Ел басқару ерлердің ғана ісі ме?
Ел басқару ерлердің ғана ісі ме?
Адамзат тарихында Үкімет басшысы болған тұңғыш әйел, әлемді мойындатқан сара саясаткер Маргарет Тэтчерді білмейтін адам кемде-кем. Сұхбат кезінде журналистердің бірі «темір ханымнан»: «Неге әйелдер кез келген шаруаны дөңгелетіп кете алады?» – деп сұрапты. «Кім өз үйіндегі шаруашылықты білікті басқара алса, ол мемлекеттің де шаруасын шашауын шығармай жүргізе алады» деген екен Тэтчер. Саясаткердің бұл сөзі ақиқат екеніне еліміздегі басқарушы органдарда табысты қызмет етіп жүрген еңбекқор келіншектер, іскер ханымдар дәлел.
Бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы – әйелдер
Жүрегіне мейірім мен махаббат ұялаған әйел заты – өмірдің мәні, тіршіліктің тірегі. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерек. Әйел – сұлулықтың символы, отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамды ізгілікке үндейтін тағылымды тірліктердің жаршысы, әлеуметтің әлеуетін арттыратын ілкімді істердің бастамашысы. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, бүгінде ел экономикасындағы әйел адамдардың үлесі – 50 пайыз. Яғни, шағын және орта бизнесті алға жетелеп жүргендердің тең жартысы қыз-келіншектер. Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дерегіне сүйенсек, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 44,7 пайызға жеткен. Мемлекеттік қызметтің «А» корпусындағы нәзік жандылардың көрсеткіші 14,8 пайыз болса, «Б» корпусында 55,9 пайызға жетеғабыл. Жалпы алғанда, барлық педагогтердің 73 пайызын, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызын және бюджет саласы қызметкерлерінің 60 пайызын әйелдер құрайды. Заң шығарушы органға келсек. Парламенттің жоғары палатасындағы 47 депутаттың алтауы – әйел. Яғни, Сенаттағы нәзік жандылардың үлесі – 12,7 пайыз. Мәжілісте барлығы 107 депутат болса, оның 29-ы – әйел (27,1 пайыз).