деген мағына береді. Шыңғысхан 44 жасында дүйім моңғолдың, Жошы 44 жасында Жошы ұлысының хан тағына көтерілсе, бұл әулеттен шыққан төрт ұлы қағанның барлығы да қырықтан асқан шағында қаған тағына отырғаны белгілі. Қанша батыр болса да, 25-30 жасқа толған ер қол бастамаған. Ұрыс ханның ұлдары (Тоқтақия, Құтылық Бұға) 1374-1375 жылдары Тоқтамысқа қарсы жорықта қол бастап шықты. Осыларға қарағанда Ұрыс хан 1361 жылы 40-45 жас шамасында таққа отырып, 50-55 жас шамасында (1377-1378) дүниеден өткен болуы мүмкін бе деп пайымдауға мүмкіндік бар. Олай болғанда 1323-1325 жылдар шамасында дүниеге келуі мүмкін» деген пікір білдірген. Ұрыс ханның өмірбаянындағы тағы бір маңызды мәселе – ханның шығу тегіне қатысты. Ұрыс ханның шығу тегін анықтау арқылы біз қазақ хандарының шежіресіне қатысты даулы мәселеге нүкте қоя аламыз. Зерттеуші Б.Кәрібаев қазақ хандарының шығу тегі мәселесі туралы: «Бұл сұраққа дұрыс жауап тапқанымызда біз, ХІІІ-ХV ғғ. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы мемлекеттілік, саяси, билеуші әулеттер тарихының мәселелерін, ең бастысы Қазақ хандығындағы билеуші әулеттің шығу тегі мен ол әулеттің ХV ғасырдың ортасына дейінгі Қазақстан аумағындағы тарихынан хабардар боламыз. Сондай-ақ Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібек хандардың не себепті жаңа этникалық сипаттағы мемлекетті қалыптастыруға күш салып, күрескенін түсіне аламыз. Міне, сол себепті де, тарихшылар үшін Қазақ хандығының құрылуы тарихын зерттеуде хандықтың негізін қалап, оны билеген әулеттің шығу тегін анықтаудың маңызы ерекше» деп атап көрсеткен болатын. Қазақ хандары Тұқай Темірден таралады деген пікірді жақтаушы ғалымдар Әбілғазының дерегіне сүйенеді. «Ұрыс шыққан әулет, Әбілғазының айтуынша, Жошының кіші ұлдарынан тарайды, олардың аталары Тоқай Темір», – деп 1856-1857 жылдары Шоқан Уәлиханов жазса, Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жошының төртінші баласы – Тоқай Темір, біздің қазақ осының қол астында болған және Әбілмансұр – Абылай ханның арғы атасы осы еді», – деп көрсеткен. Ұрыс ханды тікелей Орда Еженнен тарататын мәліметтерді ортағасырлық белгілі авторлар Рашид ад-дин, Муин ад-дин Натанзи, Гаффари мен Хайдар Разидың шығармаларынан кездестіреміз. М.Тынышпаев қазақ хандарының соның ішінде Ұрыс ханның Орда Еженнен тарайтындығын қазақ дәстүрі бойынша шежіредегі аталардың буынын санау арқылы көрсетіп, сондай-ақ «тіпті қазақтарда, оның ішінде Шыңғыс ұрпақтарында белгісіз бір Ежен хан жөнінде естелік қалған (кейбір төрелер оны өздерінің түп атасы деп санайды), ал Тұқай Темір оларға мүлде беймәлім» деп дәлелдейді. Зерттеуші Т.Сұлтанов Тұқай Темір мен Орда Ежен ұрпақтарының ұлыстарының аумағын анықтай келе, «Ұрыс хан – Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің ұрпағы деген қорытынды жасаймыз» деген қорытындыға келген. Зерттеуші Берекет Кәрібаев қазақ хандарының, соның ішінде Ұрыс ханның шығу тегін Ордаежендік деген пікірді қолдай келе, Ұрыс ханның ата тегін Тұқай Темірден тарататын ортағасырлық жазба деректерді, соның ішінде шайбанилық ХVІ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылған, авторы белгісіз, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» еңбегінің субъективтілігін анықтаған. Зерттеуші «қазақ хандарының шығу тегін бұрмалап көрсету Мауереннахрдағы шибан әулетінен басталып, Хорезмдегі шибан әулетіне де кең таралады. Жалпы, Шибан әулеті өкілдерінің Тұқай Темір ұрпақтарына қарап, «Біз сендерден артықпыз» деуі – олардың Мауереннахр мен Хорезмнен басқа Шығыс Дешті Қыпшақта да билік жүргізуге ұмтылғандығын, ал қазақ хандарының Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында билік етуге оларға қарағанда құқын төмен екендігін көрсетеді. Осылайша, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» еңбегіндегі шежірелік материалдарға сыни көзқараспен қарау – қазақ хандарының арғы атасын Жошының кенже ұлы Тұқай Темірден таралады деген мәліметін қате, әдейі бұрмаланған деуге негіз береді. Соған байланысты осы қате, әдейі бұрмаланған мәліметке сүйеніп пікір айтқан зерттеушілердің де тұжырымдарын бұрыс деп есептейміз» деген қорытынды жасайды. Осылайша, Ұрыс ханның шығу тегінің орда ежендік екендігін қолдай отырып, Ұрыс хан әулетінен тарайтын қазақ хандарының да шежіресін айқындай аламыз.Ақ Орданың этносаяси тарихы туралы
Ғылыми әдебиеттерде Ұрыс ханның өмірі мен қызметі жалпы Ақ Орда тарихымен, оның ішінде Ақ Орда мемлекетінің ХІV-ХV ғасырдағы саяси тарихымен, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Алтын Ордаға тәуелсіз хандардың өз билігін нығайту жолындағы күресімен, кейініректе Ақ Орда хандарының ыдырап бара жатқан Алтын Ордадағы қырқысқа араласуымен, содан соң Орта Азия билеушісі Әмір Темірдің агрессиясына тойтарыс беруімен тікелей байланысты болғаны анықталған. Рашид ад-Диннің жазуынша Орда Ежен әкесінің тірі кезінде және ол қайтыс болғаннан кейін де, Жошының мұрагері ретінде оның екінші ұлы Бату болғанына қарамастан, үлкен бедел мен құрметке ие болған. Тіпті, Менгу-қағанның жарлықтарында Орданың аты алдымен қойылатын. Олар (Орда Ежен ұрпақтарының) өз патшалары мен билеушілері ретінде Бату мұрагерлерін санайтын дәстүрлеріне қарамастан іс жүзінде өз ұлыстарының тәуелсіз билеушілері болып табылған. Бұл жағдайды археологиялық ескерткіштер де дәлелдей түседі. Арада біраз уақыт өткенде Ақ Орда билеушілері Сығанақ қаласында өз аттарынан теңге де шығара бастаған. ХV ғасырдағы Шығыс Дешті Қыпшақтың саяси бірлестіктері – ХV ғасырдың алғашқы жартысындағы көптеген ұсақ ұлыстар мен Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығының Орта және Кіші жүзі іс жүзінде біртектес этникалық құрамнан тұрған. Олардың этникалық негізін әртүрлі пропорциядағы бір-бірінен мәдени-тұрмыстық, тілдік, шаруашылық тұрғыдан ешбір айырмашылығы жоқ, бірдей түркі және түркіленген тайпалар құраған. Ортағасырлық деректерде де осы аталған мемлекеттер мен құрылымдарда Жошы ұрпақтарының билік құрған бұтақтарына бағынған бір ру-тайпадан шыққан әмірлер мен бектердің есімдері жиі аталады. Әсіресе, деректерде де қыпшақ, найман, қоңырат, қарлұқ, үйсін, керей, маңғыт сияқты ірі тайпалардың атаулары жиі кездеседі.Ұрыс хан – дербес Ақ Орда мемлекетінің билеушісі
Ұрыс хан тұсында Ақ Орда Алтын ордадан бөлініп, жеке мемлекетке айналды. Жалпы, Алтын Орда тарихындағы 20 жылға созылған «дүрбелең жылдары» саяси дағдарыс күшейе түсті. Алтын Ордадағы сеператистік қозғалыстар жалпы Жәнібек хан тұсында-ақ байқала бастағанын атап өтуге тиіспіз. Ортағасырлық парсы тарихшысы Муин-ад-дин Натанзи Ақ Орда ханы Сасы Бұқаның 30 жыл билік құрған кезеңінде Алтын Орда хандарына бағыну жолы мен құрылтайға қатысудан бірде-бір рет бас тартпағанын жазады. Сасы Бұқаның ұлы Ерзен де беделі Өзбек ханмен бірдей дәрежеге жеткеніне қарамастан, бағынушылық жолынан бас тартпаған. Ал оның ұлы Мүбәрәк қожаның дербестікке ұмтылған әрекеттері сәтсіз аяқталғаны белгілі. Мүбәрәк қожа Сайын хан (Батый) ұрпақтарына бағынудан бас тартқанымен, оның бүлігі халық ішінен қолдау таба алмаған. Ал Жәнібек, Бердібек, Келдібек хандар тұсында билік құрған Шымтай «дүрбелең жылдары» Алтын Орда тағын иеленуден бас тартқан. Ақ Ордадағы Шымтай ханның 17 жыл билік құрған кезінде Алтын Орданың батыс иеліктерінде басталған шиеленістер Ақ Орданың Сарайдан бөлінуіне ықпал етті. «Ескендір анонимі» бойынша Ақ Орда билеушісі Шымтай өзінің билігінің соңғы жылдарында бұрынғы Орда Ежен ұлысын тәуелсіз түрде жеке өзі басқарды. Ал Шымтайдың ұлы Ұрыс хан тұсында Ақ Орда тәуелсіз елге айналды. Ұрыс әкесі Шымтай хан өлгесін 1361 жылы Ақ Орданың тағына отырды. Әкесінің көзі тірісінде-ақ орданың саяси өміріне араласа бастаған еді. Ақ Орда тарихында да орын алған саяси тұрақсыздық кезеңінде Ақ Орда әлсіреп, Сырдария бойындағы бас қалаларынан айырылған болатын. Муин ад-Дин Натанзидың хабарлауы бойынша хижраның 751-765 (1351-1364 жж.) Алтын Ордада Орда Ежен әулетінен тараған 8 хан өлтірілді. Бүліншілік орда билігіне 1361 жылы Ұрыс ханның келуі арқасында бірер уақыт тыныштық тапты. Ол ең алдымен Ақ Ордадағы ішкі алауыздықтарды тыйды. Тоқтамыс хан өзіне қолдау көрсеткен Шығыс Дешті Қыпшақ ру-тайпалары шырын, барын, арғын, қыпшақтарға арқа сүйеп, Шымтай ханнан кейін Ақ Ордадағы билікті иеленген Ұрыс ханға қарсы шығады. Мұның бір себебі Ұрыс хан билікті қолына алысымен өзіне бағынудан бас тартқан билеушілер мен әмірлерді жазаға ұшыратқаны белгілі. Солардың ішінде Маңғышлақ өлкесінің билеушісі Тайходжа оғлан да бар еді. Ал оның ұлы Тоқтамыс әкесінің өлімінен кейін жеке басына төнген қауіптен қашып, Әмір Темірден пана тапқаны белгілі. Әмір Темірдің қолдауына сүйенген Тоқтамыс Ұрыс ханға қарсы күресінде Өтеміс қажының сөзімен айтсақ «Тоқтамыс-оғланның ата-бабасынан бері келе жатқан ежелгі елі – шырын, барын, арғын, қыпшақтарға» сүйенген. Бұдан әрі дерек авторы аталған ру-тайпа басшылары Тоқтамысқа кісі салып, өздерін Ұрыс ханның қысымшылығынан құтқаруды сұрағандарын атап көрсетеді. Көріп отырғанымыздай, Ұрыс хан өз билігін нығайту жолында ең алдымен жеке дара билікке ұмтыла бастаған кейбір Жошы ұрпақтары мен олар арқа сүйеген ру-тайпа көсемдерінің сепаратистік пиғылдарын тыйды. Мұсылман шежірелерінде Ұрыс хан батыл мінезді, қажыр-қайратты билеуші ретінде сипатталады. Ол Алтын Орда төңірегінде қалыптасқан келеңсіз жағдайды пайдаланып әуелі Ақ Орданы күшейтіп, сонан соң Сыр, Еділ бойындағы қалаларды өзіне бағындыруды көздеді. Осы мақсатпен 1367 жылы дала көшпенділерінің игі жақсыларының басын қосып, ұлы құрылтай шақырып, Алтын Ордаға қарсы жорық мәселесін күн тәртібіне қойды. Ақ Орда ақсүйектерінің көпшілігі Ұрыс ханның стратегиясын қолдады. Құрылтайға қатысушылардың қолдауына ие болған Ұрыс хан 1361-1368 жылдары әуелі Сыр бойындағы қалаларды, соның ішінде Ақ Орданың орталығы Сығанақты қол астына қайтаруға күш салды. Сығанақта Ұрыс ханның атына ақша соғылды. 1368 жылы Еділ жорығына аттанады. 1372 жылға дейін Солтүстік Арал маңын, Маңғыстау және Батыс Қазақстан жерін өзіне қаратты. 1374-1375 жж. Сарайшық, Қажы-Тархан (Астрахан), Сарай, әл-Махруса мен Сарай әл-Жадидті басып алып Алтын Ордаға өз билігін орнатты. 1377-1378 жылдары Сарайда Ұрыс ханның атына бірнеше рет ақша соғылды.Ұрыс ханның Тоқтамыс пен Әмір Темір одағына қарсы күресі
Ақ Орданың даңқы асып тұрған осы жылдары Тайқожа ұлы Тоқтамыс Мауераннахрға қашып барып Әмір Темірдің қолдауына ие болуымен Ақ Орда билеушісінің жаңа саяси қарсыласы пайда болды. Әмір Темір Орталық Азияда өз билігін нығайту үшін Алтын Ордадағы саяси жағдайды бақылап отырды және солтүстік көршісінің күшеюін өзінің ұлы державалық мақсатына қауіп ретінде көрді. Оны әсіресе Ұрыс ханның күшеюі уайымдатты. Әмір Темір Тоқтамысты қолдауының себебі Ақ Орда мен Алтын Орда тағында өз ықпалынан шықпайтын қуыршық билеуші арқылы өз билігін күшейтуге ұмтылды. Ортағасырлық деректерде «Тоқтамыстың Самарқандқа келгенін білген Темір өз істерін тастап, оның келуін жоғары бағалады. Темір оған құрмет пен сый-сияпат көрсетуде мүмкін болғанның бәрін жасауға күш салды, патшаға лайық тартулармен той өткізді. Оған (Тоқтамысқа) және оның серіктеріне ақылға сыймайтын және сансыз көп алтындарды және қымбат әшекей бұйымдарды, қару-жарақ және маталарды, аттарды және түйелерді, шатырлар мен қостарды, барабандар мен жалауларды, жасақтар мен әскерлерді, жалпы қаламмен жазып бітпейтін сый-сияпат берді. Оған деген құрметінің белгісінде оны өз ұлы деп атағаны» туралы айтылады. Әмір Темір Тоқтамысқа қолдау көрсетіп қана қоймай, оған Ұрыс ханның иелігіне кіретін Отырар және Сауран аймақтарын бөліп беріп, алдын ала «сый» ретінде ұсынып қойды. Сауранның билеушісі Ұрыс ханның ұлы Құтлық-Бұқа еді. Бірінші шайқаста Темір берген әскер басында тұрып жеңіліс табады. Бұл жағдай Темірдің Тоқтамысқа деген қатынасын бұзбады, тіпті тағы бірнеше айдан соң Мәуереннахр билеушісі берген әскерді басқарып Тоқтамыс Сығанақ шекараларына келеді. Бұл жолы ол Ұрыс ханның ұлы Тоқтақияның қарсылығына тап болады. Тоқтамыс тағы да жеңіліп қана қоймай, жараланып, Сырдариядан жүзіп өтіп құтылды. Бұдан кейінгі оқиғалар туралы М.Сафаргалиев былай деп жазады: «Ұрыс ханның өзі Тоқтамысқа қарсы әскер жинады. Ұрыс ханның қалың қолмен дайындалып жатқанын Тоқтамыс жағына өтіп кеткен, кезінде Ұрыс ханның сарайында бас әмір болған Балтықшының ұлы Едіге қарсы жаққа хабарлап үлгереді. Деректерге сүйенсек, Ұрыс хан Темірге: «Тоқтамыс менің баламды өлтірді және сенің аймағыңа кетті. Менің жауымды маған ұстап бер, егер де көнбесең, онда соғысатын жерді айт» деген талап қояды. Алайда Әмір Темір Тоқтамыстың жақтасы және досы болып қала берді. «Ол менің мемлекетімнен өзіне баспана тапты, – деп жауап жазды Темір. – Мен оны ұстап бермеймін, ал соғысты айтсаң мен оған дайынмын». Темір мен Ұрыс хан арасындағы ашық соғыс 1377 жылы қыста басталды. Мемлекет билеушілері басқарған екі жақ әскерлері Сығанақ қабырғаларында кездесті, алайда кенеттен өзгерген ауа райынан екі тарап соғыса алмай тарап кетеді. 1377 жылы көктемде Темір тағы Ұрыс ханға қарсы жорыққа аттанды, алайда үлкен шайқас болмады, өйткені Ұрыс хан қайтыс болған еді.Ұрыс ханның қазасы жайлы
Ұрыс ханның қайтыс болуына байланысты да бірнеше пікір қалыптасқан. Ортағасырлық авторлар Муин ад-дин Натанзи, Гаффари және Хайдар Разидің хабарлауынша хан ақ өліммен қайтыс болған. Ал Өтеміс қажының хабарлауынша Ұрыс хан Тоқтамыс ханға ілесіп Ұрыс ханнан бөлініп көшкен шырын, барын, арғын, қыпшақ және т.б. елдердің қашқан адамдарын қуған ұрыста қаза болған. Аталған дерек мәліметтерін талдай келе зерттеуші З.Қинаятұлы: «егер 1376-1377 жылдары Ақ Орда билеушілерімен Мауераннахрлықтар арасында болған Сауран, Сығанақ шайқасына Ұрыс хан тікелей қатыспағанын ескерсек, ал 1379 жылы Қараталда Темір-Мәлік хан және Тоқтамыс қолының арасында болған ақтық шайқас кезінде Ұрыс хан бұл пәниде болмағанына мән берер болсақ «Ұрыс хан соғыста өлді» делінетін пікір қолдауға тұрмайды. Басқадай көптеген авторлар Ұрыс хан «қаза тапты» демейді, «өлді», – деп жазады. Біз жоғарыдағы жайларды ескере келіп, Алаштың қаһарман ханы Ұрыс хан «Алланың ажалынан өтті»,– делінетін дәйек орынды деп танимыз» деген пікір білдіреді. Сығанақ шайқасында жеңіліске ұшырап шегінген Темір-Мәліктің ізіне түскен Темір-Тоқтамыс қолы 13 күн-түн жүріп Балқаштың Жирен қамысындағы Ұрыс хан қосынына жеткенде Ұрыс хан дүниеден өтіп, оның орнын ұлы Тоқтақия басқаны белгілі болады. Бұл уақыт мерзімі жағынан 1377 жылдың қысы немесе 1378 жылдың ерте көктеміне сай келеді. З.Қинаятұлы М. Сафаргалиевтің хижраның 779 (1377-1378) жылы Ұрыс ханның атына ақша соғылған деректерге қарап «Ұрыс хан жоғарыдағы оқиғадан сәл кейінірек дүниеден өтті ме?» деген пікірлеріне де күмәнмен қарайды. Ол: «Ұрыс ханның атына соғылған ақшалардың датасына қарап оның қайтқан уақытын айқындау мүмкін емес. Өйткені әке орнын басқан Ұрыс ханның ұлдары кейін хан әкесіне арнап ақша соқтыруы әбден мүмкін» деген пікір білдірген. Ұрыс хан мен оның ұлы Тоқтақия кезінде Тоқтамыс Дешті Қыпшақтағы билікті иелене алмады. Тоқтақия екі ай билік құрып, мезгілсіз қайтыс болғаннан кейін, билікті Ұрыс ханның екінші ұлы Темір-Мәлік иеленеді. Осы кезде Әмір Темірдің қолдауына сүйенген Тоқтамыс Шығыс Дешті Қыпшақтағы билікке қол жеткізеді. Бұдан әрі ол бүкіл Алтын Орда аумағын жаулап алғаны белгілі.Ұрыс ханнан кейін...
Ұрыс хан тарих беттерінде Ақ Орда мемлекетінің тарихында жарқын із қалдырған билеуші ғана емес, жалпы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында ерекше орны бар тұлға ретінде қала бермек. Муи'зз ал-ансаб дерегі бойынша Ұрыс ханның кіндігінен жеті қыз, сегіз ұл болған. Оның сегіз ұлының аты төмендегідей: 1) Тоқтақия, 2) Сайд-али (Сейт-әлі), 3) Сайил-Ахмет (Сейіт-Ахмет), 4) Тоқта-Булад (Тоқта-Болат), 5) Тугулук-Булад (Тоғылық Болат), 6) Күтілу-Бука (Құтылық-Бұқа), 7) Тимур-Малик (Темір-Мәлік), 8) Құйыршық немесе Қойыршық. Тоқтақиядан Қазақ хандығының алғашқы ханы Керей хан мен оның ұрпақтары тараса, Құйыршық (Қойыршық) ханнан Ақ Орданың соңғы билеушісі саналатын Барақ хан тарайды. Ал Барақ ұлы Әз-Жәнібектен Кенесары Қасымұлына дейінгі барша қазақ хандары тараған. Олардың әрқайсысы қазақ мемлекетінің тарихында айшықты орны бар тұлғалар ретінде қалды десек, кейбіреулері ұлттық бірлігіміз бен бейнеміздің бейнесіне айналып кеткені белігілі.Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
тарих факультетінің деканы