Жаңалықтар

Қазақстанның Польшадағы елшісі тағайындалды

ашық дереккөзі

Қазақстанның Польшадағы елшісі тағайындалды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Әлім Серікұлы Қирабаев Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Әлім Серікұлы 1972 жылы 16 сәуірде Алматы қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірді (1994 ж.), АҚШ-та тағылымдама өтіп (1993 ж.), ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының ҚР СІМ құрылымдық бөлімшелері басшыларының біліктілігін арттыру курсынан өтті. Дипломатиялық қызметін 1997 жылы ҚР СІМ Еуропа елдері басқармасының референті, кейіннен Көпжақты ынтымақтастық департаментінің атташесі лауазымдарынан бастады. 1997-1999 жж. - Бірінші департаменттің БҰҰ және халықаралық экономикалық ұйымдар басқармасының үшінші хатшысы. 1999-2000 жж. - Халықаралық экономикалық ынтымақтастық департаментінің екінші хатшысы. 2000 жылы Қазақстанның Египеттегі Елшілігіне екінші хатшысы ретінде жұмысқа жіберілді. 2003 жылы Қазақстанға оралғаннан кейін Еуропа және Америка департаментінің, ҚР СІМ Аппаратының, Халықаралық гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастық департаментінің кеңесшісі қызметін атқарады. 2005-2006 жж. - Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінің бірінші хатшысы. 2006-2007 жж. - Ақпараттық-талдау департаментінің Ақпараттық-талдау жұмыстары және болжамдық бағалау басқармасының бөлім басшысы. 2007-2010 жж. – Америка департаментінің басқарма басшысы, кейіннен директорының орынбасары. 2010 жылдан 2019 жылға дейін ҚР СІМ Сыртқы саяси талдау және болжамдау департаментінің директорының орынбасары және директоры қызметін атқарды. Қазақстанның Польшадағы Елшісі лауазымына тағайындалғанға дейін ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі қызметін атқарған. ІІ сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар. Ағылшын тілін меңгерген.