Алаяқтардың сапындағы “арулар”

Алаяқтардың сапындағы “арулар”

Алаяқтардың сапындағы “арулар”
ашық дереккөзі
  Қоғамның бүгінгі келбетіне қарап, қазақтың «Біреудің ала жібін аттама» дейтін тәрбиелі сөзінің аяқасты болғанына көзіміз жете бастағандай. Тіпті, бүгінгі күні алаяқтық жағдайлар жиі тіркелгенімен қоймай, мұндай теріс әрекеттердің түрлі әдіс-тәсілдері пайда болыпты. «Кезексіз пәтер алып беремін», «банктен үлкен сомада несие алуға көмектесемін», «жер алуға жәрдемдесемін» деген секілді уәдені үйіп-төгетін алаяқтар өзінің құрбанын оңай қақпанға түсіреді. Онсыз да үй алуға кезегі жетпей қажып жүрген кейбір жандар мұндай батпанқұйрықтан қалай бас тартсын?! Кейбірі еш ойланбастан, әлгі алаяқтардың қолына сұраған қаражатын ұстата салады. Олардан еш құжат та талап етпейді. Ал олардың алаяқ екендігін тек соңғы сәтте ғана ұғынып, құқық қорғау орындарынан көмек сұрап жатады. Құқық қорғау қызметкерлері де қазір алаяқтық фактілерінің жиі тіркелетініне алаңдаулы. Өткен жылы республикада құқық қорғау органдары 30 мыңнан астам түрлі алаяқтық фактілерін анықтаған. Ала жіпті аттап, алаяқтық жасағандардың қатары былтыр 2014 жылмен салыстырғанда 11 пайызға өскен. ҚР Ішкі істер министрлігінде тіркелген алаяқтық фактілер жөнінен алдыңғы орында Астана мен Алматы қалалары, одан кейін Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстары тұр. Ресми деректер бойынша, өткен жылы орын алған алаяқтық әрекеттердің 82,5 пайызы ұсақ және орташа деңгейдегі қылмыстық фактілер екен. Сондай-ақ, алаяқтық әрекеттер тұтынушыларға қызмет көрсету саласында жиі көрініс табады.

 «Баспана алып беремін»

Өткен жылы Алматы облысында 70-ке жуық азамат жылжымайтын мүлікке қатысты алаяқтық әрекеттердің құрбаны болған. Облыстық полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, Талдықорған қаласында мемлекеттік бағдарламамен кезексіз пәтер алу бойынша тіркелген алаяқтық фактілері көбейе түсуде. Мамандар сөзіне назар аударсақ, жаңа пәтер алуды армандап жүргендер көбіне мәселенің мәнісін түпкілікті ұғына бермейді. Тіпті, олар әлеуметтік бағдарлама арқылы берілетін мүлікті тез арада иеленгісі келетін көрінеді. Сөйтіп, әлгіндей алаяқтардың қақпанына түсіп, соңында қолындағы қаражатынан да, баспанадан да қағылады. Ал алаяқтар мұндай жандардың осал тұсын жақсы біліп алған. Мәселен, жыл басында Талдықорған қаласының полиция қызметкерлері алаяқтық істерге қатысы бар 28 жастағы азаматты қолға түсірді. Оның алаяқтық істерге қатысы бар екендігі әшкере болып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің үстінен қалалық Ішкі істер басқарамасына талдықорғандық бірнеше тұрғын арызданыпты. Зардап шегушілердің бірі: «Менің танысым пәтер алуға кезекті айналып өтуге көмектесе алатын бір адамды танитындығын айтқан. Ол кісімен 2015 жылдың сәуір айында жолығып, мен оған 4 мың доллар көлеміндегі ақша бердім. Ол сәйкесінше пәтерді мамыр айында алатындығымды айтты. Алған сомасын растайтын түбіртегін берді. Алайда мамыр айында ол тағы да ақша сұрады, маусымда тағы да, барлығы оған 5 мың доллардан астам ақша бердім. Ал пәтерді сол күйі ала алмадым», – деп шағымданған. Қолға түскен алаяқ азамат зардап шегушілердің тағы біріне Арендалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша жылдам пәтер алып беруге уәде етеді. «Бұл азаматты 3 жылдан бері танимын. Ол арендалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер алуға көмектесе алатындығын айтты. Бір жағынан, ол нақты алып бере аламын деп тұрған соң, екінші жағынан кезекте қанша жыл тұрсақ та, оның жылжымайтындығын ескеріп келісімімізді бердік. Сәуір айында сұраған ақшасын қолына ұстаттық. Ал ол маусым айында бізге пәтер алып беретіндігіне сендірді. Содан кейін тамыз, қыркүйек, қазанға дейін созып, соңында 31 желтоқсан күні болады деген. Бірақ содан кейін ол мүлдем хабарсыз кетті», – дейді зардап шегуші. Талдықорған қалалық Ішкі істер басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, бұл азамат алғашқы алаяқтығын 2013 жылы жүзеге асырған. Ал құқық қорғау қызметкерлерінің қолындағы қазіргі 3 арыз да 2015 жылғы оқиғалар бойынша түсіп отыр. «Баспана алып беремін» деп талай жанды сан соқтырып кететін алаяқтар Алматы қаласында да көп. Мәселен, өткен жылдың шілде айында Алматы қалалық Ішкі істер департаменті 15 адамды «арзан бағада баспана алып беремін» деп алдап соққан алаяқты құрықтады. Полиция қызметкерлерінің мәлімдеуінше, қолға түскен әйел бұған дейін алаяқтық фактілері бойынша жауапқа тартылған. Еш жерде жұмыс істемейтін әйел адамдарға өзін жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы ретінде таныстырып, осы салада ықпалды танысының бар екендігін айтқан. Сол арқылы жақсы пәтерлерді тиімді сатып алуға көмектесуге уәде береді. Ал мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысқан азаматтар өздері танымайтын азаматшаға сұраған ақшасын беруге келіскен. Алаяқ әйелдің «көмегі» туралы бір-бірінен естіген жандар, азаматшаның клиенттерінің қатарын көбейткен екен. Полицейлер «арзан пәтер алып беретін» алаяқты тұрғындардың көптеген арызынан кейін ғана ұстады. Үстіміздегі жылдың ақпан айының басында Алматы полицейлері осыған ұқсас жағдай бойынша тағы бір азаматты қолға түсірді. 28 жастағы Тимур Алишев Алматы қаласында тұрғындарға мемлекеттік бағдарлама бойынша кезексіз баспана алып беруге уәде етіпті. Алматы қаласы, Наурызбай аудандық Ішкі істер басқармасының мәлімдеуінше, азамат халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдында жүріп, тұрғындарға белгілі бір сыйақыға мемлекеттік бағдарлама бойынша кезексіз баспана алып беруге көмектесе алатындығын айтып, ұсыныс білдірген. Ол өзін тұрғындарға әкімдіктің қызметкері ретінде таныстырған. Әрі өзінің мұндай қызметі үшін білгілі бір мөлшерде ақша сұрайды. Ақшаны алғаннан кейін алаяқ жігіт телефон нөмірлерін ауыстырып, жасырынып жүреді. Сол аралықта Тимур Алишев жәбірленушілердің 22 мың АҚШ доллар көлеміндегі қаржысын қалтаға басып үлгеріпті. Қазіргі уақытта азаматтың бұл әрекеті ҚР Қылмыстық Кодексі 190-бабының 3-тармағы бойынша (сенімді теріс мақсатта пайдалану, алдау жолымен ірі көлемде мүлік ұрлау) ауыр қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастырылып, күдікті тұтқынға алынды.

Несие алып беруге ниеттілер көп

Қара халықты алдап соғу деректерінің тағы бірі несиеге байланысты. Оның ішінде екінші деңгейлі банк қызметкерлерінің қатысуымен орын алатын алаяқтық қылмыстар да жиі кездеседі. Алаяқтықты кәсіп еткендер көбіне бұқаралық ақпарат құралдарына тұтынушылық несие алу мүмкіндігі туралы түрлі хабарландырулар беру арқылы өздерінің айла-тәсілдерін жүзеге асырады екен. Мұндай алаяқтар тұтынушыларға «қысқа мерзімде әрі ешқандай кепілсіз және табыс көзін растайтын анықтамасыз кез келген банктен несие алып береміз» деп уәде етеді. Соңында алданған тұрғындар банк алдында берешек болып қалғандарын кеш ұғынады. Өткен жылы барлығы 260 жеке тұлғаға кепілсіз несиелерді рәсімдеген алаяқтар банкке жалпы сомасы 727 млн. 190 мың 803 теңгенің мүліктік залалын келтірген. Аталған шығынды келтірген алаяқтар еш жерде жұмыс істемейтін әрі несие талаптарына жауап бере алмайтын адамдардың атынан несие рәсімдеуде асқан айлакерлікпен банктердің көзін байлауға тырысады. Азаматтардың табыс көзін растайтын жалған құжаттар дайындап, қаржы секторларының талабын орындайды екен. Мәселен, 2014 жылдың 10 айында Астананың бір ғана Сарыарқа ауданында біреудің атынан несие алып банкті де, төлқұжат иесін де тақырға отырғызған алаяқтардың 65 оқиғасы тіркеліпті. Ал мұндай қылмыскерлерді табу оңайға түспейді. Алдап-арбаудың түрлі тәсілін тапқан мұндай алаяқтардың банктерде таныстары да бар. Ақшаға мұқтаж болып жүрген жандар алаяқтардың құрығына оңай түсіп қалады. Өткен жылы Шымкент қаласында да осындай алаяқтар 5 бірдей жергілікті тұрғынды тақырға отырғызып кетіпті. «Ислам банкінен 1-5 миллион теңге аралығында жеңілдетілген пайызбен несие алып беремін» деп уәде берген алаяқ тұрғындардан 500-700 мың теңге аралығында қаражат талап етеді. Яғни, несиенің 10 пайыздық үлесін сұраған. Сөйтіп, бесеуі де не несиені, не алдын ала берген ақшаларын қайтара алмаған. Өздерінің алданғанын түсінген тұрғындар құзырлы органдарға шағымданып, нәтижесінде алаяқ әйел темір торға қамалады. Сондай-ақ, өткен жылы Алматы қаласындағы автосалондардан 1,5 миллиард теңгенің 140 автокөлігі қолды болған. «Арзан несиемен темір тұлпар алып беремін» деп екі тарапты да алдап соққан 15 адамнан жасақталған қылмыстық топ жыл соңында қолға түсіп, жауапкершілікке тартылған. Олар қымбат көліктерді арзанға алып беретіндіктерін айтып, талай адамға миллиондаған несие алғызып, сол ақшаны өздері қалтасына басып, зым-зия жоғалып кеткен. Бұл алаяқтардың арбауына түскендер саны 150-ге жеткен. Осыдан бірнеше жыл бұрын 350 адамды алдап соққан алаяқ та 2015 жылы қолға түсіп, Астана қаласына жеткізілген болатын. Прокурорлардың айтуынша, алаяқ адамдарды сендіру үшін арнайы сценарий құрыпты. Ұлыбритания банктерінің бірімен келісімге отырғанын айтқан алаяқ «кепілсіз әрі пайыздық үстемақысы төмен несие беремін» деген желеумен халықтан алғашқы жарна есебінде қаражат жинайды. Тіпті, бұл іспен айналысу үшін ол арнайы серіктестік те құрады. Сөйтіп, елдің сеніміне кірген алаяқ несиені үлкен көлемде алу үшін алдымен 15 мың доллар көлемінде қаражат салу қажеттігін айтады. Кейін Ұлттық банкке сұрау жіберіп, Қазақстанда әлгі адам айтқан келісім түгілі, Ұлыбританияда ол айтқан банктің жоқ екендігі де белгілі болады.

Ғаламтор алаяқтары да тек жатпайды

Алаяқ адам алдау үшін түрлі айла-тәсілдер ойлап табады. Ығына жығылған кез келген кісінің қолындағысын қағып кетуге дайын тұрады. Олардың қалай алдайтынын да, құрығына қалай түскеніңді де аңғармайсың. Қазір алаяқтар өздерінің арам пиғылдарын ұялы телефон арқылы да жүзеге асырады. Мәселен, кез келген адамға полиция қызметкері болып қоңырау шалып, «ұлыңыз (жұбайыңыз, әкеңіз, бауырыңыз) қылмыс жасап, ұсталды, егер қазір ақша әкелсеңіз, істі жауып тастауға болады» дейді. Ал жақынын жамандыққа қимайтын жандар бірден қолындағы барын ешнәрсе сұрамастан алаяқтарға өз қолдарымен береді екен. Алаяқтар көбіне әлеуметтік желілердегі ақпараттарды пайдаланады. Мұндай алаяқтарды табу да, қолға түсіру де қиын. Сондай-ақ, ғаламтор арқылы банкомат карталарынан, төлем карталарынан ақша ұрлайтын алаяқтар да жетерлік. Өткен жылдың басында Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті криминалдық полиция қызметкерлері азаматтардың банкомат карталарының құпия мәліметін интернет арқылы ашып, есепшоттардан ақша алғысы келген адамды қолға түсірді. Әуелі облыстық Ішкі істер органына қазақстандық банктердің бірі әлдекімнің банк атынан интернет-қауымдастық қолданушыларына хабарлама таратып жүргенін хабарлайды. Күдікті өз хабарламаларында көбейіп кеткен алаяқтық жағдайларына байланысты белгілі бір кестені толтыруды талап еткен. Осылайша, ол қазақстандықтардың құпия мәліметтерін, яғни банк картасының құпия коды мен құпия сөзін алмақ болады. Сонымен қатар, интернет-алаяқтың екі бірдей банктің атынан хабарлама таратқаны белгілі болды. 2014 жылдың соңында ол адамдардың банк карталары арқылы коммуналдық қызметтер мен телефон байланысының төлемін жасаған. Әдетте алаяқтар адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізуді көздейтін қасиеттерін пайдаланады. Ал адамдар мұндай алаяқтарға алданбаймын десе де, ондай жылпостардың қармағына қалай түсіп қалғандарын байқамай қалады. Қалай десек те, қазір қоғамда алаяқтардың жолы болып-ақ тұр. Енді мына бір ресми мәліметке назар салып көрелік. 2015 жылдың сәуір айында ұсынылған мәліметтер бойынша, алаяқтық әрекет жасайтындардың 90 пайызы әйелдер екен. Ұрпағына тәрбие беріп, айналасына әдемілік сыйлайтын әйелдердің осындай әрекетпен айналысуды әдетке айналдырғаны өкінішті-ақ. Әйелді ардақтайтын қазақтың ақ жаулықтылары, шаңырақтың шырақшысы мен берекесіне айналған аяулы арулардың неліктен мұндай қадамға баратындығын анықтау да қиын. Естеріңізде болса, бұрынғы Кеңес Одағы тұсында ең ірі алаяқтық оқиға МММ компаниясына байланысты болатын. 90-жылдары аталмыш қаржы пирамидасының қызметінен 15 миллионға жуық адам зардап шеккен еді. Бұл қаржы пирамидасын құрған Сергей Мавроди қазіргі уақытта Африкада жүрген көрінеді. Өткен күннің еншісінде қалған мұндай алдап-арбаулар бүгінгі күні елімізде қайтадан қаптап кетті. Мавродидің жүйесі секілді компаниялар да қазір қазақстандықтардың біразын қақпанға түсіріп үлгерді. Желілік маркетинг дегенді желеу етіп, талай жанды «байытуға» ниетті компания өкілдерінің сөзін тыңдағанда кез келген адам есінен адасып қала жаздайды. Бұрындары «гипноздап тастады» дегенді жиі еститін едік. Бүгінгі алаяқтардың әрекеті де содан еш кем болмай тұр. Әйтпесе, ақыл тоқтатқан адамдардың мүлдем танымайтын белгісіз біреудің сөзіне имандай сеніп, қолындағы барын бере салуы мүмкін емес. Дегенмен, құлқынын көк қағаз тескен алаяқтар мұндай әрекеттің уақытша ғана алданыш екенін түсінуі тиіс. Ал халық арзан олжаға кенелеміз деп алаяқтың алақанына ақшаны салып беріп жатқанда бір сәт ойлануы қажет. Қазіргі қоғамда жанашырлық пен қамқорлық, сенім деген сезімдердің жоққа тән болғанын ескерсек, әрбір адам өзі үшін, өзінің әрекеті үшін жауапты болғаны абзал.

Әсел ӘНУАРБЕК