Жемқорлық жайлаған оқу орындары

Жемқорлық жайлаған оқу орындары

Жемқорлық жайлаған оқу орындары
ашық дереккөзі
Jas Otan Қазақстандағы жем­қорлықпен аты шыққан 7 бір­дей жекеменшік ЖОО-ның ті­зі­мін жариялады. Отандық жоғары оқу орындарының жемқорлыққа бейім екендігіне әрбір сегі­зінші студенттің көзі жетіп отыр. Nur Otan партиясы Jas Otan Жастар қанатының төра­ғасы Елнұр Бейсенбаев «Таза сессия» акция­сының екінші кезеңінің қорытын­дысын айтты. Анонимді сауалнамаға елі­міздегі 64 жекеменшік жоғары оқу орнында оқып жатқан 20 мыңнан астам студент қатысқан. «Көптеген студенттер пара беруді ЖОО оқымай-ақ бітірудің жолы сияқты көреді. Десек те, оқытушылардың өздерін осындай жағдайда оқу бітірген, түлектерінің алдағы тағдыры алаңдатып отырған жоқ. Jas Otan Жастар қанатының белсенділеріне сту­денттер көптеп хабарласып, көмек сұрай­ды. Сауалнамалар негізінде студенттердің жем­қорлық фактілерін көрсеткен 7 жоғары оқу орнының рейтингі жасалды. Бұлар: Нұр-Сұлтан қаласындағы Медициналық уни­верситет, Жетісай қаласындағы «Сыр­дария» университеті, Алматыдағы Қазақ туризм және спорт академиясы, Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университет, Алматыдағы Орталық Азия университеті, «Алматы» уни­верситеті, С.Баишев атындағы Ақтөбе уни­верситеті», – деді Елнұр Бейсенбаев. Респонденттердің пікірінше, жемқор­лық фактісі ең көп емтихан және есеп тапсыру кезінде (23,8%), дипломдық жұмыс қорғау кезінде (8,7%) көрініс беріп отыр. Ал «ЖОО студенттері параны кімге көп береді?» деген сұрақ бойынша студенттердің 30%-ы конвертті оқытушыларға беретіні, ал 4,4%-ы ректорларды тікелей сатып алаты­ны анықталды. Ұсынылатын параның мөл­шері де ерекше назар аударуды қажет ете­ді. Жасотандықтардың дерегіне сүйен­сек, Қазақстан бойынша сессияны жабу ба­ғасы 22 мың теңгені құрайды, бір пәнді тап­сыру 14 мың болса, курстық жұмыс 32 мың теңге тұрады екен. Сонымен қатар Nur Otan партиясы жа­нындағы Jas Otan Жастар қанатының же­текшісі Елнұр Бейсенбаев елімізде 92 720 сту­дентке жатақханадан орын жетіспей­тінін айтты. Оның айтуынша, ЖОО мен колледждерде оқитын әрбір 4-ші студент жатақханаға мұқтаждығын айтқа­ны­мен, олардың 33%-ына орын берілмеген. Jas Otan-ның 2 мыңнан аса белсендісі мен студенттер бірлесе отырып, еліміз бойынша 270 жатақханаға тексеру жүргізді. Ұйым­дастырушылар тексеру нәтижелерінің көңіл көншітпейтінін айтып отыр. Осылайша, жасотандықтар Қазақ­стан­дағы ең нашар студенттер үйінің тізімін жасады. Олардың қатарына төмендегі оқу орындарының жатақханалары кірді:
  1. «Қайнар» университеті;
  2. «Алматы» университеті;
  3. Satbayev university;
  4. Шымкент қаласындағы № 4 колледж;
  5. Жол-көлік колледжі, Шымкент қаласы;
  6. Нұр-Сұлтан қаласындағы Жоғары политехникалық колледжі;
  7. Шығыс Қазақстан облысындағы Ауылшаруашылық колледжі;
  8. Қостанай қаласындағы Инженерлік-экономикалық университеті;
  9. Тараз политехникалық колледжі;
  10. Қаратау қаласындағы №2 колледж;
  11. Петропавл қаласындағы Гума­ни­тарлық-техникалық колледжі;
  12. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі;
  13. Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі;
  14. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақ­стан аграрлық-техникалық университеті;
  15. Қызылорда облысындағы «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты.
Айта кетейік, бұған дейін осы мәселе ағым­дағы жылдың ақпан айында Nur Otan партиялық бақылау комитетінің отыры­сында талқыланған еді. Сол жиында Ко­митет мүшелері Білім және ғылым ми­нистр­лігінің сту­денттер, магистранттар және докторант­тарды жатақханалардағы орындармен қам­тамасыз етуге бөлінген бюджет қара­жатының тиімсіз игерілгенін атап өткен болатын. Еске сала кетейік, Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында 2022 жылдың соңына дейін бүкіл Қазақстан бойынша 75 мың орындық жатақхана салу жоспарланып отыр.