Тайландта коронавирус тағы 4 адамнан анықталды
Тайландта коронавирус тағы 4 адамнан анықталды
Тайландта коронавирус жұқтырудың 4 жаңа жағдайы тіркелді. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігінің эпидемиологиялық департаментінің директоры Суванчай Ваттханайингчарен мәлімдеді, деп жазады РИА Новости.
Департамент директорының айтуынша, Тайландтағы індет жұқтырғандардың жалпы саны 47 адамға жеткен.
«Жаңадан вирус жұқтырған екі науқас – Тайланд азаматы. Ал қалған екеуі – шетелдіктер. Алайда барлығы да дертті елден тыс аумақта жұқтырған», – дейді Суванчай Ваттханайингчарен
Аталмыш төрт науқастың бірі – 29 жастағы Италия азаматы Тайландқа 1 наурызда келген. 2 наурызда денсаулығына байланысты Чонбури провинциясындағы медициналық мекемеге барып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Сол күні-ақ оның қан сынамасынан коронавирус анықталды. Ал екінші науқас – Тайландтың 42 жастағы азаматы 2 наурызда Италиядан оралған. Ол да Чонбури провинциясындағы ауруханаға түсті. Вирусты жұқтырған үшінші адам – 22 жастағы қытайлық студент. Ираннан Қытайға Тайланд арқылы ұшқан жолаушы әуежайдың транзиттік аумағындағы медициналық тексерістен соң ауруханаға жөнелтілген. Төртінші науқас – 20 жастағы Тайланд азаматы. Ираннан 27 ақпанда оралған студенттен бастапқыда аурудың еш белгісі байқалмаған. Тек 2 наурызда ғана өзін жайсыз сезініп, дәрігерге қаралған.
Суванчай Ваттханайингчареннің дерегінше, елде коронавирус жұқтырған 47 адамның біреуі көз жүмса, 31-і жазылып, ауруханадан шығарылған. 15 адам дәрігерлер бақылауында.
Ал Италияда қауіпті індетке шалдыққандардың жалпы саны 2706 адамға жеткенін бұған дейін хабарлағанбыз. Елде коронавирустан 107 адам көз жұмды. Италияның азаматтық қорғаныс ұлттық қызметінің басшысы Анджело Борреллидің дерегі не сүйенсек, 276 адам дерттен сауығыққан.