«Отандастар» оқу залы ашылды
«Отандастар» оқу залы ашылды
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының бастамасымен «Отандастар» оқу залы ашылып, қазақ және орыс тілдерінде электронды нұсқасы жарық көрген «Қазақ әлемі» («Мир казахов») туындысы таныстырылды.
Ұлттық академиялық кітапхана аясында «Отандастар цифрлы кітапханасы» құрылды. Бұл қандастарымызға әлемнің кез келген жеріннен қалаған кітабын оқуға мүмкіндік береді.
«Отандастар» оқу залының ашылу салтанатына қоғам қайраткері, Мырзатай Жолдасбеков, түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, белгілі қаламгер Сұлтан Оразалин және журналистер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Бұл жұмыс ары қарай жалғасуы қажет. Өз басым «Отандастар» кітапханасына 100-ден аса кітап бердім. Ең бастысы – кітап халыққа жетуі керек, әсіресе шетелде жүрген қазақтарға», – деді түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы.
Сондай-ақ жиында сурет көрмесі ашылды. Әлем сұлулығын қылқаламмен бейнелеген атажұртқа қытай елінен келген Толқын Табысбек, Зерде Бақытбек, Қайрат Жәйірбекұлы, Жалын Бауырқан қатарлы суретшілердің туындылары ұсынылды. Қандастардың шығармашылығын көрермен қауым жоғары бағалады.
Тұсаукесерден соң, мемлекет және қоғам қайраткерлері, түркітанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қызметкерлерінің қатысуымен арнаулы дөңгелек үстел өтті.
Жиын барысында «Бұл біз көптен бері аңсап, армандап жүрген жобаның бірі еді. Осы уақытқа дейін «Отандастар қоры» ауыз толтырып айтар ауқымды істер атқарып келеді.
«Отандастар» оқу залына шетел қазақтарының кітаптар қоры қойылды. Кітапхана қоры 2 000 кітаптан асты. Одан бөлек
2 500 кітап шетелдегі қазақ мәдени орталықтарына таратылады», – деді «Отандастар қорының» вице-президенті Мағауия Сарбасов.
Шара барысында әлем елдеріндегі қандастар да онлайн түрде сөз сөйлеп, тілегін білдірді.