Қызғаныш болмаған жерде сезім жоқ...
Қызғаныш болмаған жерде сезім жоқ...
Биылғы қысты жайбарақат шығарып салған әсем қаламызды көктемнің әдемі бір самалы тербеп тұрғандай. Қарлы Алатауды бетке алып, Сәтбаев көшесімен жоғары өрлеп келіп, уәделескен жерге тоқтадық. Қазақтың маңдайына біткен мықты суретшісі Ә.Қастеев атамыздың мұражайы алдындағы скверге жақындағанымызда, алдымыздан жылымық жылы желмен басындағы ақ орамалының шашағы аппақ жүзін жартылай жасырған кейіпкеріміз де бізге бет алды.
Елу алты жыл қаламгердің адал да сенімді жары, балаларының анасы, немере-шөберенің аппақ әжесі атанған, белгілі жазушы, «Құрмет» орденінің, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан аға Нұржекеұлының еркелете атаған Айзашы кең құшағына алып, маңдайымнан сүйді. Ананың мейірімі, ананың махаббаты, ананың аппақ төсінің жұпар иісі танауымызды қытықтап, ерекше күйге түстік.
Көктемнің алғашқы күні, Алғыс айту мейрамына аман-есен жеткенімізге шүкіршілік жасап, келе жатқан Аналар мерекесімен бір-бірімізді құттықтап алған соң, әдеттегі әңгімемізге көштік.
– Қаламгердің шығармаларын жиі ақтарасыз ба? – болды алғашқы сұрағымыз.
– Әрине! Сенің мына сұрағың сонау алпысыншы жылдардың бел ортасында болған мына бір жәйтті есіме салды ғой, – деді сәл-кем ойланып қалған Айзагүл Телғарақызы ыңғайлана отырып. – Уақыттың соншалықты жылдам, тез өтіп жатқаны, ал сол зымыран уақыттың әрбір сәтіндегі жылы оқиғалар санаңда жылдар өткен сайын жаңарып, жасарып отыратыны да заңдылық болуы керек. Әу бастан осындай сұхбаттарға, жалпы көп әңгімеге әуестігім жоқ еді. Бірақ кешелі бері, сенің өтінішіңнен кейін алыста қалған көп оқиғаларды ойша шарлап шықтым десем де болады. Көңіліңді көкке көтерген, кейде өкпе-назға толы жылдарым көз алдымнан тізбектеліп өткендей.
Алғаш ағаларыңмен Жамбыл, қазіргі Тараз қаласында таныстым. Құрбым екеуміз бір орыс кемпірдің үйінде пәтерде тұрып, медучилищеде оқимыз. Бір күні ауылға екі аптаға демалыста болып келсем, пәтерімізде бақандай бес жігіт жүр. Оларды көріп, көзім шығып кетсе керек, кемпір: «Сендер менің бөлмеме жатасыңдар, қорықпаңдар, студенттер екен, тәжірибеден өтуге келіпті, Алматыдан, үш ай болады», – деді жұбатқандай. Жолдан келгеннен кейін, киімімізді ауыстырып, асүйге кірсем, бір жігіт атып тұрып амандасты. Бас изедім де өтіп кеттім. Таныстық осылай басталды. Олар бес жігіт, біз екеуміз, бір үйде тұрып жаттық. Күнделікті сабағымызға барамыз, сабақтан бос уақытта қожайын кемпірмен әңгімелесеміз. Біз жоқта алғаш амандасқан жігіттің туған күні болғанын, қыздар келгенін, әлгі жігіттің қызы болуы керек, бір қыз киім-кешегін жуып бергенін айтып берді. Туған күні болған – Бекіс екен. Онша мән бермейміз, тіпті ол жігіттер жайлы ойлауға сабақтан босамаймыз. Оның үстіне үлкен жігіттер сияқты, олар бесінші курста, ал біз екінші курстамыз. Бірақ араласа бастадық, қала аралаймыз, киноға барамыз. Одан қала берсе, тығылмақ ойнаймыз. Жақын араласа бастадық. Сөйтіп жүргенде, үш айдың қалай бітіп қалғанын да білмей қалыппыз. Олар Алматыға қайтатын болды. Сол кезде ғана өзінің ұнатып қалғанын, кездесіп тұрайық дегендей сыр айта бастады. Аз уақыттың ішінде не шеше қоясың, қабылдай алмадым. Сене қоймадым. «Бе-сінші курсқа дейін қызы болмады дейсің бе?» деген ойда жүрдім. Бірінші мамырда Алматыға шақырды, келдім. Қонақ болып қайттым. Жаздай сөйлесіп тұрдық. Күзге салым анам қатты сырқаттанып, сабаққа бара алмадым. Бірде анам жарықтық, жып-жылы алақанымен қолдарымды сипап отырып: «Сөз салып жүрген жігітің болса, шақыр, көзім тірісінде көрейін, батамды берейін» деді. Алақандай ауылға қалай шақырамын, кім деп айтамын деп жүріп, ойланып-толғанып шақыруға бел байладым. Бірақ ол денсаулығына байланысты, ота жасатып келе алмады. Анама суретін көрсеттім. «Мынауыңның қабағы қалың екен, ашуы да қатты ғой» деді де суретті төсегінің бас жағына қойды.
Қыздардың кенжесі болып, менің соңымнан ұл бала ерген соң ба, өте ерке болдым. Әрине, ақылды еркелік қой. Анам төсек тартып ұзақ жатты. Бір күні қасына шақырып алып: «Мен осы аурудан жазылмаймын, бой жеттің, аға-жеңгеге, артыңа алаңдама, егер шынымен ұнатып жүрген жігіт болса, жылатпайтын шығар, батамды бердім. Бірақ мынау соңыңнан ерген бауырың саған аманат» деді. Бауырым тоғызыншы сыныпта оқитын. Мектеп қабырғасында, бала ғой әлі. Көз жасыма ерік бердім. Көп ұзамай көз жұмды. Қырық күн толып, қырқын өткізген соң, қалаға оқуыма жиналып жатқанда, телеграмма алдым. Ол кезде қалта телефон жоқ, поштаға ғана барып сөйлесеміз. «Бүгін пойызға отырамын, ертеңгісін келемін, күт» болды әңгімесі. Ертеңінде кездесіп, анама көңіл айтып, бір дәмханадан ас іштік. Ұзақ сөйлестік. Мен тыңдаушы, үнсізбін. Соңында алып кетуге келгенін айтты. Ойланып қалдым. Анамның өсиеті тағы бар. Бауырым тағы бар. Қимаймын. Ойланып-толғанып, құжаттарымды алдым да, ердім...
Алматыда баяғы бірге оқыған жігіттері күтіп алды. Жамағайын туысының үйіне әкеліп, түсірді. Бір ай тұрдық та, пәтерге шығып кеттік. Қолымызда сол жылы мединститутқа түскен қайным Сұлтанбек бар. Отбасылық өмір осылай басталды. Бекіс соңғы курста, екі студент оқуға кетеді, мен үйде жалғызбын. Ерке болып өскен соң, не үй жинау, не ас-су әзірлеу дегеннің иісі сезілмейді. Үй тірлігін, әсіресе, тамақ дайындауды Сұлтаннан үйрендім. Кешке дейін ойлайтыным, елде қалған бауырым. Соны көп уайымдаймын. Арасында жұмыс іздеп келемін, үйге таяу мекемелерден еден жуушы болса да, жұмысқа шыққым келеді. Ешкім жолатпайды. Пәтерге төлейміз, одан қалса үйдің асын аңсап студенттер келеді. Жаспыз, қалтамызда қалған соңғы тиынға тамақ іздемей, киноға барамыз. Бірінші Алматыда әлі күнге дейін бар, «Шұғыла» деген кинотеатр, соған жаяу барып, жаяу қайтамыз. Жазда білінбейді, қыстың күндері дірдектеп тоңып жүріп, кинодан қалмаймыз. Оның үстіне, аяғым ауыр. Өнерге деген құмарлығымыз шексіз. Келесі жылы университетті бітірген соң, елге тарттық. Қасымда жазғы демалыс болған соң бауырымды ертіп алғанбыз. Түлкібастың жеміс-жидегін жеп өскен маған Жаркент жаққа сіңіп кету де оңай болмады. Ұйғыр деген халықты бірінші рет көруім, ауылдың ең шетіндегі бір ұйғырдың үйінен көкөніс сатып аламыз. Үшарал деген жердегі мектепке Бекіс велосипедпен қатынап жұмыс істейді. Қаржымыз бар ма, жоқ па, ашпыз ба, тоқпыз ба, ойламаймыз. Тірлігімізге мәзбіз. Сол жерде екі қызымыз өмірге келді. Мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып жүргенде аудандық комсомол комитетіне қызметке ауысты. Бірақ есіл-дерті – Алматы! Шығармашылық ортаны айтады да отырады. Өзінің жазу-сызуға бейімі бар, қабілеті жетеді. «Менің жазушы болуым керек, қалаға кетуіміз керек» дегенді жиі естимін. Ішімнен, әрине, мен де қуанамын. Бір жылдан соң жолдастарының шақыруымен Алматыға келіп, екі-үш ай теледидарда қызмет істеді де, Орталық комсомол комитетіне ауысып кетті. Мені, бізді де көшіріп алды. Абай мен Алтынсарин көшесінің қиылысындағы комсомолдың жатақханасынан бір бөлмелі пәтер берілді. Екінші жылы Көк базардың қасынан екі бөлмелі үй, одан кейін Орталық комитеттен осы пәтерімізді алдық. Сонымен жетпісінші жылдан бері осындамыз.
1966 жылы ел жаққа, төркіндетіп апарып келе жатқанда, Алматыда бірер күн тоқтап, Жазушылар одағына баратын болдық. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа жазғандарын көрсетемін деп, мені де ертіп алған. Мына шығармашылық орта жұмыс уақытына қарамайтын болуы керек, сағат тілі тоғызды көрсетсе де, әлі ешкім көрінбейді, ұзақ күттік. Бір кезде салмақты бір аяқ дыбысы естілді де, артынша зор денелі, ірі кісі бізге жақындады. Ақынды бірден таныдым. Жылы амандықтан соң, жұмыс кабинетіне кірдік. Бекістің жазғандарын мұқият қарап шықты да, маған қарап: «Сен мынаның жазғандарын оқисың ба?» деп сұрады. Сасқалақтап қалған мен төмен қарап отырдым да: «Иә, оқимын», – дедім. «Жөндеп оқы, бұл үлкен жазушы болады, ал ол саған байланысты», – деп сәл езу тартқандай болды. Кісі бетіне тіке қарамаймыз, дегенмен даусынан, үнінен бір жылылық байқалды. Ол жылылықпен айтылған сөз маған өмірбақи жауапкершілік жүктегендей болып қоштастық.
Тағдырыма, өміріме ризамын. Тірлігіме де еш өкпем жоқ. Екеуміз елу алты жыл бір-біріміздің қабағымызды бағып, әсіресе, өз басым ер-азаматына қандай қызмет жасау керек болса, сол күтімді ағаларыңнан аямадым. Ол да мүмкіндігінше, мені құрметтеп келеді.
– Қазақ әдебиетінде, қазақ прозасында әйел тағдырынсыз бірде-бір шығарма жоқ десек те, Бексұлтан ағамыздың тақырыбы мүлдем бөлек. Әйел тағдыры, ер мен әйел арасындағы махаббат сезімінен басқа, төсек қатынасы жайлы да ашық жазылған шығармалары жеткілікті. Қызғанбадыңыз ба?
– Алғаш үйленген жылдары қолы босай қалса, қағаз-қалам қолынан түспейтін. Түн ортасы ма, уақыт та талғап жатпайтын-ды. Қалың-қалың дәптерлер, жазуы да маржандай. Бірақ неге екенін қайдам, оқуға батылым бармайды. Сонда не жазатыны, кімдер туралы жазатынын өзінен сұрайтынмын. Ол өзіміз, бізді қоршаған ортамыз, жалпы адамдар тағдыры, әсіресе, ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік, қарым-қатынастың жұмбақ иірімдері, құпиялылығы жайлы жазып қоямын дейтін. Өзінің сүйікті ісімен айналысып отырғанда көңіл күйін бұзбау керектігін алғаш осылай ұғындырған болуы керек, сондықтан болар, жазғандарын оқығаным болмаса, ешқашан «мынауың кім, қаншалықты жақсы білесің, не болмаса мына оқиға өз басыңнан өтті ме?» деген сынды сұрақтарды артық санап келдім. Алғаш «Кінәлі махаббат» әңгімесін оқығанымда, әрине, ішімді қызғаныш дегеннің тырналағаны, ағыл-тегіл жылағанымды әлде көрді, әлде көрмеді. Көрсе де мән бермеді. Өйткені оның жаратылысы қатты, қайсар, қырсықтығын біліп қалғанмын. Бірбеткей. Өжет. Әкесі қырқынан шыққан соң, әскерге кетіп, одан ары соғыс басталып, елге оралмай, ата-әжесінің қолында өскен бала ғой. Әкесінің жалғыз қарындасы да жесір қалған соң, әке-шешесін бағып, кемпір-шалдың қолында болған. Әжесі мен әпкесінің, яғни екі шешесінің тәлім-тәрбиесін көрген. Атасы ауыл-елге аты мәлім жылқышы болған, бес жасынан ат үстінде өскен бала, тау, су, өзен жағалап қыс қыстауда, жаз жайлауда дала баласы болып өскендіктен болар, өзімшіл. Туған анасы әйел біткеннің көріктісі, сұлу да кербез болған екен. Небәрі жиырма төрт жасында жесір қалып, соңынан жесір әйелдің, оның үстіне сұлу әйелдің соңынан еретін әбестікке ілеспейін деген болуы керек, тұрмысқа шығып кетіп, бала сол екі жесірдің қолында өседі. Кейде ойлаймын, соғыс жылдарындағы жап-жас жесір қалған келіншектердің тағдыры, боздақтардың орнын бозөкпелер басқан тар кезеңнің қиындығы қолына қалам ұстауына әсер еткен болар, сірә?! Көзі ашық, көкірегі ояу атамыз бала Бексұлтанға үнемі кітап оқытқызып қояды екен. Отбасылық әңгіме арасында ата-әжесін аузынан тастамайды. «Мектептен алған сабағымызды үйде қайталап дайындалып отырып, ата-әжелерімізді біз оқытатынбыз», – деп риза болады. «Ең алғаш қолыма түскен кітабым – Сәбит Мұқановтың кейін «Өмір мектебі» деген атпен шыққан «Менің мектептерім» болды, атама дауыстап оқып беретінмін» деп әлі күнге еске алып отырады. Атам бертін келе «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақстан пионері» сияқты газет-журналдарды үйге жаздырып алатын болыпты. Б.Соқпақбаевтың, Қ.Жармағамбетовтің шығармаларын осы аталған басылымдардан оқиды екен. Көп кітап оқуының да әсері болған болар, осы қаламгерлік жолға түскені де содан болар. Осы жылдар ішінде «Күй толғақ», «Күтумен өткен ғұмыр», «Бір өкініш, бір үміт», «Бейтаныс әйелдің құпиясы» сынды шыққан көлемді дүниелері өз оқырмандарына өте таныс.
Сол шығармалардың кейіпкерлерімен бетпе-бет кездескен сәттерім де болды. Тіпті, біразын танимын да. Әр дүниенің жарыққа шыққанына қаншалықты қуансам, ішімде соншалықты қызғаныш оты тұтанғанын несіне жасырамын?! Қызғаныш болмаған жерде сезім де жоқ! Ал сезім болмаған жерде тірлік те тоқтайды емес пе?! Сезімді тәрбиелеуге болмайды, ал тежеуге болар, жүрекке әмір жүрмейтіні анық. Қызғанбадым демеймін, қызғанған шақтарым да болды, талай мазасыз-ұйқысыз түндер де болды. Тіпті, үйге іздеп келген, телефон шалған келіншектер де болған. «Тәте, ағаны жіберіңізші, қызығын бір кісідей-ақ көрдіңіз, сіз бақытты әйелсіз, біз де қызық көргіміз келеді» деп хабарласқан жағдайлар да болған. «Мен неге басыбайлы беруім керек, бүкіл жұптасқан ғұмырымыздың ащы-тұщысын, қиындығы мен жоқшылығын бірге көріп, енді ғана ес жиып, етек-жеңіміз ұзарып, көре бастаған қызығымды неге сенімен бөлісуім керек? ал ағаңсыз тұра алмаймын, екіншісі боламын дейтін болсаң, кел, үйден орын табылады саған», – деп едім, жылап тұтқаны тастай салды. Әйел тақырыбын жазу үшін кез келген кейіпкерлерімен тығыз байланыста болмаса, қарым-қатынас болмаса, ол шығарма шынайы шықпайтынын түсінген сайын, әрине, қызғанбасқа да болмас. Бірақ өзіңді ұстайсың, төзесің. Төзбеске амалың да жоқ, әу бастағы Мұқағали ақынның айтқаны, одан кейінгі жылдарда, шығармашылыққа таза бет бұрған жылдары Бекістің де: «Мен мықты жазу үшін сенің мықты сенімің керек» дегені бар, сондықтан жазушының бабын тауып, мүмкіндік жасау бірінші парызым болды. Ал жазушының жары болу, ақынның жары болу, жалпы өнер адамына жар болу оңай емес дейтіні де сондықтан болар. Қайбір жылы шетел жазушыларымен шығармашылық байланыс жасау үшін жолсапарлап барып келді де, бір жазушының жазу тәсілін мысалға келтіріп отырып, маған да сондай бостандық керек деді. Аптаның бір күні мүлдем босатуым, қайда, кіммен деп сұрамауым керек екен. Сөйтіп, жұманы таңдады. Келістім. Жұма күні жұмыстан соң кетеді, жексенбі күні түс ауа үйде.
– Қызық екен, бірден келісе салдыңыз ба?
– Әрине, келісу керек. Кергісең де тыңдайтын түрі жоқ. Өйткені ол ешқашан өзін кінәлімін, кешіктім, кешір дегенді айтып көрген пенде емес.
– Сонымен...
– Содан бала-шағаны демалыс күндері жуындырып-шайындырып, сабағын бақылап, ас-су дайындап, үй тірлігімен жүріп екі күннің қалай өте шыққанын да байқамайсың. Жексенбі де келіп жетті, бірақ ол жоқ. Кеш батты, қараңғылық қоюлана түсті, Бекісімнің қарасы да көрінбейді. Енді не істеймін, сонда қайда, кіммен деген сұрақ емес, ертеңгі жұмысын ойлап, жаным шығып барады. Ол кезде Шерағаңның, Шерхан Мұртазаның қарамағында қызметте. Басқосуларда, әріптестер кездескен кездері түлкібастық деген соң бүйрегі бұра ма, жақсы көріп тұрушы еді. Амал жоқ, телефондауға тура келді. Телефонның ар жағынан Шерағаңның гүр еткен даусы шықты да, жағдайымды айта бастап едім, таныды да үні жұмсара қалды. «Бексұлтан ініңіз ауырып, жұмысқа бара алмай қалды» дедім тұншығып, өтірік айта алмайтын бейшара басым. Ар жақтан гүр еткен дауыс қайта шықты, «Ол кісіңіз жұмыста, дәл менің жанымда отыр» демесі бар ма?!. Ұяттан өртеніп кете жаздадым. Кейінгі кездесулерде Шерағаң иығымнан қағып, өтірігімді «ризашылықпен» қабылдағанын білдіріп жүрді.
– Сіз білетін кейіпкерлері жайлы қызығып отырмыз...
– Мектеп қабырғасында жүрген кез келген оқушы бойжетіп, ержете бастаған керемет бір кезеңді басынан өткеретіні сынды, қаламгер де оқушы кезінде бір қызға ғашық болады. Қыз да кетәрі емес. Бала махаббат, аты айтып тұрғандай, балалықтың қайталанбайтын әдемі бір шағы. Екеуі мектеп бітіріп, екі жаққа кетеді де, қайта қауышпайды. Үйленеміз деген уәделері де болған. Бірақ үйдегілер қарсы болған сыңды, оны кейін қайнымнан естідім. Арада талай жылдар өтіп, әлгі келіншек, күйеуден ажырасып, тағдыр тәлкегіне түскен алғашқы махаббат, алғашқы ғашығы қалаға келмей ме? Жұмыстан келген соң, дастарқан басындағы өзара әңгіме арасында: «Үйге келгісі келеді, сенімен танысқысы келеді, шақырсақ қалай қарайсың?» дегені, мен не деймін, әрине, келісім бердім. Жақсылап ас мәзірін дайындап күтіп алдым. Тағдыр қиындығын тартса да, әлі әйели болмысы бұзыла қоймаған сымбатты-ақ. Ол қандай күйде болғанын, түнімен не ойлап, не қойғанын қайдам, өз басым ұйықтай алмадым. Адам жанының шыдамдылығы, қайсарлығы, әсіресе, әйелдің ішкі сезімін тыю дегеннің қандай қиын екені жүрегімді ауыртты. Бір кездері араларында ғашықтық сезімі болған азаматтың, басқа бір әйелді құшақтап жатқанын сезіну былай тұрсын, дәл қасында, таяқ тастам жерде жату дегеннің азабын сонда сезіндім. Ал Бекіс алаңсыз, қалың ұйқыда.
Әйелдің ақылдылығы, сұлулығы, ұстамдылығы көп ретте іште кек болып қатып қалуы да әбден мүмкін. Жүрекке түскен дүние оңайлықпен өше қоймайды, ұмытылмайды да. Жүрек қартаймайды. Ұмыттым деген күнде де естен кетпейтін сырлар әр пендеңіздің жүрегінде болады. Сыртқа білдіргісі келмесе де, ол да ет пен сүйектен жаралған ғой, қанша жыл өтіп кетсе де, ішінде бәрібір бір сезім тұншығып жататыны ақиқат. Ол әйелді шығарып салған соң осы ойымды Бекіске айтып едім: «Ой, отыз-қырық жыл өтіп кеткен нәрсе ғой» деді жай ғана.
– Жазушының тарихи романдарымен де таныспыз. Дегенмен әйел тақырыбы, әсіресе ерлі-зайыптылар арасындағы сезімсіз шығарма кемде-кем.
– Бұл тақырып өмір бар жерде ешқашан бітпейтін, құпиясы да қоюлана түсетін тақырып. Әйелдің тағдыры, ерлі-зайыптылардың арасындағы қатынас, ол біздің кезімізде жабық тақырып болғаны жасырын емес. Анда-мұнда көркем шығармалардан, оның өзінде де үлкендерден жасырынып оқушы едік.
– Жасырын демекші, қаламгердің төрт қыз, бір ұлы бар екенінен хабардармыз, әке шығармаларына көзқарастары қалай екен?..
– Иә, Бекіс екеуміз – төрт қыз, бір ұлды өмірге әкеліп, жарық дүние сыйладық. Балалардың бәрі қазақ мектебін үздік бітірген, дипломдары бар мамандар. Бір-бір шаңырақтың иесі. Қыздар бойжетіп әкелерінің шығармаларын оқи бастаған кездері: «Мама, сіз қалай қызғанбадыңыз, мына дүниені алғаш оқығанда не істедіңіз, біз ес білгелі екеуіңіздің дауыс көтеріп, не болмаса ұрыс-керіс болғанын да естімеппіз», – деп таңғалатын. «Айналайын-ау, әкең жазушы, ал көркем дүниелердің бәрі өз басынан ғана өткен оқиға емес, әдеби өңдеу, әсірелеу, шығарманың шынайы шығуы үшін әртүрлі тағдырлардың қосындысы, типтік образ ғой», – деп түсіндіргендей болдым. Одан кейін ешқайсысы тіс жарған емес. Тағы бірде өжеттігі әкесіне ұқсаған Жанар деген қызымыз түскі астан кейін: «Әке, жүріңізші, екеуміз еркекше сөйлесейік», – деп төрге бөлмеге ертіп кетті. Аңырап отырып қалдым. «Құдай-ау, қызы не сыр жасырып жүр, әкесіне не айтпақшы, тұрмысқа шығатын болса, бірінші маған айтпай ма», – деп ойланып қалдым. Біраздан соң әкелі-қызы ештеме болмағандай күліп шықты. Не әңгіме болғаны жайлы не Бекіс, не Жанар осы уақытқа дейін айтқан емес...
– Бәлкім, «еркекше» сөйлесейік дегеніне қарағанда, бір әңгімесі жайлы болар...
– Мүмкін... Ол да мүмкін.
– Жазушының жас кезіндегі мінезі өзгерді ме?
– Өзгерді, қаталдығы бүгінде мейірімділікке ауысқан. Дегенмен жалғыз өскендіктен, шал мен кемпірдің, әкесінің жалғыз қарындасының да тәлімін көрген, барын аузына тосқан, айтқаны екі болмаған өжеттігі, қаталдығы сол қалпы, өзімшілдік басым. Бетің бар, жүзің бар демейді, ойын ашық айтып, пікірін ашық білдіретін сол мінезі кейде алдынан шығып та жатады. Бірақ ешуақытта өзінікін бұрыс, дұрыс емес болды-ау деген емес. Қазақ «Туа біткен мінез сүйекпен кетеді» демей ме?.. Қариялылыққа бет бұрды, өз балаларының өзі ата-әже, ене. Сондықтан болар, көзге көрінген немерелеріне өте мейірімді, айтқандарын екі етпейді. Амандық болса, шөбере көретін кез де алыс емес.
Қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне қомақты үлес қосқан, әлі де жазғанынан жазары көп жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының жарына бүкпесіз әңгімесі үшін алғысымызды айтып, қоштастық. «Ағаларыңның тағы екі әйелі бар, бүгін соның біреуіне кетті» деп жазушының хатшысына кеткенін жеткізген әдемі қалжыңы ойымызға түсіп, риясыз күліп алдық. Қайран, қазақ әйелі арды ойлаған!.. Радиоқабылдағыштан дәстүрлі әнші Нұржан Жанпейісовтің орындауындағы Бексұлтан ағаның: «Әй, дүние-ай, шіркін,
Өтерсің бір күн
Өтеріңді еске сап жүр, дүркін-дүркін», – деген әні көңіл күйімізді одан сайын желпігендей күй кешіп келеміз...
Сұхбаттасқан
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ, Алматы